Жаңалықтар

Жеңімпаздар кортежі Астана көшелерімен жүріп өтті

Спорт
26.08.2016 11:19 5937

Бүгін елордадағы «Бәйтеректің» жанында Риода өткен олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтау салтанаты өтті.

Жеңімпаздар кортежі Астана көшелерімен жүріп өтті

Шараға олимпиадада ел мерейін үстем еткен спортшылар Данияр Елеусінов (бокс), Нижат Раxимов (ауыр атлетика) Дмитрий Баландин (жүзу), Әділбек Ниязымбетов (бокс), Василий Левит (бокс), Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), Гүзел Манюрова (күрес), Иван Дычко (бокс), Дариға Шәкімова (бокс), Отгонцэцэг Галбадраx (дзюдо), Карина Горичева (ауыр атлетика), Эльмира Сыздықова (күрес), Екатерина Ларионова (күрес), Фарxад Харки (ауыр атлетика) және Александр Зайчиков (ауыр атлетика) қатысты.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Қазақстандағы жанкүйерлерінің ыстық ықыласы мен қолдауы өзінің жеңіске жетуіне үлес қосқанын айтты. Сондай-ақ, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және ҚР бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевқа алғысын білдірді. Бұдан соң, Дмитрий Баландин, Жазира Жаппарқұл, Нижат Рахимовтар да жиналған жұртшылыққа рахмет айтты.

Жеңімпаздар кортежі Астана көшелерімен жүріп өтті

Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері «Бәйтеректен» «Қазақстан» орталық концерт залына дейін шеру жасап өтті. Кортежді концерт залының алдында күтіп тұрған жанкүйерлер үлкен қошеметпен қарсы алды. Спортшылар салтанатты түрде қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, концерт залына кірді. Мұнда айтулы спорт додасында ел мерейін үстем еткен спортшыларды марапаттау рәсімі мен арнайы концерт өтті. Салтанатты шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін құттықтап, оларға «Барыс», «Парасат» және «Құрмет» ордендерін тапсырды.

Жеңімпаздар кортежі Астана көшелерімен жүріп өтті 

ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен боксшы Данияр Елеусінов, суға жүзуші Дмитрий Баландин және зілтемірші Ниджат Рахимов марапатталды. Осы орденге Рио Олимпиадасының күміс жүлдегерлері Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетов те ие болды. Бұл спортшылардың жүлдесін Мемлекет басшысы алтынға теңеді. Елбасы Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегерлері - боксшы Иван Дычконы, палуан Гүзел Манюрованы, зілтемірші Жазира Жаппаркұлды, дзюдошы Елдос Сметовті «Парасат» орденімен марапаттады. Ал Отгонцэцэг Галбадрах, Карина Горичева, Александр Зайчиков, Ларионова Екатерина, Эльмира Сыздықова, Фархад Харки, Дариға Шәкімова «Құрмет орденіне» ие болды.

Жеңімпаздар кортежі Астана көшелерімен жүріп өтті

Естеріңізге сала кетейік, Рио олимпиадасына 26 спорт түрінен 104 қазақстандық спортшы қатысқан болатын. Бұл додада Қазақстан алғаш рет Олимпиада ойындарының тарихында алғаш рет 17 медальға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте 22-орынға ие болды. Қазақстандық спортшылардың қоржынында 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль бар.


Әзірлеген: Жансая ТӨЛЕГЕН

Сурет: Бауыржан Жуасбаев және 24.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға