Жасанды интеллект қаржы саласына да белсенді еніп жатыр. Бұрын инвесторлар сарапшылардың кеңесіне жүгінсе, бүгінде көпшілік ChatGPT секілді нейрожелілердің көмегіне сүйенеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс алдағы жылдары одан әрі күшеймек.
Зерттеулерге сәйкес, 2025 жылы жеке инвесторлардың үштен бірі инвестициялық портфелін басқаруда жасанды интеллект құралдарын пайдаланған. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрын әлдеқайда төмен болған. Қазір қаржы ұйымдарының өзі де жасанды интеллект технологияларын енгізуге басымдық беріп отыр.
Инвесторлардың жаңа буыны қалыптасып келеді
Сарапшылардың байқауынша, қаржылық мақсатта нейрожелілерді жиі қолданатындардың басым бөлігі – 20-28 жас аралығындағы жастар. Олардың көпшілігі техникалық мамандық иелері. Әдетте белгілі бір көлемде жинағы бар азаматтар инвестиция әлеміне алғашқы қадамдарын жасайды. Ал табысы жоғары салаларда жұмыс істейтін жастардың инвестицияға бағыттайтын қаражаты бұдан да көп болуы мүмкін.
Жас инвесторлар көбіне шағын сомадан бастайды. Бастапқы капитал ретінде сыйақы, бонус немесе қосымша табыстан жиналған қаржыны пайдаланады. Олар үшін жасанды интеллекттің басты артықшылығы – күрделі қаржылық терминдерді қарапайым тілмен түсіндіріп, инвестиция туралы ақпаратты қолжетімді етуі.
Бұрын инвестициялық әдебиеттер мен сараптамалық материалдарды ұзақ зерттеуге тура келсе, қазір бірнеше сұрақ қою арқылы қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік бар.
Нейрожелілердің инвесторға берер пайдасы қандай
Жасанды интеллект инвестиция салуды жоспарлаған адамға едәуір көмек көрсете алады.
Ең алдымен, ол психологиялық кедергіні азайтады. Көпшілік инвестицияны тәуекелі жоғары әрі түсініксіз сала деп қабылдайды. Ал нейрожелі негізгі ұғымдарды қарапайым тілде түсіндіріп, инвестицияға қатысты күмәнін азайтады.
Сонымен қатар, жасанды интеллект қысқа уақыт ішінде түрлі инвестициялық құралдарды салыстырып, олардың артықшылықтары мен тәуекелдерін көрсете алады. Мысалы, облигациялар, акциялар, депозиттер немесе қорлар туралы мәліметтерді жинақтап береді.
Тағы бір маңызды мүмкіндік – адамның қаржылық әдеттерін талдау. Нейрожелілер шығын құрылымын қарап, қай тұста артық ақша жұмсалып жатқанын анықтауға, қандай шығындарды қысқартуға болатынын ұсынады. Кей жағдайда белгілі бір мөлшердегі қаражатты ай сайын жинақтауға қатысты кеңес те береді.
Бұрын мұндай қызметтерді кәсіби қаржы кеңесшілері ұсынатын болса, қазір оның бір бөлігін жасанды интеллект атқара бастады.
Жасанды интеллектке толық сенуге бола ма
Жасанды интеллект инвестиция туралы ақпаратты жылдам тауып, күрделі ұғымдарды түсіндіруге көмектескенімен, оның кеңесіне толық сенуге болмайды. Мамандардың айтуынша, нейрожелілердің басты кемшілігі – кейде шындыққа жанаспайтын немесе ескірген ақпарат ұсынуында.
Сондықтан чат-боттан алынған мәліметті қосымша дереккөздер арқылы тексеріп отырған жөн. Әсіресе бұл қаржыға қатысты мәселеде маңызды.
Тағы бір жайт, жасанды интеллект көбіне жалпы ұсыныстар береді. Ал әр адамның табысы, қаржылық мүмкіндігі мен тәуекелге деген көзқарасы әртүрлі. Сондықтан бір адамға тиімді болған кеңес екіншісіне сәйкес келмеуі мүмкін.
Сарапшыларды алаңдататын тағы бір мәселе – адамдардың өз бетінше ойлап, талдау жасау дағдысының әлсіреуі. Барлық сұраққа дайын жауап алуға үйренген инвестор уақыт өте келе нарықты өзі зерттеуге құлықсыз болуы ықтимал.
Бұған қоса, дербес мәліметтердің қауіпсіздігі мәселесі де өзекті. Кейбір пайдаланушылар қаржылық жағдайы, жинағы немесе болашақ жоспарлары туралы ақпаратты жасанды интеллект жүйелеріне енгізуге сақтықпен қарайды.
Нарықтағы тәуекел де артуы мүмкін
Жасанды интеллект инвесторлардың қаржылық сауатын арттырып, ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдеткенімен, оның кері әсері де бар. Сарапшылар пікірінше, көп адамның бірдей алгоритмдерге сүйенуі нарықтағы тепе-теңдікке әсер етуі мүмкін.
Мәселен, миллиондаған инвестор бірдей нейрожелі ұсынған кеңестерді басшылыққа алса, олардың белгілі бір компаниялардың акцияларын немесе басқа да қаржы құралдарын жаппай сатып алуы ықтимал. Бұл өз кезегінде нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасын өзгертіп, бағаның күрт құбылуына әкелуі ықтимал.
Осыған ұқсас қауіптер АҚШ-та жүргізілген зерттеулерде де айтылған. Мамандар пікірінше, инвесторлардың басым бөлігі бірдей алгоритмдердің кеңесіне жүгінсе, нарықтағы құбылмалылық күшейіп, қаржы құралдарының бағасы жиі әрі күрт өзгеруі мүмкін.
Инвесторларға енді қандай дағдылар қажет
Сарапшылар пікірінше, алдағы жылдары «гибридті интеллект» дәуірі қалыптасады. Яғни инвестициялық шешім қабылдау барысында адам мен жасанды интеллект бірлесіп жұмыс істейді.
Нейрожелі үлкен көлемдегі деректерді өңдеп, түрлі жағдайдың даму барысын талдай алады. Ал адам тәжірибесі мен сыни ойлау қабілетіне сүйеніп, соңғы шешімді қабылдайды.
Мысалы, алгоритм белгілі бір компания акциясының тартымды екенін көрсетуі мүмкін. Бірақ инвестор компания басшылығындағы өзгерістер немесе нарықтағы ахуал туралы қосымша ақпаратты ескеріп, басқа шешім қабылдай алады.
Осылайша жаңа қаржылық сауаттылық ұғымы қалыптасып жатыр. Егер бұрын инвестор үшін экономика негіздерін білу жеткілікті болса, енді жасанды интеллектпен дұрыс жұмыс істеу, нақты сұрақ қоя білу және алынған жауаптарды сыни тұрғыдан бағалау маңызды дағдыға айналмақ.