Алматыда өткен Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин қазақстандық мұраны халықаралық алаңдарда ілгерілетудің негізгі бағыттарын айқындады.
Қазақстанның ЮНЕСКО тізімдеріндегі көрсеткіштері соңғы жылдары айтарлықтай артты.
30 жыл ішінде біздің елден ЮНЕСКО тізіміне бар болғаны екі нысан ғана енгізілген еді. Олар – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Таңбалы тас петроглифтері. Ал қазір небәрі үш жылдың ішінде бірден бірнеше нысан ұсынылды.
Қазақстан көршілес мемлекеттермен бірлесіп, Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге арналған өтінімдерді жүйелі түрде дайындап келеді.
Ұсынылған трансұлттық номинациялар қатарында Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен бірлесіп әзірленген «Маңғыстаудың жерасты мешіттері», «Үстірт» және «Ұлы Жібек жолының Ферғана–Сырдария дәлізі» бар. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының тікелей назарында болып, ол Ұлттық құрылтай отырыстарында оның маңыздылығын үнемі атап өткен.
Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарының алдын ала тізіміне Қазақстаннан алты жаңа нысан енгізілген. Олардың қатарында Арпаөзен, Сауысқандық және Ешкіөлмес кешендерін қамтитын Жетісу мен Қаратау петроглифтері, сондай-ақ қасиетті ағаш сәулет өнерінің көрнекті үлгілері саналатын Вознесенск кафедралды соборы мен Жаркент мешіті бар.
Сонымен қатар құжаттық мұраларды халықаралық деңгейде таныту жұмыстары да жалғасуда. «Әлем жады» тізіліміне Абай Құнанбайұлы шығармаларының қолжазбалары, Евгений Брусиловский жазған алғашқы қазақ операсы Қыз Жібек ноталары, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбектерінің баспа жинағы және Есік жазуы бойынша өтінімдер ұсынылған.
Материалдық емес мәдени мұра саласында ЮНЕСКО-ның шешімі күтіліп отырған ұлттық номинациялардың бірі – «Салбурын». Сонымен бірге «Алпамыс батыр» эпосы, «Киіз басу», «Кесте», «Тақия» және «Жыраулық өнері» дәстүрлерін тізімге енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Ою-өрнек» өнерін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізуге дайындық басталды. Бұл өнер бұған дейін «Қармақшы жырауларымен» бірге ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енгізілген.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстардың жандануына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одри Азуленің Қазақстанға деген қызығушылығы мен елімізге жасаған сапары барысында қалыптасқан байланыстар да оң әсер еткен.
Сондай-ақ келесі жылы Түркістан қаласын ИСЕСКО-ның Ислам мәдениетінің астанасы деп жариялау жоспарланып отыр. Қалада Ислам мұрасы комитетінің отырысы өтеді деп күтілуде.