Жаңалықтар

Жанкент – ұлылар өмір сүрген қала

Еуропа мен Азия арасын жалғаған көне шаһар
Жанкент – ұлылар өмір сүрген қала
Фото: Ғаламтордан алынды 13.09.2017 18:49 15188

Жанкент қорғаны – Сыр бойындағы тарихы терең қалалардың бірі. Қазалы аймағында орналасқан көне қорғанның өмір сүрген кезеңі VII-XIV ғасырлармен сабақтастырылады. Ғалымдар бұл қаланың пайда болуын «Бегім ана» аңызымен де байланыстырып жүр. Жанкент Жібек жолы бойындағы қалалар қатарына кіреді. Кезінде Еуропа мен Азия арасын байланыстырған бұл шаһар жүз жыл бойы оғыздардың астанасы болған. Аралдан шығатын ас тұзын Еуропа елдері мыңдаған жылдар бұрын Жанкент қаласынан алдыртып отырған көрінеді. Оғыз патшалары осы қаланы мекен етіп, билік жүргізген.

Аңыздарға сүйенсек, Жанкентті билеген Санжар хан әулие Қара бура Әзімнің қаһарына ұшыраған екен. Ханның қарамағындағы қала халқымен қоса опат болған.  Бұл оқиға 1153 жылы орын алған деп айтылады. Жазба мәліметтерге жүгінсек, 1219 жылы Жанкентке моңғолдар басып кіріп, шаһарды өртеген делінеді. Сол кезде қаланы басып алмақ болған Жошы қорғанды басып өткен екен. Жанкенттің қалыпқа келуі үшін ондаған жылдар кетеді. Бірте-бірте аяққа тік тұра бастаған халық кәсіптеріне қайта ден қояды. XIV ғасырда Жанкент қаласы байырғы қалпына түскен. Сол дәуірдегі Жанкент ислам мәдениетінің орталығына айналды. Алайда, мың рет құлап, сан мәрте бой түзеген Жанкент шаһары бір ғасырдан кейін мәңгіге жойылды. Моңғолдар мен қалмақ, жоңғарлардың тепкісінен құлдыраған қаланың тіршілігі осылайша аяқталады. Жанкенттің үстімен өтетін сауда жолы қысқарып, тұрғындары Тәшкен, Самарқанд, Хорезм мен Бұхараға көшуге мәжбүр болды. Бүгінде қаланың орнында төбешік қана тұр. Тарихтың куәгері ретінде осы төбе ғана сақталған.

Жанкент қорғанының орнын зерттеуді алғаш рет орыс ғалымы П.И. Лерх жүзеге асырды. Жанкенттің архитектурасы ерекше болған. Оның кейбір іздері бүгінге дейін сақталып қалған. Қорғанның айналасы қышпен қоршалыпты. Қыш қамалдың қабырғасы 6 метрге жуық. Оңтүстік-батыс бөлігінде биік мұнара сақталған. Сонымен қатар, оқ ататын орындарды да көруге болады. Зерттеу кезінде арабша жазылған сауыттар, қабырғаға салынған суреттер, әшекей бұйымдар сияқты бағалы дүниелер табылған. Жанкент қазба жұмыстары кезінде кезіккен ерекше дүниелердің бірі — шеберхана орны. Бұл шеберханадан глазурь қорытып жасайтын пеш қалдықтары шыққан. Пештің үстінде шойыннан жасалған қазан бар. Оның ішінде қатып қалған глазурь жатыр.

Кеңес дәуірінде бұл қалаға біршама зерттеу жұмыстарын жасаған ғалымдардың бірі — С.Толстов. Алайда, ескі қорғанның орны толыққанды зерттелді де кесіп айту да қиын. Қазіргі таңда тарихи орынды зерттеуге қызылордалық археологтар, Ә.Марғұлан атындағы археология және этнология институты, Миклуко Маклай атындағы этнология және антропология институтының зерттеушілері жұмыс жасап жатыр.

Жанкент қаласы оғыздардың атын жаһанға танытқан Қорқыт атаның туып-өскен жері. Бұл туралы ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан өз еңбектерінде жазған. Академиктің айтуы бойынша, Қорқыт ата VII-X ғасырларда Сыр өңірін мекендеген тұлға. Оның шыққан тегі Оғыздар табына қарасты Қияраттарға жатады. Ал, ол заманда қаңлы тайпасы Қаңлы-қыпшақ не болмаса Оғыз-Қыпшақ деп айтылған. Әрі астанасы Сырдария бойындағы Жанкент қаласы болды дейді. Сондай-ақ, екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің де Жанкент шаһарына табан тірегені туралы мәліметтер бар. Бойындағы дарынымен әлемді тамсандырған әл-Фарабидің күйшілік өнері де болған екен. Арун-Рашид дәуірінде әл-Фарабиді Бағдатқа Жанкенттен арнайы алдыртып, оның әдемі күйлерін ел-жұрт сүйсіне тыңдаған деген де деректер кездеседі.

Жанкенттің тарихын зерделей отырып, бұл қаланы заманында саудасы қызып, өнері мен мәдениеті қарыштап дамыған мекен болды деуге негіз бар. Ұлы ғұламалар өмір сүрген шаһар орнының ашылмаған қырлары әлі де ашыла бермек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға