Қазір қоғамда көпбалалы отбасы сирек кездесетін құбылысқа айналып бара жатқандай көрінеді. Ал бір емес, екі емес, 24 баланы бауырына басып, оларға ата-ана болуды өмірлік миссиясына айналдырған жандар тіпті аз. Ақтөбелік Өмірхан мен Амангүл Жетесовтердің отбасы – сондай ерекше шаңырақтардың бірі.
Бүгінде олардың отбасында 28 бала тәрбиеленіп жатыр. Соның 24-і – балалар үйінен бауырына басқан ұл-қыздар. Бірақ Амангүл Жетесова үшін оларды «асырап алған» және «өз баласы» деп бөлу бұрыннан маңызын жоғалтқан.
Баланы жүрегіңе қабылдаған соң оның қайдан келгені маңызды болмай қалады. Ол сенің балаңа айналады. Мен ешқашан оларды бөліп жарған емеспін, – дейді көпбалалы ана.
Балалық шағы интернатта өткен әкенің таңдауы
Өмірхан Жетесовтің өмір жолы да оңай болмаған. Ол алты жасында анасынан айырылып, балалық шағының едәуір бөлігін интернатта өткізген. Ана мейіріміне зәру болып өскен ол кейін өз отбасын құрғанда тағдыр тәлкегіне түскен балаларға қол ұшын созуды өмірлік парыз санаған.
Жетесовтер шаңырағының үлкен отбасыға айналуы да бір күнде қабылданған шешім емес. Алғашында өздерінің екі қызы мен бір ұлына серік болсын деген оймен балаларды бауырына басқан. Кейін тағдырдың тауқыметін көрген әрбір баланың оқиғасы олардың жүрегіне әсер етіп, отбасы жыл сайын кеңейе түскен. Бүгінде бұл үй көптеген бала үшін тек баспана емес, нағыз отбасы ұғымының символына айналған.
«Әр баланың артында ауыр тағдыр тұр»
Жетесовтер тәрбиелеп отырған балалардың тағдыры әртүрлі. Кейбірі ата-анасынан ерте айырылса, енді бірі әлеуметтік жағдайы төмен, қиын отбасынан шыққан. Амангүл апайдың айтуынша, ол балалардың биологиялық ата-аналары туралы ақпаратты жасырмайды. Керісінше, олардың өмір жолын білуге тырысады.
Кейбір балалардың ата-аналары қайтыс болған. Кейбірі балаларынан өз еркімен бас тартқан. Кейбірінің тағдыры ішімдікке немесе басқа да әлеуметтік мәселелерге байланысты болды. Бірақ мен ешқашан балаларды ата-анасының қателігі үшін кінәлаған емеспін. Керісінше, олар жақсы өмір сүруге лайық деп ойлаймын, – дейді ол.
Ол уақыт өте келе көптеген ата-аналарды өзі іздеп тапқанын айтады. Балалары жайлы сұрағанда олардың басым бөлігі жауапкершіліктен қашқан.
Кейде сол балаларға қарап тұрып таңғаламын. Тағдырдың ауыр сынына қарамастан өте талантты, ақылды, тәрбиелі болып өсіп келеді. Адамның болашағын шыққан жері емес, алған тәрбиесі қалыптастырады деп ойлаймын, – дейді көпбалалы ана.
«Баланы жақсы көрсең, ол туғаныңнан да артық болып кетеді»
Қоғамда асыранды балаға қатысты түрлі стереотиптер әлі де бар. Біреулер «мінез қанмен беріледі» десе, енді біреулер бөтен баланы өз балаңдай жақсы көру мүмкін емес деп есептейді. Амангүл Жетесова мұндай пікірлермен келіспейді.
Кейде «ата-анасы қандай болса, баласы да сондай болады» деген сөздерді естимін. Бірақ мен бұған сенбеймін. Егер ана мен баланың арасында махаббат болса, бәрі өзгереді. Бала бәрін сезеді. Сенің оны жақсы көретініңді де, жақсы көрмейтініңді де біледі. Махаббат бар жерде бөтен бала болмайды. Кейде олар туған балаңнан да жақын болып кетеді, – дейді ол.
Оның айтуынша, тәрбие беру үшін ең алдымен баланың жүрегіне жол табу керек. Сондықтан ол балаларын ешқашан ұрып-соқпаған, айқайлап тәрбиелеуге тырыспаған. Ол балалар тәрбиесінде айқай мен жазалаудан гөрі түсіндіруді дұрыс көреді. Егер баланың бір қылығы көңілінен шықпаса, оны көптің көзінше сөкпей, жеке сөйлесетінін айтады.
Дастарқан басында баланың көңілін қалдырмаймын. Алдымен тамағын ішсін, шәйін ішсін деймін. Кейін жеке шақырып алып, құшақтап отырып түсіндіремін. Айқайдың пайдасы жоқ, бала ренжіп қалады, – дейді Амангүл Жетесова.
Үлкен отбасының үлкен жауапкершілігі
Жетесовтер отбасының күнделікті өмірі сырт көзге қарағанда оңай көрінуі мүмкін. Алайда бір шаңырақ астында ондаған баланы тәрбиелеу үлкен еңбек пен жауапкершілікті талап етеді. Амангүл апайдың айтуынша, оның күні таңертеңнен кешке дейін балалардың қамымен өтеді. Бірінің сабағы, бірінің денсаулығы, бірінің шығармашылық байқауы, енді бірінің тұрмыстық мәселесі бар. Үлкендері жоғары оқу орындарында оқыса, кішілері мектеп пен балабақшаға барады.
Кейде адамдар «осынша баланың азабы не керек?» деп сұрайды. Бірақ мен оны азап деп есептемеймін. Бұл – менің өмірім. Мен олар үшін жауаптымын. Мемлекет алдында ғана емес, Алланың алдында да жауаптымын, – дейді ол.
Балалар да ата-аналарына ерекше бауыр басқан. Үлкендері бөлек тұрса да, күн сайын хабарласып, ақыл сұрап тұрады.
Бірнеше күнге басқа қалаға кетсем де, бәрі телефон соғып тұрады. «Мама, қашан келесіз?» дейді. Сол кезде еңбегіміздің зая кетпегенін түсінемін, – дейді көпбалалы ана.
Ақтөбе халқының көмегі
Жетесовтер отбасы балалар үшін мемлекеттен берілетін қаражаттың барлық шығынға жетпейтінін жасырмайды. Алайда олар ешкімнен арнайы көмек сұрап, қол жайып отырмағанын айтады. Көбіне қарапайым халық қолдау білдіреді.
Бізге Ақтөбенің халқы көп көмектеседі. Бірі ұн әкеліп кетеді, бірі ет береді, бірі азық-түлік тастап кетеді. Есіктің алдына қойып, «апайға сәлем айтыңыздар» деп кететіндер бар. Мен олардың бәрін жазып қоямын, кейін міндетті түрде хабарласып, рақметімді айтып, батамды беремін, – дейді Амангүл Жетесова.
Оның айтуынша, карантиннен кейін қайырымдылық жасауға ниетті адамдар көбейген. Бұған дейін отбасы көп қиындықты өз күшімен еңсерген. Тіпті кей кездері алтындарын ломбардқа өткізіп, несие алуға мәжбүр болған.
«Біздің ең үлкен байлығымыз – балаларымыз»
Жетесовтер отбасы үшін бала тәрбиесі тек тамағын беріп, киімін бүтіндеумен шектелмейді. Олар балалардың өнерге жақын болуына ерекше көңіл бөледі. Отбасында «Шашу» ансамблі құрылған. Өнерлі балалар түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Амангүл Жетесованың айтуынша, өнер баланың мінезін тәрбиелейді, жүрегін жұмсартады, өзіне деген сенімін арттырады.
Балаларымның бәрі өнерге жақын. Олар сахнаға шығып, өздерін көрсетіп жүр. Біз байқауларға қатысып, гран-при алып қайтқан кездеріміз болды. Баланы бақпасаң, жандырмасаң, өз ісіңе жауапты болмасаң, нәтиже болмайды, – дейді ол.
Көпбалалы ана өзінің ең үлкен байлығы балалары екенін айтады.
Ең үлкен байлығымыз – балаларымыз. Олар менің өмірімнің мәніне айналды. Кейде жолдасым «сенің бар мейіріміңді балалар алып қойды» деп әзілдейді. Бірақ ер адамға да мейірім керек, оған да көңіл бөлу керек. Отбасы деген – бәріне жылу жеткізе білу, – дейді Амангүл Жетесова.
https://www.instagram.com/reel/DRq8GsBjBwN/?utm_source=ig_web_button_share_sheet
«Мен жойылмаймын, менің келешегім бар»
Амангүл Жетесова жасына қарамастан, кішкентай балаларды жеткізіп, олардың қызығын көруден үмітті. Ол үшін бұл балалар – болашаққа жалғасқан өмірі.
Мен «жеткізе алмаймын» деп ойламаймын. Алла бұйыртса, олардың өскенін, бойжеткенін, үй болғанын көремін. Менің келешегім бар. Мен бұл өмірде жоқ болып кетпеймін. Себебі қасымда ұлдарым да, қыздарым да бар. Олар менің жалғасым, – дейді ол.
Жетесовтер үшін 24 баланы бауырға басу – бір сәттік шешім емес, өмірлік жауапкершілік. Олар бұл жолдың қиындығы көп екенін жасырмайды. Бірақ балалардың күлкісі, «анашым», «әкешім» деген бір ауыз сөзі барлық ауыртпалықты ұмыттырады.
Бір кезде өздері де мейірімге мұқтаж болып өскен Өмірхан мен Амангүл бүгінде тағдыр тәлкегіне түскен балаларға пана болып отыр. Олар үшін ата-ана болу – қанмен емес, жүрекпен өлшенетін ұғым.