«Жалғандағы жарығым сөнді...»: Нұрлан Өнербаевтың анасы дүниеден өтті

 instagram.com/onerbay_nurlan
Фото: instagram.com/onerbay_nurlan

Белгілі эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев отбасында ауыр қайғы болды. Өнер иесінің анасы өмірден озды. Қаралы хабарды әнші өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

30 немере мен 40 шөбересі бар

Көпшілікке «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» әнімен кеңінен танылған Нұрлан Өнербаев анасының жүз жасайтынына сенгенін айтып, жүрекжарды жазба қалдырды.

Жалғандағы жарығым сөнді. Анам 100 жасайды деуші едім, Алланың есебі басқа екен ғой. Амал нешік. Алдың жарық болсын анашым, – деп жазды әнші.

Айта кетейік, осыдан бірер жыл бұрын өнер иесі анасының ұзақ ғұмыр кешіп, үлкен әулеттің ұйытқысына айналғанын айтып, оған 100 жас тілеу тілегін арнаған болатын. Сол кезде әнші анасының 30 немере мен 40 шөберенің қызығына бөленіп отырғанын жеткізген еді.

Нұрлан Өнербаев

Нұрлан Өнербаев 1961 жылы Түркістан өңіріндегі Төле би ауданында дүниеге келген. Өнер жолын актерліктен бастап, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жанындағы актерлер студиясында білім алған. Кейін театр сахнасында қызмет етіп, эстрада өнеріне келді. Бүгінде оның орындауындағы жүздеген ән қазақ музыкасының алтын қорына енген.

Өнердегі жетістіктері үшін ол «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атақтарымен марапатталған, сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Нұрлан Өнербаев шығармашылық қызметпен қатар мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Әр жылдары телерадио саласында жауапты басшылық қызметтер атқарып, 2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

Оқи отырыңыз