Жаңалықтар

Жамбыл облысында кеудесі шұңқыр тәрізді балаға ота жасалды

Ота көпсалалы балалар ауруханасында өткен
Жамбыл облысында кеудесі шұңқыр тәрізді балаға ота жасалды
Фото: zhaikpress.kz 13.12.2022 08:26 1324

Жамбыл облыстық балалар ауруханасында 10 жасар ер балаға кеуде қуысының деформациясын түзету бойынша жоспарлы түрде ота жасалды, деп хабарлайды El.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баланың нақты диагнозы – «3-дәрежелі туа біткен шұңқыр тәрізді кеуде деформациясы». Ортопедия бөлімінде алдын ала дайындықтан кейін эндовидео ассистенциясымен Насса бойынша торакопластика-хирургиялық араласу жүргізілді. Деформация жойылды. Жағдайы жақсарған соң 7-ші тәулікте бала үйіне шығарылды. Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ортопедия бөлімшесінде кеуде қуысының туа біткен және жүре пайда болған деформацияларын емдеудің инновациялық әдістері 2015 жылдан бастап сәтті қолданылып келе жатқанын атап өткен жөн. Шұңқыр тәрізді кеуде қуысын түзету үшін ауруханада төмен инвазивті торакопластика, соның ішінде модификацияланған Дональд Насса отасы жасалады.

Насса торакопластика операциясы – бұл кеуде қуысының шұңқыр тәрізді деформациясын жоюға арналған минималды инвазивті әдісті қолданатын хирургия. Мұндай оталар Қазақстанның сақтандырылған азаматтарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қолжетімді.  

Минималды инвазивті торакопластиканың артықшылықтары: кеуде қуысының алдыңғы бетінде үлкен тыртықтарды болдырмау мақсатындағы керемет косметикалық нәтиже; радикалды әдістермен салыстырғанда жұмсақ тіндердің минималды жарақаты және ота кезінде қан жоғалтудың минималды мөлшері; шұңқыр тәрізді деформациясы бар кез келген жастағы балаларға жарамды; отаның ұзақтығы радикалды әдістермен салыстырғанда 1,5-2 есеге аз. Ота анестезиямен жасалады, тыныс алу және жүрек қызметі бақыланады, - делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Шағын хирургиялық кірулер кеуде қуысының бүйір беттері бойымен әр пациент үшін жеке-жеке қатаң есептелген нүктелерде жасалады. Дәрігерлер кеуде қуысының мөлшері мен пішінін, кеуде қуысының деформациясының түрі мен дәрежесін ескере отырып, пластинаның жеке конфигурациясын жасайды. Ота деформация дәрежесіне және орнатылатын пластиналар санына байланысты орта есеппен 40-60 минутқа созылады. Науқас шамамен 7 тәулік ауруханада жатады. Отадан кейінгі кезеңде науқастарға симптоматикалық терапия және тыныс алу жаттығулары тағайындалады.

Осы уақыт аралығында науқастар әл-ауқаттарының жақсарғанын, тыныс алу жеткіліксіздігі белгілерінің төмендегенін байқайды. Денеге толық салмақ салуға отадан соң 6 айдан кейін ғана рұқсат етіледі. Дегенмен, толық және тұрақты әсерге жету үшін 2-3 жыл уақыт керек. Осыдан кейін пластинаны алып тастау қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға