Қазақстанда жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Олардың жетеуі – 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Ішкі істер министрлігі мұндай әрекеттің салдары ауыр болатынын ескертіп, азаматтарды жалған ақпарат таратпауға шақырды.
ІІМ мәліметінше, ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны немесе өзге де қауіп-қатер бар екені туралы жалған хабарламалар телефон, электрондық пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Көп жағдайда мұндай әрекетке өз ісін жай әзіл немесе жұрттың назарын аудару амалы деп қабылдайтын жасөспірімдер барады.
Интернетте бұл әрекет «сваттинг» деп аталады. Жалған хабар түскен соң мектептер, ауруханалар мен басқа да мекемелерден адамдар эвакуацияланып, оқиға орнына полиция, құтқарушылар және арнайы қызмет өкілдері жіберіледі. Соның салдарынан жүздеген адамның күнделікті жұмысы бұзылып, шұғыл қызметтердің уақыты мен қомақты қаражаты жұмсалады.
Мұндай әрекет үшін бес жылға дейін түрме жазасы қарастырылған
Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салды.
Бұл қылмыс үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар кінәлі тұлғалар келтірілген залалды, оның ішінде шұғыл қызметтердің оқиға орнына баруы мен жұмысына жұмсалған шығындарды өтеуге міндеттеледі, – деп ескертеді ведомство.
Министрлік мұндай ойланбай жасалған әрекет адамның сотталуына ғана емес, оның отбасына да елеулі қаржылық салмақ түсіруі мүмкін екенін атап өтті.
ІІМ ата-аналарға үндеу жасады
Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балаларының интернетте немен айналысатынына, кімдермен араласатынына және өз әрекеттерінің салдарын қаншалықты түсінетініне назар аударуға кеңес берді.
Сондай-ақ полиция азаматтарды қауіп-қатер туралы тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды. Ал терроризм қаупі туралы күмәнді хабарлама алған жағдайда, оны өз бетінше жарияламай, дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.