Әлемнің әр түкпіріндегі миллиондаған адам ChatGPT-ге сұрақ қойып, санаулы секундта мәтін немесе сурет жасатып отыр. Ал Чилидің Киликура қаласында тұрғындар бір күн бойы жасанды интеллектінің жұмысын өз қолымен атқарды. 50-ден астам ерікті 25 мыңнан аса сұраққа жауап беріп, тіпті қолданушылар сұраған суреттерді қарындашпен салып берді.
Бұл жай ғана қызық үшін жасалған тәжірибе емес. Киликура тұрғындары осылайша жұрттың назарын жасанды интеллектінің көп айтыла бермейтін бір қырына аудармақ болды. Біз экраннан дайын жауапты ғана көреміз. Ал сол жауаптың артында тәулік бойы жұмыс істейтін алып дата-орталықтар, мыңдаған сервер, электр қуаты және оларды салқындатуға жұмсалатын су бар. Бұл әсіресе он жылдан бері қуаңшылық зардабын тартып келе жатқан Чили үшін өзекті.
ЖИ индустриясының тағы бір қажеттілігі бар. Ол – жад. Үлкен тілдік модельдерді үйрететін серверлерге орасан көлемде жедел жад керек. Бір сервердің өзіне 1,5 терабайтқа дейін, кейде одан да көп DRAM керек болуы мүмкін.
ЖИ-ге қажет есептеу қуаты артқан сайын дата-орталықтар жадты жаппай сатып алып жатыр. Өндірушілер де табысы жоғары HBM жадына көбірек ден қойды. Мұның салқыны кәдімгі компьютер мен смартфон нарығына тиіп отыр. Яғни DDR4 пен DDR5 өндірісіне түсетін салмақ өзгеріп, баға өсіп келеді.
2023 жылы HBM бүкіл DRAM нарығының небәрі 2 пайызын құраған. Ал 2026 жылы оның үлесі 40 пайыздан асуы мүмкін деген болжам бар.
Сөйтіп, ЖИ дәуірі бір-бірінен мыңдаған шақырым қашық жатқан екі мәселені қатар ушықтырды. Яғни, Чилиде жұрт су қорына алаңдаса, әлемдік электроника нарығы жад тапшылығымен бетпе-бет келіп отыр.
Қуаңшылық жайлаған жерде неге дата-орталықтар көбейіп жатыр?
Чили бірнеше жылдан бері ауыр қуаңшылықты бастан өткеріп келеді. Су қоры азайды, орман өрті жиіледі, шаруалар өнімінен айырылып жатыр. Соған қарамастан әлемнің ірі технологиялық компаниялары дәл осы елде дата-орталықтарын көбейте бастады.
Сантьяго маңындағы Киликура – соның айқын мысалы. 275 мыңға жуық тұрғыны бар бұл өнеркәсіптік аймақ бүгінде Чилидегі цифрлық инфрақұрылымның ірі орталықтарының біріне айналған. Мұнда Amazon, Google және Microsoft компанияларының дата-орталықтары бар, сонымен қатар жаңа нысандар салу жоспарланған.
Google Латын Америкасындағы алғашқы дата-орталығын 2015 жылы осы жерде ашты. Қазір Киликурада кемінде бес дата-орталық жұмыс істейді. Microsoft пен Ascenty-дің тағы екі жобасы келісу сатысында.
Неліктен дәл Чили? Бұған бірнеше себеп бар. Байланыс және электр желілері тұрақты, ауа райы серверлерді салқындатуға қолайлы. Бұған қоса, жерасты суына қол жеткізу мүмкіндігі бар.
Мәселе де осы жерден басталады. Мыңдаған сервер үздіксіз жұмыс істеген кезде қатты қызады. Оларды салқындату қажет. Кейбір дата-орталықтар осы мақсатта суды буландырып салқындататын жүйені пайдаланады.
Дүниежүзілік экономикалық форум келтірген есеп бойынша, қуаты бір мегаватт дата-орталық бір жылда 25,5 миллион литрге дейін су жұмсауы мүмкін.
Google секундына 50 литр су алуға құқық сұраған. Бұл шамамен 8 500 отбасының бір күнде пайдаланатын суына тең. 2023 жылы компания шамамен 398 миллион литр су тұтынған. Қуаңшылық жайлаған өңір тұрғындарын алаңдататын да осы.
Socioambiental Quilicura қозғалысының белсендісі Родриго Вальехос:
«Киликура құрғап барады», - дейді.
Оның айтуынша, дата-орталық орналасқан жердегі жерасты суы елдегі ең ірі сулы-батпақты алқаптардың бірімен жалғасып жатыр. Ал бұл аумақ соңғы он жылда біртіндеп тартылған.
Жергілікті мұғалім Мигель Мора да жерасты суының деңгейі төмендегенін айтады. Оның сөзінше, мұның салдары қазірдің өзінде байқалады: аптап күшейген, өсімдік сиреген, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне зиян келген.
Технологияның Латын Америкасына ықпалын зерттеп жүрген Пас Пенья мәселенің әлеуметтік жағына назар аударады. Оның айтуынша, дата-орталықтар көбіне өнеркәсіптік аудандарға салынады. Себебі мұнда байланыс желісі жақсы дамыған. Сонымен бірге мұндай аудандарда экологияға салмақ түсіретін өндіріс орындары бұрыннан көп.
Жасанды интеллектінің орнына адамдар жауап берді
Осы мәселеге назар аударту үшін Quili.AI жобасы дүниеге келді. Жергілікті Corporación NGEN экологиялық ұйымы 12 сағатқа созылған ерекше тәжірибе ұйымдастырды. Бұл жолы қолданушының сұрағына компьютер емес, кәдімгі адам жауап берді.
50-ден астам ерікті ноутбук алдына отырып, әлемнің әр жерінен келген сауалдарды қабылдады. Чилидің ұлттық тағамы немесе дәстүрі туралы сұрақ түссе, жауап тез дайындалды. Ал еріктілер білмейтін тақырып кездессе, оны өзара талқылады.
Ең қызығы – олар бәрін білуге тырысқан жоқ. Жауапты білмесе, ашық айтты. Қажет болса, қолданушыдан қосымша мәлімет сұрады. Кейде жеке пікірін білдірді. Жобаны ұйымдастырушы Лорена Антиманның айтуынша, акцияның мақсаты – ЖИ қолданудың көзге көрінбейтін құнын көрсету.
Quili.AI-дың ұстанымы қарапайым: кез келген сұрақтың жауабын дәл қазір алу міндетті емес. Акцияға 67 елден 25 мыңнан астам сұрау түсті. Қолданушыларға әр жолы:
Сұрағыңызға адам жауап беріп жатыр. Сәл күтіңіз, – деген хабарлама шықты.
Бір қолданушы тіпті «қар үстінде ойнап жүрген жалқауаңды» салып беруді өтінген. Жергілікті жасөспірім он минуттан кейін оның суретін қарындашпен салып жіберді.
Бастапқыда Quili.AI бір күндік арт-жоба ретінде ғана жоспарланған еді. Алайда 2026 жылғы 31 қаңтардағы акциядан кейін бастама басқа арнаға бұрылды. Енді ұйымдастырушылар жергілікті билік өкілдерімен жұмыс істеп, ЖИ инфрақұрылымына қойылатын экологиялық талаптарды күшейтуді көздеп отыр.
ChatGPT-ге бір сұрақ қоюға қанша су кетеді?
Бұл сұраққа бір ғана нақты санмен жауап беру қиын. Су шығыны сервер орналасқан жерге, салқындату жүйесіне, ауа райына, электр қуатының қайдан алынатынына және есептеу көлеміне қарай өзгеріп отырады.
Дегенмен әртүрлі зерттеулерде шамамен алынған есептер бар. Кейбір бағалаулар бойынша, ChatGPT-ге жіберілген бір сұраудың су ізі 10-25 миллилитр шамасында болуы мүмкін. Яғни 20-50 сұрауға жарты литрдей су кетуі ықтимал.
Басқа есептеулерде GPT-4 арқылы 100 сөз жаздыру үшін 1,5 литрге дейін таза су қажет болуы мүмкін деген көрсеткіш айтылады. Егер 100 миллион адам бір-бір сұрақтан қойса, бір аптадағы су шығыны 2,5 миллион литрге дейін жетуі мүмкін деген есеп те бар.
Сондықтан «ChatGPT-ге бір сұрақ қойсаң, міндетті түрде осынша литр су кетеді» деп кесіп айту дұрыс емес. Бұл көрсеткіштер нақты бір сұрауға тікелей құйылатын суды емес, ЖИ жұмыс істейтін инфрақұрылымның су ізін бағалауға арналған.
Технология дамиды, ал оның экологиялық құнын кім төлейді?
Мәселе тек Чилимен шектелмейді. 2023 жылы Уругвай соңғы 74 жылдағы ең ауыр қуаңшылықтың бірін бастан өткерді. Монтевидеода ауызсу тапшылығы туып, билік су жүйесіне тұзды су араластыруға мәжбүр болды.
Дәл осы тұста Google жаңа дата-орталық салуды жоспарлады. Алғашқы жоба бойынша, орталық тәулігіне 7,6 миллион литр су тұтынуы мүмкін еді. Бұл 55 мың адамның бір күндік су қажетіне шамалас. Кейін Уругвай билігі бұл есептің ескіргенін, Google жобаны қайта қарағанын мәлімдеді.
Чилиде де осыған ұқсас жағдай болды. Google 2020 жылы Серрильос ауданында дата-орталық салуға рұқсат алған. Алайда жобаға қатысты экологиялық дау туып, сот оның іске асуын тоқтатты. Негізгі мәселенің бірі – салқындату жүйесіне қажет су көлемі еді.
Содан кейін Google жобаны өзгертіп, сумен емес, ауамен салқындататын жүйеге көшетінін мәлімдеді. Мұның өзі мәселенің шешімі бар екенін көрсетеді.
Мысалы, Ascenty суды қайта айналдырып пайдаланатын тұйық салқындату жүйесін қолданады. Мұндай технология сырттан алынатын су мөлшерін барынша азайтады.
Басқа дата-орталықтар ауамен салқындатуға көшіп жатыр. Бұдан бөлек, тазартылған ағын суды қайта пайдалану, теңіз суын тұщыту немесе геотермалдық мүмкіндіктерді қолдану жолдары қарастырылып келеді. Бірақ олардың бәрі қосымша қаражатты қажет етеді.
ЖИ-дің екінші «тәбеті» – жад
Чилиде жұрт су қорына алаңдап жатқанда, әлемнің екінші бір бөлігінде технология индустриясы басқа ресурсқа таласып жатыр. Ол – жедел жад.
2025 жылдың үшінші тоқсанында DRAM-ның келісімшарттық бағасы бір жылда 171,8 пайызға өскені айтылады. Бөлшек саудада кейбір жад модульдерінің бағасы 163 пайыздан 619 пайызға дейін қымбаттаған.
2025 жылдың соңында өсім тоқтаған жоқ. Төртінші тоқсанда келісімшарттық баға орта есеппен тағы 40-50 пайыз көтерілген.
TrendForce болжамы бойынша, 2026 жылдың басында DRAM бағасы бір тоқсанның өзінде 55-60 пайызға, NAND флеш-жады 33-38 пайызға қымбаттауы мүмкін.
Мұның бір себебі тағы да жасанды интеллектімен байланысты. Үлкен тілдік модельдерді үйрету және ЖИ серверлерін іске қосу үшін деректі өте жылдам өткізе алатын HBM жады қажет. Қазір әсіресе HBM3e және HBM4 түрлеріне сұраныс жоғары.
Неге HBM көбейген сайын DDR тапшы болады?
Әлемдегі ірі жад өндірушілер – Samsung, SK Hynix және Micron – өндірісінің едәуір бөлігін HBM-ге бұрып жатыр. Себебі HBM қымбат әрі өндірушіге көбірек пайда әкеледі.
Бірақ оның өндірісі де күрделі. Бірдей көлемдегі HBM шығару үшін қарапайым DDR4 немесе DDR5-пен салыстырғанда көбірек кремний пластинасы қажет.
Оның үстіне, озық чиптерді құрастыруға арналған өндіріс қуаты да шектеулі. Сондықтан мәселені «компаниялар DDR шығаруды әдейі тоқтатты» деп түсіндіру жеткіліксіз. Нарықтағы өндіріс қуаты табысы жоғары әрі сұранысы күрт өскен HBM-ге қарай ауысып жатыр. Соның салдарынан кәдімгі жадқа бөлінетін мүмкіндік азаяды.
Тағы бір мәселе – ірі тапсырыс берушілер. Жад өндірушілер әлемдегі ең үлкен бұлтты қызмет көрсетушілермен ұзақ мерзімді келісім жасайды. Өнімнің едәуір бөлігі алдын ала сатылып қояды.
Ал смартфон, компьютер шығаратын шағын компаниялар қалған өнімді нарықтағы жоғары бағамен алуға мәжбүр. Ақырында оның шығыны құрылғының бағасына қосылады.
Бұған геосаясат та әсер етті
Жад нарығындағы тапшылық тек ЖИ-ге байланысты емес. 2023–2024 жылдары нарық құлдырағаннан кейін ірі өндірушілер өндірісті бірден арттыруға асықпады. Олар арзан жадты көптеп шығарғаннан гөрі, табысы жоғары өнімдерге басымдық берді. Оған АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық текетірес қосылды.
Атап айтсақ, 2025 жылдың қазанында АҚШ Қытайға озық жартылай өткізгіштер жеткізуге қойылатын талаптарды күшейтті. Жаңа шектеулерден қауіптенген Қытай компаниялары жадты алдын ала көптеп сатып ала бастады. Соның салдарынан жеткізушілердің қоймасындағы қор азайды.
ADATA директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Либай 2026 жылы жад тапшылығы күшеюі мүмкін екенін айтқан. Оның бағалауынша, жеткізу тізбегінің толық қалпына келуіне бірнеше жыл қажет болуы ықтимал.
Micron болса Crucial брендімен жедел жад пен SSD сатуды тоқтататынын жариялады.
Бұл смартфон мен ноутбук бағасына әсер ете ме?
Әсер етуі мүмкін. Жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі сарапшы, Wildberries компаниясының Senior Software Engineer маманы Роман Муковнин жад тапшылығының жай ғана баға мәселесінен өндірістік шектеуге айналғанын айтады. Оның сөзінше, кей өндірушілер ірі тапсырыс берушілердің өзіне сұраған көлемін толық жеткізе алмай отыр.
Бұлтты қызмет көрсететін компаниялар үшін сервер күту мерзімі бірнеше айға созылуы мүмкін. Жадтың өзі дата-орталық шығынының маңызды бөлігіне айналып барады. Бірақ тапшылықтың қашан аяқталатыны жөнінде ортақ пікір жоқ.
РЭУ-дің Волгоград филиалының профессоры Игорь Бельских бұрын мұндай өндірістік дағдарыстардың бірнеше ай ішінде реттелгенін еске салады.
Ал Mobile Research Group жетекші сарапшысы Эльдар Муртазин дағдарыс кемінде 2028 жылдың ортасына дейін созылуы мүмкін деген бағалаулар барын айтады. Муковнин 2027–2028 жылдардың өзін оптимистік мерзім деп санайды. Өйткені жаңа өндіріс орындары сол кезде ғана толық қуатына шығуы мүмкін. Ал HBM-ге сұраныс әзірге бәсеңдеген жоқ.
Неге өндірушілер қарапайым жадтың орнына ЖИ-ге қажет жадты таңдайды?
Бұл сұрақтың жауабы қарапайым, яғни пайдада. Егер бір өндіріс желісінде арзан және қымбат екі өнімнің бірін таңдауға мүмкіндік болса, компания табысы жоғарысын шығаруға тырысады. Эльдар Муртазин де мұны нарықтың қалыпты әрекеті деп түсіндіреді.
Роман Муковнин басқа бір мәселеге назар аударады. Оның айтуынша, әлемдік жад нарығы негізінен үш ірі компанияның – Samsung, SK Hynix және Micron-ның қолында. Мұндай жағдайда олардың өзара келісіп әрекет етуі мүмкін деген күдік туындауы заңды. Бірақ бұған дәлел келтірілмесе, оны факт деп айтуға болмайды.
Өндірушілердің HBM-ге ауысуын оның жоғары табыстылығымен және өндіріс қуатының жетіспеуімен де түсіндіруге болады.
Орта санаттағы смартфондарға қиын болуы мүмкін
Жад қымбаттаса, электроника өндірушілерінің бірнеше амалы бар. Қымбат флагманның бағасында пайда үлесі жоғары. Сондықтан компания компонент құнының өсуін сол пайданың есебінен жаба алады.
Арзан телефон жедел жад көлемін азайту арқылы техникалық мүмкіндігін қысқарта алады. Ал ең қиын жағдайда орта бағадағы құрылғылар қалуы мүмкін.
Муковниннің пікірінше, бұл санат толық жоғалмайды, бірақ бұрынғыдай тартымды сипаттама ұсынуы қиындауы ықтимал. ЖИ функциялары да осы айырмашылықты ұлғайта түседі.
Құрылғының өзінде жұмыс істейтін кейбір ЖИ мүмкіндіктеріне 8-12 ГБ жедел жад керек. Ал жад қымбаттаса, арзан смартфон өндірушілері қайтадан 4-6 ГБ-қа оралуы мүмкін.
Сонда жаңа ЖИ мүмкіндіктері негізінен қымбат құрылғыларда ғана қолжетімді болып, арзан және премиум телефондардың арасындағы айырма одан әрі ұлғаяды.
ЖИ тегін емес
Біз жасанды интеллектіні көбіне экраннан көреміз. Сұрақ жазамыз. Бірнеше секундтан кейін жауап аламыз. Сурет жасатамыз. Видео өңдетеміз. Мәтін жаздырамыз. Сондықтан оның артында нақты физикалық инфрақұрылым тұрғанын біз тез ұмытып кетеміз.
Ал шын мәнінде әрбір ЖИ қызметінің артында дата-орталық, сервер, электр қуаты, су, чип және жад бар. Киликурадағы тұрғындардың акциясы осыны еске салды.
Бұл жерде жасанды интеллект дамуын тоқтату туралы сөз болып отырған жоқ. Мәселе – оның дамуына қажет ресурстың қайдан алынатынында және оның салмағын кім көтеретінінде.
Цифрлық болашақ әлдеқашан келді. Бірақ оның құны біз ойлағаннан да қымбатқа түсіп отыр. Бір елдер дата-орталықтар салып, жад қорын жаппай сатып алып жатқанда, екінші елдер мұның өтеуін су ресурстарымен, бюджетімен және қолжетімді гаджеттерден айырылу қаупімен төлеп отыр.
Енді «мұның бәрі кімнің есебінен?» деген сұрақтың жауабы цифрлық қана емес, нақты өмірдегі ресурстарды қаншалық тиімді әрі әділ бөле алатынымызға байланысты болмақ.