Жазғы демалыс мерзімі өзгере ме? Аптап ыстық мектептерге де әсер етіп жатыр

Жазғы демалыс мерзімі өзгере ме? Аптап ыстық мектептерге де әсер етіп жатыр
Фото: AI көмегімен жасалды

Еуропада аптап ыстықтың жиілеуі мектептердің жұмыс тәртібіне де әсер ете бастады. Euronews мәліметінше, Еуроодақ елдерінде жазғы мектеп демалысының ұзақтығы 6 аптадан 14 аптаға дейін өзгереді.

Алайда климаттың өзгеруіне байланысты бірқатар мемлекеттер оқу күнтізбесін қайта қарастыру мәселесін талқылап жатыр. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары оқу жылын ертерек аяқтау немесе сабақ кестесін өзгерту сияқты шешімдер қабылдануы мүмкін.

Жазғы демалыс әр елде әртүрлі

Еурокомиссия қаржыландыратын Eurydice білім беру желісінің деректеріне сүйенсек, Италияда оқушылар ең ұзақ – 14 апта демалады. Мальта, Латвия және Кипрде жазғы демалыс 13 аптаға созылады. Ал Дания, Нидерланд және Германияда оқушылардың жазғы каникулы небәрі 6 апта ғана.

Мұндай айырмашылық әр елдің білім беру жүйесі, климаттық жағдайы және тарихи қалыптасқан оқу күнтізбесіне байланысты. Дегенмен климаттың өзгеруі бұл жүйеге де ықпал етіп, дәстүрлі оқу кестесін қайта қарауға түрткі болып отыр.

Аптап ыстық білім беру жүйесін қалай өзгертуде?

2024 жылы Еуропадағы аптап ыстық салдарынан 900 мыңнан астам оқушының оқу процесі бұзылған. Еуропалық климат және денсаулық обсерваториясының (ECHO) мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда шамамен 16,6 мың мектеп оқу жылы кезінде ауа температурасы 30°C-тан асатын күндерге тап болады. Егер жаһандық жылыну қарқыны сақталса, 2050 жылға қарай мұндай мектептердің саны екі есеге артуы мүмкін.

Осыған байланысты Франция, Испания және Бельгиядағы кейбір мектептер биыл сабақ уақытын қысқартты немесе уақытша жабылды. Испанияның жекелеген мектептерінде сабақ таңғы 8:00-де басталып, 15:00-де аяқталатын жаңа кесте сынақтан өткізілсе, Бельгияда әр сыныпқа термометр орнату және температура белгіленген деңгейден асқанда сабақты тоқтату ұсынылды.

Сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта мектеп инфрақұрылымын салқындату жүйелерімен жабдықтау, оқу уақытын ыстыққа бейімдеу және жазғы демалыс мерзімін қайта қарау Еуропаның білім беру жүйесіндегі негізгі бағыттардың біріне айналуы мүмкін.

Оқи отырыңыз