Жаһандық әйелдер Саммиті өтті
Токио қаласында әлемдік әйелдер қоғамының алдыңғы қатарлы бизнес-форумына айналған Жаһандық әйелдер Саммиті өтті.
Саммит тақырыбы «Уименомика шегінен тысқары: мүмкіндіктерді жеделдету» кәсіпкер әйелдердің әлеуеті мен мүмкіндіктерін көрсете отырып, олардың бизнестегі басшылық лауазымдарға көтерілу жолдарын айқындауға, сонымен қатар, жаһандық нарыққа шығу мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Саммит әйелдерге арналған жаһандық шаралар күнтізбесінде ерекше орынға ие, жаңа идеялар мен іскерлік байланыстардың орнауына, жаңа білім алуға, бизнес пен көшбасшылықта тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін әлемдік пікір алмасу алаңы болып табылады.
Бұл маңызды және ірі ауқымды іс-шара жұмысына әлемнің барлық мемлекеттерінен 1000-нан астам әйелдер қатысқалы отыр. Кездесулердің мақсаты - қазіргі таңдағы әлемнің серпінді даму жағдайындағы әйелдердің экономикалық хал-ахуалын жетілдіру бойынша әлемдік саясат өкілдерінің, ірі халықаралық ұйымдар мен компаниялар өкілдерінің және көшбасшы әйелдердің пікірлерімен танысу.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері Раушан Сәрсембаева мен Динар Нүкетаева бастаған 85 кәсіпкер әйелден тұратын қазақстандық делегация бұл маңызды жиынға қатысты.
Саммит жұмысына Жапонияның Премьер-министрі Синдзо Абэ, Токио қаласының әкімі Юрико Койке, Жапонияның сыртқы істер министрі Фумио Кишида және т.б. Жапония мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Бұндай ауқымды іс-шараның Токио қаласында өткізілуі кездейсоқ емес, бұл – серпінді дамып келе жатқан азиялық нарықтың айқын мысалы. Сол себепті саммиттің пленарлық отырысытарының маңызды тақырыптарының бірі «Жапониямен бизнес-әріптестік орнату» болды. Бұл отырыста жапониялық және азия-тынық мұхиты нарықтарына шығу мүмкіндіктері жөнінде толыққанды ақпарат берілді.
Саммит жұмысы шеңберінде әйелдердің корпоративті көшбасшылыққа жету мүмкіндіктерін жылдамдату және әлем бойынша әйелдер басқаратын кәсіпорындар санын арттыруға бағытталған стратегиялар құру бойынша әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі бастамалар талқыланды.