Жаңалықтар

Жауырыны жерге тимеген қос балуан

Көкенай мен Гүлістан балуандар
Жауырыны жерге тимеген қос балуан
Фото: © El.kz 30.06.2021 11:34 10311

Қазақтың таяу заман тарихында айтылатын торқалы той, топырақты өлімінің артынан берілетін айтулы астар дерлік спорттық өнерге толы болған. Балуандық дәстүр де ата-бабамыздан жалғасқан ежелгі спорттық өнеріміздің бірі. Аты аңызға айналған, жауырыны жерге тимеген қазақ палуандары туралы не білеміз? «Алтай алыптарында» қазақтан шыққан Көкенай мен Гүлістан балуанның жеткен жетістіктері туралы сыр шертеді.

Көкенай балуан

«Бүкіл ел көлемінде балуандық шеберлігімен танылған халықаралық еркін күрестің әйгілі жүлдегері, балуан тәрбиелеудің маманы, тәрбиеші Көкенай Қалелұлы 1942 жылы Алтай аймағы Көктоғай ауданының Қайырты жайлауында, кедей малшы отбасында дүниеге келген. Енді ғана мейірімді әкенің сүйіспеншілігіне бөленіп, әр нәрсені қызықтап қуанышта жүрген сәби 5 жасында әкесінен айырылып, шеше тәрбиесінде ержетеді. 1952 жылы халық бақытына бөленіп, заман тынышталып, азаттықтың таңы шұғылалы нұрын төккен кезден бастап, Көктоғай ауданы Тасқын ауылының бастауыш мектеп есігін ашып, білім бақшасына кіріп сауатын ашады. Ол бала кезінен балуандыққа қызыға кірісіп, топтасқан жерде сабақтастармен күресіп, кейде өзінен бірнеше жас үлкендерді де сүйіндіріп, бір алып күштің иесі екендігін аңғартады. Ол өте мейірімді, бір сөзді айтқанынан қайтпайтын өр мінезді, зерек болып ержетеді. Бала балуанның әуесі артып, дүние жүзіне аты шыққан Қажымұқан сияқты балуандардың тарихи еңбектерін ұйып тыңдап, менде сол сияқты еліме даңқ әперсем деп арман етеді. Бірақ жоқшылық талапты жастың ойлағанына жеткізбей, тұрмыс жағдайы келмей, өрлеп оқып білім алуға шарасыз қалғандықтан, амалсыз Алтайдың Зағоба көмір кеніне орналасып, жұмысшы болады. Кенде жұмыс ауыр болса да оған тез арада көніп, пісіп жетіле бастайды. Арада көп өтпей екі арбаны жалғыз өзі сүйреп, еңбек сүйгіштігі және қайратымен ел көзіне түсіп, тұңғыш рет еңбек ері деген атақ алып сыйланады.

Содан бастап бір жағынан балуандық өнерді де игере бастайды. Күші тасып, әттең күреске түссем деп жүрген талабы орындалып, жарысқа түседі. 1959 жылы Алтай аймағы бойынша өткізілген талдау жарысында аға жүлдегерлігін алып, Шинжаң ұйғыр автономиялы райондық балуандар командасына мүшелікке талданып, аңсаған арманына жетеді. Бірақ «Алда талай кезең бар, бұл сындардан қалай өтуім керек?», – деген ой жас балуанды абыржытады.

Арада 4 ай жапалы жаттығу істеп, мемлекеттік 1-ші кезекті дене тәрбие жиынына қатынасу үшін астанамыз Бейжіңге аттанады. Бара сала жер-жерден келген алыптармен сайысып, 68 килограмдықтар группасында 4-іншілікті алып, сыйланып алғашқы сапары сәтті басталды. Өз-өзіне деген сенімі биікке көтеріліп, алдағы жарыстарда ойдағыдай нәтиже жарату үшін, тасқындап тұрған жігерлі күшін, техника үйренумен бірлестіруге кірісіп, тәрбиеші үйреткен алуан түрлі техникаларды тез игергендер қатарына өтіп, тәрбиешінің үмітті спортшысына айнала бастады. Ол екінші рет 1962 жылы Шынжаң балуандар командасы атынан мемлекеттік аға жүлдегерлікке таласу жарысында өз группасы бойынша тұңғыш рет аға жүлдегер болып, автономиялы районымызға зор даңқ әпереді. Бұл топтағы балуандар икемді, тез, техникасы жоғары, адам саны көп болса да, әрбір қадамды нық басып, жеңісті қолға келтірген сайын тәжірибені қорытындылап, шешуші кезеңде ең жоғары өреге шығып, «Спорт шебері» деген даңқ куәлігін алады. Содан кейін мемлекетіміз көлемінен өтіп дүниежүзілік жарысқа қатысады. Нәтижеде Жапон, Араб елдерінің алдыңғы қатардағы арыстарымен күресіп, жеңіп алады.

1964 жылы астанамыз Бейжиңде өткізілген халықаралық ұсыныс жарысында ол Индонезияның аға жүлдегерін жеңіп алып, мемлекетімізге зор атақ әпереді. Жарыс жалғасты жүргізіліп жатқан кез. Ол және бір шетелдік балуанмен жағаласқан алғашқы бір минут ішінде екі қабырғасы ісініп, жанына қатты батады. Бірақ ол, ел намысы үшін аянбай тіресіп, қалған 8 минутта қарсы жаққа бірде-бір номер бермей, сол майдан жарыста тең болып шығады. 1965 жылы дүниежүзілік жарыста өз салмағы бойынша аға жүлдегер болған шетел балуанын жеңіп, мемлекеттік жастап командасынам талданады. Соңында еліміздің ақпаратшылары арнайы қабылдап суретке алып, кеудесіне қызыл гүл қадап баспа бетінде және радиода мақтанышпен тарқатады, 1970 жылы ол саяси жақта және кәсіптік күрес шеберлігі жақта толымды спортшы, таңдаулы тәрбиеші болып жетіліп шығады. Сондықтан ұйым оны партия мүшелігіне қабылдап, оның ұзақтан бергі күткен талабын орындайды.

Амал қанша енді ғана жаттығу өткелінен өтіп, жарыста ысылып келе жатқан атпал да арынды азамат 1971 жылы Шинжаң балуандар командасының мүшелігіне қайтарылады. Бұл ақыл күші толысқан ақпейіл азаматтың жалынына су сепкендей болады. Ол ендігі жерге ауылға келіп жұмысшы болады. Кейінірек адал еңбегіне ел риза болып, Алтай түсті метал заводы жұмысшылар ұйымының төрағалығына сайланады. 1977 жылы заман қайта оңалып кедергілердің кесірі жойылғаннан кейін Алтай аймақтық балуандар командасының тәрбиешілік міндетін өз үстіне алады. Балуандықтан тәрбиешілікке өту барысында қатаң талап қойып, жас балуандардың тез арада жетіліп шығуына елеулі үлес қосады. Нәтижеде бірталай шебер балуандарды тәрбиелеп жетілдіреді. Ол тәрбиелеген Солтікен, Мейрамбек қатарлылар ел іші-сыртындағы сайыстарда алыптылығымен аты шығады.

Амал қанша, өнер қуған жас талапкер 1981 жылы 6-шы қарашада тұйықсыз ауырып 39 жасында қайтыс болды. Қадірлі балуан, елім деп еміренген ақжарқын азаматтың арты күңіреніп қала берді.

Аса таңдаулы шебер балуан, талапкер тәрбиеші, ақпейіл жан, асыл азамат, жомарт көңіл, халықаралық еркін күрестің жүлдегері Көкенай Халелұлының өз еліне әперген даңқы, көрсеткен елеулі еңбектері барша жұрттың көкірегіне ұялап, жастардың табыс нысанасына айналды.

Арда емізіп өсірген ана халқы оның денесін қара жерге тапсырғанымен ұжданды ұлының рухын мәңгі есіне сақтайды, есімін жыр етеді!» - делінген Жәди Шәкенұлы мен Қайрат Айдарханұлы жазған «Алтай алыптарында.

Гүлістан балуан

Осы жинақта Гүлістан Қанапияұлы 1952 жылы бірінші шілдеде Көктоғай ауданында туғаны туралы айтылады. Балалық шағы Алтай қаласының Қызылтас ауылдығының Көксаз деген жерінде өтті. Кейін келе отбасы Алтайдың Алақағына ауысып, бастауыш және орталау оқыған ол бала кезінде-ақ өз қатарынан оза көрініп жүрді. 1972-ші жылға дейін ауылда зиялы жас болып еңбекке түсіп, 1972-ші жылы Алтай қалалық дене тәрбие комитетіне жұмысшы болып қабылданды. Оның қарымдылығы мен қағылездігі өзіндік өнері барлығын аңғартып, 1973-шы жылы Алтай ауданының балуандар командасына қабылданады. Сол жылы 7-ші айда Шіңгілде Алтай аймағының дене тәрбие жарысы тұңғыш рет өткізіліп, Жұңгоша күресте өз салмағы бойынша біріншілікке қол жеткізеді. Бұл жолы Алтай ауданы коллективі біріншілікке қол жеткізіп, Гүлістанда елдің аңызын қозғайды. Сөйтіп, 1973-ші жылы Алтай аймақтық команда құрылады да, Гүлістан осы командада болады. Сол жылы автономиялы районның балуандар жарысы Алтайда өткізіледі де, ол 78 килограмдық салмақ бойынша тағы да бірінші болады. Оның нәтижесін жоғары бағалаған қатысты тараулар сол жылдың соңында райондық дене тәрбие комитетіне апарады. Бірақ, Алтай аймағы оған аймақ атынан қатынасу ұсынысын білдіреді де, Бөраталда өткізілген жарысқа Алтай аймағы атынан қатынасып, тағы да өз салмағында ағалап алға шығады.

1974-ші жылы сәуірде Шаңхайда өткізілген өлкелер ара жарыста 87 килограмдық салмақтағылар бойынша 3-ші болады.

Бейжіңде өткізілген бір реткі чемпиондыққа таласу жарысында аяғы (кәрі жілігі) сынған Гүлістан сонда да намысын бермей жақсы нәтиже жаратады. Көп уақыт өтпей, яғни 1976 жылы Баудиңде өлкелер ара жарыс өткізіліп, онда да Жұңгоша күрес түрінің 87 килограмдық салмағында 2-ші болады, 1977 жылы шілдеде, Саншидегі өткізілген жарыста өз салмағы бойынша 6-шы болған Гүлістан ендігі жарыстарда қайтсе де алдыңғы қатардан орын алуға тырысып, жапалы жаттығуларды басынан өткізеді. 1988 жылы тамызда мемлекеттік балуандар Үрімжіде өтіп, 90 килограмдық салмақпен ертедегі күрес түрінде сайысқан ол бұл жолы біріншілікті жеңіп алды. Осыған жалғас, яғни 1979-шы жылы мамырда өткізілген Жиаңсудың Шүйжу қаласындағы жарыстың да 90 килограмдық жүлдегері тағы да Гүлістан болды. Бұл жолы күрес, аяғы сынғаннан кейінгі бір жолғы сұрапыл майдан болып, майдан үстіндегі сайыста оның екі саусағы сынып кетеді. Сонда да бар қайратын бойына жинаған Гүлістан қарсыласына ұтыстық бермей жеңіп шығады. Сөйтіп оған бұл жолы «Спорт майданында 1-ші дәрежелі еңбек көрсетті» делініп арнайы еңбек жазылды.

1979 жылы Хыбидың Баубиң деген жерінде мемлекеттік 4-ші кезекті спорт жарысы өтіп жатты. 90 килограмдық ертедегі күрестің бұл майданы да ерекше сайыс тудырды. Екі алып бір-біріне тең келіп (шешуші майданда), бір-біріне алдырмай бір нөмірден ғана парық етіп 35 нөмірге тең жетеді. Амал нешік, уақыттың бітуіне тура келген соңғы бір нөмірді қарсылас ұтып кетті. Сөйтіп, қарсы жағы 36, Гүлістан 35 нөмір иеленіп майданнан түсті. Нақ майдандағы бұл жағдайды «Бейжің кешкі газетінің» бір тілшісі «Бір нөмірдің парқы» деген атпен таныстырып, Гүлістанды «Алтайдың ақ аюы» деп атады.

Бір майданда аяғын, бір майданда саусағын сындырған арлы азамат қашанда намысын жібермеуге күш салып ақыл-парасаты, қару-қайраты арқылы өшпес еңбек жазды. Ол балуандық жөнінде сөз болғанда былай дейді:

«Бір балуан иә жаттықтырушы болу үшін онда Отаншылдық қасиет, Отанына, халқына, мекеніне, ұлтына деген сүйіспеншілік, қайтпас жігер, сенім болу керек. Балуан Отаншыл қайраткер болуымен қатар, тез бір жайлы ететін қағілез сезімталдыққа, көз ілеспес жылдамдық қасиетке ие болуы қажет».

1979 жылы ШҰАР дене тәрбие комитетінің келісімімен Шаңхай дене тәрбие институтына екі жылдық оқуға кіріп, білім толықтаған Гүлістан жапонша күрес түрін де үйренді. 1981-ші жылы мектеп бітірген ол Шинжаң жапонша күрес командасының бірінші реткі тәрбиешісі болды. Оның командасынан шыққан Қаһар Зәкірұлы (ұйғыр) 1983 жылы мемлекет бойынша өткізілген Рудау (жапонша күрес) бәсекесінде 74 килограмдық салмақта 1-ші болды. 1985 жылдан 1986-шы жылға дейін бір жыл ШҰАР дарынды спортшыларды талдау кеңсесінің меңгерушісі болған Көкең, 1986 жылы тұңғыш құрылған қыздар рудау командасының тәрбиешісі болды. Бұл қызметін 1989-шы жылға дейін жалғастырып, онан 1990 жылға дейін Жұңгоша күрес командасының жаттықтырушысы, әрі отряд жетекшісі болып істеді. 1990 жылдан 1991 жылға дейін 3-ші отрядтың кеңсе меңгерушісі болып, 1991 жылы Алтай аймағына алмасып келді. Алтай аймақтық дене тәрбие комитетінің орынбасар қызметін атқарып, зейнет демалысына шыққан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға