Жатыр мойны обыры жайлы қандай мифтер бар? Онколог жауап берді

 AI / El.kz
Фото: AI / El.kz

Жатыр мойны обыры – әлем бойынша әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісік түрлерінің бірі. Дегенмен мамандар бұл аурудың басқа көптеген қатерлі ісік түрлерінен ерекшелігі бар екенін айтады. Өйткені оны вакцинация мен тұрақты скрининг арқылы алдын алуға болады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Соған қарамастан қоғамда адам папиллома вирусы (АПВ), вакцинация және аурудың алдын алу жолдары туралы түрлі қате түсініктер әлі де кездеседі.

АПВ анықталса, қатерлі ісік міндетті түрде дамиды ма?

Онколог, медицина ғылымдарының кандидаты Анастасия Фатьянова бұл пікірдің шындыққа жанаспайтынын «Известия» басылымына берген сұхбатында айтқан.

Көп адам АПВ анықталса, міндетті түрде жатыр мойны обыры дамиды деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Жас әрі дені сау әйелдердің шамамен 90 пайызында ағза вирусты екі жылдың ішінде өздігінен жояды. Сонымен қатар АПВ-ның барлық түрі онкогенді емес. Вирус ағзада ұзақ уақыт сақталуы мүмкін, бірақ тек кейбір жағдайларда ғана жасушалардың өзгеруіне алып келеді. Ал мұндай өзгерістерді ерте анықтасақ, оларды тиімді емдеуге болады, – дейді дәрігер.

Маманның сөзінше, адам папиллома вирусын жұқтырған әрбір әйелде міндетті түрде жатыр мойны обыры пайда болмайды. Сондықтан АПВ анықталуы үрейленуге емес, дәрігер бақылауында болып, ұсынылған тексерулерден уақытылы өтуге себеп болуы керек.

АПВ-ға қарсы вакцина қауіпті емес

Қоғамда жиі айтылатын мифтердің бірі – АПВ-ға қарсы екпе бедеулікке немесе қатерлі ісікке әкеледі деген пікір.

Анастасия Фатьянова мұндай ақпараттардың ғылыми негізі жоқ екенін атап өтті.

Вакцинаның құрамында тірі вирус та, оның ДНҚ-сы да жоқ. Сондықтан екпе арқылы адам папиллома вирусын жұқтыру немесе одан қатерлі ісікке шалдығу мүмкін емес. Вакцина иммундық жүйеге қауіпті вирус түрлерін тануға көмектеседі және қорғаныс антиденелерінің түзілуін қамтамасыз етеді, – дейді онколог.

Дәрігердің айтуынша, бүгінде АПВ вакциналары әлемнің көптеген елінде қолданылып келеді және олардың қауіпсіздігі мен тиімділігі ірі халықаралық зерттеулер арқылы дәлелденген.

Ауру белгісі болмаса да тексерілу керек

Көптеген әйел ауырсыну немесе қан кету болмаса, дәрігерге қаралудың қажеті жоқ деп есептейді.

Алайда мамандар мұны қауіпті қате түсінік деп санайды.

21 жастан бастап әйелдер әр үш жыл сайын ПАП-тест тапсыруы керек. Ал 30 бен 65 жас аралығында ПАП-тест пен АПВ-тестті қатар бес жылда бір рет тапсыру ең тиімді әдіс саналады, – дейді Анастасия Фатьянова.

Тағы бір кең таралған қате түсінік жас ерекшелігіне байланысты. Кейбіреулер жатыр мойны обыры 25 жасқа дейінгі әйелдерде және менопаузадан кейінгі жаста кездеспейді деп есептейді.

Алайда маманның айтуынша, аурудың екі негізгі шарықтау кезеңі бар: біріншісі – 35-45 жас аралығы, екіншісі – 65 жастан кейінгі кезең.

Қыз балаларға неге вакцина салынады?

Еске сала кетейік, Қазақстанда 2024 жылдан бастап адам папиллома вирусына қарсы вакцинация ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Бүгінде 11 жастағы қыз балалар ата-анасының келісімімен тегін вакцина алады.

Денсаулық сақтау саласы мамандары бұл тәжірибе әлемнің көптеген дамыған елдерінде қолданылып келе жатқанын айтады. Австралия, Ұлыбритания, Канада және бірқатар Еуропа мемлекеттері АПВ вакцинациясының арқасында жатыр мойны обырының таралуын айтарлықтай төмендеткен.

Мамандардың айтуынша, вакцина қыз балаларға жыныстық өмір басталғанға дейін салынған жағдайда ең жоғары қорғаныс деңгейін қамтамасыз етеді.

Жылына бір рет гинекологқа қаралу қажет

АПВ вакцинасы – қатерлі ісіктің нақты бір түрінің алдын алуға мүмкіндік беретін сирек профилактикалық құралдардың бірі.

Фатьянова жатыр мойны обыры вакцинация арқылы алдын алуға болатын және тұрақты тексерулердің арқасында ерте сатысында анықталатын қатерлі ісік түрлерінің қатарына жататынын атап өтті. Оның сөзінше, 3-5 жыл сайын жүргізілетін жоспарлы талдаулар ауыр асқынуларға дейінгі өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.

Қорқынышты мифтерге сенбеу керек. Ең бастысы – алдын алу жөніндегі заманауи ұсыныстарды ұстанып, жылына кемінде бір рет гинекологтың қарауынан өтіп тұру, – деп түйіндеді дәрігер.

Оқи отырыңыз