Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдауы қоғам назарын тағы да осы тұлғаға аударды. Соңғы жылдары Орталық Азиядағы ықпалды саясаткерлердің біріне айналған Саида Мирзиёева тек Президент Шавкат Мирзиёевтің қызы ретінде ғана емес, реформашыл көзқарасы бар мемлекеттік қайраткер ретінде де танылып келеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасына ықпалы
Соңғы 10 жылда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Бұрын шекарадағы ұзын-сонар кезек жиі айтылса, бүгінде екі ел стратегиялық серіктеске айналды. Сауда айналымы 2016 жылғы 1,8 миллиард доллардан 2024 жылы 4,4 миллиард долларға дейін өсіп, алдағы уақытта оны 10 миллиард долларға жеткізу мақсаты қойылған.
Екі мемлекет бірлескен өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асырып келеді. Қостанайдағы Chevrolet көліктерін шығаратын өндіріс, Түркістан мен Шымкенттегі тоқыма кәсіпорындары, Ташкенттегі қазақстандық компаниялардың жобалары – осы ынтымақтастықтың нақты нәтижелері.
Ал 42 жастағы Саида Мирзиёеваның Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтудағы рөлі негізгі орында болмаса да, маңызды қолдаушы күш ретінде бағаланады.
Халықаралық сарапшылар оның өңірлік ынтымақтастықты дамытуға қосып отырған үлесін ерекше атап өтеді. Мәселен, The Diplomat басылымы Саида Мирзиёеваны «Өзбекстанның жаңа халықаралық бейнесін қалыптастырудағы негізгі тұлғалардың бірі» деп атаған.
Астанада сөйлеген сөзінде ол Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы тұрақтылық және орнықты даму жолында атқарған жұмыстарының нәтижелі екенін айтты. «Біз бірлесе отырып, аймақ үнін жаһандық аренаға жеткізе аламыз» деп сипаттап, екі елдің серіктестігі Орталық Азияның өркендеуіне жол ашатынын жеткізді.
Саида Мирзиёева мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуды Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әріптестіктің маңызды бағыты ретінде қарастырады. Оның бастамасымен өзбектің әйгілі «Лазги-Жан мен махаббат биі» балеті Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында сахналанды.
Сонымен қатар ол екі ел жастары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған түрлі жобаларды, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан жастар конгресін қолдап келеді.
Экономика ғылымдарының кандидаты
Ол халықаралық құқық саласында білім алып, кейін заң және экономика бағытында магистрлік дәрежелерін қорғаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар және коммуникация салаларындағы тәжірибесі оны Өзбекстандағы жаңа буын саясаткерлерінің қатарына қосты.
Өзбекстандық саясаттанушы Әлішер Абдуллаев Саида Мирзиёеваны Орталық Азиядағы жаңа форматтағы саясаткерлердің бірі ретінде сипаттайды.
Саида Мирзиёева – Орталық Азиядағы жаңа типтегі саясаткер. Ол проблемалар туралы ашық айтуға қорықпайды әрі әрдайым ымыра іздейді, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, Мирзиёеваның басты ерекшелігі – талапшылдық пен адамға деген жанашырлықты қатар ұштастыра білуінде. Бұл қасиеттер оған түрлі аудиториямен тіл табысуға және күрделі мәселелерде ортақ шешім табуға мүмкіндік береді. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы ұстаным оны өңірлік дипломатиядағы ықпалды тұлғалардың біріне айналдырып отыр.
Әйелдер құқығын қорғаудағы қадамы
Саида Мирзиёева кәсіпкер әрі мемлекеттік қайраткер Ойбек Турсуновпен отбасын құрған. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп отыр. Қоғамдық қызметпен қатар ол отбасы құндылықтарын нығайтуға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған бастамаларды тұрақты түрде қолдап келеді.
Оның белсенді қатысуымен Өзбекстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар реформалар жүзеге асырылды. Соның ішінде ажырасу кезіндегі міндетті «татуласу мерзімін» алып тастау туралы өзгеріс қоғамда кең қолдау тапты. Бұл шешім жәбірленушілерге қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, некені ұзақ күтпей заңды түрде бұзуға мүмкіндік берді.
Оқырманы көп саясаткер
Саида Мирзиёева әлеуметтік желілерде де белсенді тұлғалардың бірі саналады. Оның Instagram парақшасына 2,5 миллионнан астам адам жазылған. Ол ресми кездесулер, халықаралық сапарлар, мәдени іс-шаралар және қоғамдық бастамалар туралы тұрақты түрде жазбалар жариялап отырады. Осы арқылы қоғаммен тікелей байланыс орнатып, Өзбекстанда жүзеге асып жатқан реформалар мен халықаралық ынтымақтастық туралы ақпарат береді.
Халықаралық БАҚ Саида Мирзиёеваның цифрлық коммуникацияны тиімді пайдалана алатын заманауи саясаткер екенін атап өтеді. Оның әлеуметтік желідегі белсенділігі мемлекеттік қызметкерлер арасында сирек кездесетін ашықтық үлгісі ретінде бағаланады.
Сонымен қатар оның киіну стилі де жиі талқыға түседі. Сарапшылар мен сән шолушылары Саида Мирзиёеваның образын классикалық дипломатиялық стиль мен ұлттық нақыштың үйлесімі деп сипаттайды. Ол көбіне ұстамды түстердегі костюмдер мен көйлектерді таңдап, ресми іс-шараларда өзбек мәдениетінің элементтері көрініс тапқан киімдерді киеді. Кейбір халықаралық және өңірлік басылымдар оның сыртқы келбетін АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы Жаклин Кеннедидің стилімен салыстырған.
Ендеше Саида Мирзиёева сәнді тек сыртқы келбет құралы ретінде емес, ұлттық мәдениетті насихаттау тетігі ретінде де пайдаланады. Оның көпшілік алдындағы әрбір бейнесі заманауи, білімді әрі ашық Өзбекстанның жаңа келбетін қалыптастыруға бағытталған коммуникациялық стратегияның бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram