Жаңалықтар

Жаңа заң. Жалған ақпарат таратқандарға жаза күшейеді

Жаңа заң. Жалған ақпарат таратқандарға жаза күшейеді
Фото: © iStock 12.07.2023 15:35 1575

10 шілде күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері заңына» қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Заң нені қадағалайды?

Билік бұл заң онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама жұмысын реттеп, блогерлер мен инфлюенсердің жарнамадан табатын «көлеңкелі пайдасын» ашып, интернеттегі контенттерді реттейді деп санайды.

Заң демеушілік жасалған контенттерді, пабликтер мен олардың модераторларын, инфлюенсерлерді, онлайн-жарнамаларды, таргет жарнамаларды, хабарлама алмасатын мессенджерлерді, желідегі аккаунттарды қадағалайды.

Заңға сай, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі онлайн-платформаларға мониторинг жүргізеді. Министрлік интернеттегі қандай да бір контентті немесе жарнаманы заңға сай емес деп тапса, авторына бес күннің ішінде «заң бұзушылықты» жоюды талап етеді. Екінші тарап министрліктің талабымен келіспесе үш күннің ішінде қарсы шағым түсіре алады.

Мүмкіндіктері қандай?

Сондай-ақ Қазақстанда 100 мыңнан аса қолданушысы бар желілер (Instagram, Facebook, YouTube, Twitter, Telegram, TikTok, VK) елде ресми өкілін тағайындауы міндетті. Бұған қоса. онлайн-платформалардың интерфейсі мен модерациясына қазақ тілін енгізу қарастырылған. Бұл желілердің алгоритміне контенттерді қазақ тілінде модерация жасауға мүмкіндік береді.

Жалған ақпарат таратқандарға қандай жаза бар?

Заң бойынша, Қазақстан билігі «талапқа сай емес» деп тапқан контентті онлайн-платформалар жоюы тиіс.

«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері заңы» қабылданған соң Тоқаев «Әкімшілік кодекске өзгертулер енгізу туралы» қол қойды. Екі заң бірігіп, интернетте «жалған ақпарат» таратқандарға әкімшілік жаза қарастырады. Интернетте жалған ақпарат таратқан қарапайым қолданушыға 20 АЕК (69 мың теңге), блогер я инфлюенсерге 40 АЕК (138 мың теңге) айыппұл салынады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Заңның қабылдануы Қазақстан Республикасындағы онлайн-платформалардың қызметі үшін құқықтық негіздер қалыптастырады, онлайн платформалар және онлайн жарнама саласындағы реттеудің нормативтік негізін консептуалдық тұрғыдан өзектендіруге мүмкіндік береді деп есептейді.

Сондай-ақ, министр Еуропалық одақ қабылдаған Digital Services Act немесе цифрлық қызметтер туралы заңның баламасы іспетті бұл заң әлемдік әлеуметтік желілердің интерфейсін қазақшалау, инфлюенсерлердің жарнамасын таңбалау, заңсыз контентті неғұрлым тиімді модерациялау мәселелерін де реттейтінін және Заң аясында көлеңкелі экономика үрдісін азайту және онлайн алаяқтықпен күресу бойынша қажетті шаралар қабылданатынын айтты. Яғни, офлайн өмірдегі жауапкершілік онлайн әлемде міндеттеледі.

Жалпы қабылданған заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толыққанды іске асыру үшін онлайн платформалармен тиімді ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік береді. Бұл ретте қазірдің өзінде әлемге әйгілі әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар әріптестік орнатуға ықыласты екендіктерін танытып, кейбірі өкілдерін тағайындады, – дейді АҚДМ министрі Дархан Қыдырәлі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға