TikTok Қазақстанда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалануға бағытталған білім беру бастамасын іске қосады. Жоба пайдаланушыларға ЖИ көмегімен жасалған контентті ажыратуға және жаңа технологияларды саналы қолдануға көмектесуді көздейді. Осы мақсатта платформа арнайы нұсқаулықтар мен білім беру құралдарын ұсынады.
ЖИ көмегімен жасалған контентті қалай білеміз?
Бастама аясында TikTok медиа сауаттылық саласындағы NAMLE білім беру қауымдастығымен және жасанды интеллект мәселелері жөніндегі сарапшы Генри Айдермен бірлесіп арнайы нұсқаулық әзірледі. Онда ЖИ құралдарын жауапкершілікпен пайдалану және жасанды интеллект арқылы жасалған материалдарды ажырату жөнінде кеңестер берілген.
Сонымен қатар платформада ЖИ контентін тануға арналған жаңа білім беру хабы іске қосылды. Мұнда пайдаланушылар жасанды интеллект арқылы жасалған бейнероликтердің ерекшеліктерін анықтау және мұндай материалдардың қалай белгіленетінін біле алады.
TikTok ЖИ көмегімен жасалған контенттің ашықтығын арттыруға да мән беріп отыр. Ол үшін Content Credentials жүйесі және басқа да технологиялық шешімдер қолданылады. Қазір платформада 3 миллиардтан астам бейнеролик жасанды интеллект көмегімен жасалған контент ретінде белгіленген.
Мұндай белгілер пайдаланушыға көріп отырған материалдың ЖИ арқылы жасалғанын немесе өңделгенін түсінуге мүмкіндік береді. Осылайша платформа жасанды және шынайы контенттің аражігін ажыратуды жеңілдетуді көздейді.
Жалған аккаунттар мен ЖИ спамына қарсы шаралар күшейеді
TikTok жасанды интеллектінің көмегімен көп мөлшерде спам жариялайтын аккаунттарға қарсы күресті де күшейтпек. Қазір платформа осындай парақшаларды анықтауға арналған жаңа жүйелерді сынап жатыр.
Компания дерегінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында әлем бойынша 86 миллионнан астам жалған аккаунт жойылған.
Жасанды интеллект туралы сауаттылықты арттыруға да қомақты қаржы бөлініп отыр. TikTok осы бағыттағы білім беру бағдарламаларын дамытуға 4 миллион доллардан астам қаражат бағыттаған.
Компания мәліметінше, 2025 жылдың қарашасында басталған бағдарлама аясында жарияланған ЖИ туралы білім беру контенті 200 миллионнан астам қаралым жинаған.
Қазақстанда іске қосылатын жаңа бастама да осы жұмыстың жалғасы болмақ. Оның негізгі мақсаты – пайдаланушыларға ЖИ мүмкіндіктерін дұрыс қолдануды үйретіп қана қоймай, цифрлық кеңістіктегі жасанды контентті тану және ақпаратқа сын көзбен қарау дағдыларын дамыту.