Жаңалықтар

Жүсіпбек Аймауытұлының кредосы: «Біз халық үшін туғанбыз...»

Жүсіпбек Аймауытұлы психология терминдерін алғаш зерделеді
18.11.2015 06:08 3981

Адам баласының жан дүниесіндегі «соқыр» және «саңылау» сезімдерінің ой сандығына терең бойлау арқылы зерделеп, «Псиқолоғия» атты еңбек жазып, онда психология терминдерін өз заманында алғашқылардың бірі болып сөз еткен ғалым – Жүсіпбек Аймауытұлы.

Архивтен табылған нұсқасы бойынша «Псиқолоғия» еңбегі араб әріпімен  жазылған, 1926 жылы Ташкентте жарық көрген. Аталмыш еңбек пен сол кездерде Мәскеуден шыққан «Жан жүйесі мен өнер таңдау» деп аталатын кітаптарынан құрастырылған  «Псиқолоғия» ғалым Р.Нұрғалидың алғысөзімен, психолог–ғалым А.Ақажанованың араб жазуынан кириллицаға көшіруімен 1995 жылы Алматыдағы «Рауан» баспасынан (312 беттен тұратын) басылып шықты.

Ғалым Р.Нұрғали алғысөзінде «...Жүсіпбек таза ғылым саласына, оның ішінде педагогика, психологияға арналған күрделі, маңызды, терең еңбектер берген көшелі ғалым, білікті зерттеуші», екендігіне, әрі ғалымның дін тарихына, пәлсапа тарихына терең бойлай отырып, көптеген мысалдар мен деректер арқылы психология ғылымындағы негізгі ұғымдардың мәнін ашуда түрлі тәсілдерді қолданып қана қоймай, шіміркеніс, рефлексия т.б. ұғымдарды академик И.П.Павловтың іліміне орайлас талданғанына назар аудартады.

Әдебиет майданындағы «ЕКЕУДІҢ»  сыңары Жүсіпбек Аймауытұлының көркем шығармаларының қайсысын алсақ та онда адам тану, адамның ішкі сезім дүниесі мен сыртқы бейнесінің үйлесу пошымын тану мүмкіндігіне әкеледі. Ол, ең алдымен автордың басты ерекшелігі - оқып отырған адамға тікелей әсер етіп, оқушының өз бойындағы адами болмыс пен міне-құлық, һарекет детальдарын саралауға   жол ашуы.

Ж.Аймауытұлы: «Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығаны»

Ғалым Е.Жұматаева «Ж.Аймауытовтың психология іліміндегі наноғылымы» мақаласында (135 бет) «Ж.Аймауытов соқыр сезім мен саңылау сезімдердің көзге көрінбейтін бөліктеріне дейін зерттеу жасауда психология ілімін физиологиямен, биологиямен, физикамен, медицинамен, химиямен және қоғамдық пәндермен байланысты салыстыру амалымен зерделегенін тоқтала тұжырымдайды. Ж.Аймауытұлы саңылау сезімдердің көрінісін қылықтан, харекеттен іздеп былайша түйеді: «қылық дегеніміз күрделі қызметтерді бөлшектеп, ең әдемі құрандысын тапсақ, соны саңылау сезім деп айтады», -дей келе саңылау сезімдердің алғашқы бөліктері деп – адамның қуаты, есте жаңғырту қабілеті – берне (представление) мұратқа (идея) себепші екендігін ескереді. Саңылау сезімнің алгоритмі адамның екінші табиғаты болып саналатын әдеті, берне іліктестігіндегі «икемділігі» - белгілі талапқа қатысты мақұлдау, терістеу, көну, көнбеу сезімі, ынтасы, ілтипатына сай һарекеттерден тұрады. Тағы да бір қаперде ұстар тұсы -  психологияға қатысты классикалық терминдердің орынды қолданылуы мен қазақша баламасының нақтылығы, айтылу тәртібіндегі үндестік заңының сақталу ережелеріне сәйкестігін айта кету артық болмас. Мәселен, бірнеше түрге бөлінетін адам мінездерін былайша түсіндіреді: аяныш жанды (сентиментальді), ыстық қанды (сангвинник), салқын қанды (флегматик) қызбалы (холерик), сарыуайымшыл (апатичный), жад (память) және т.с.с.

Ж.Аймауытұлы соқыр сезім мен саңылау сезімге тәуелді екі жадты (память): қисынсыз, мысал ретінде еске сақтаған болмыстардың қосындысын жұлма жад және тәжірибенің қисындық ережелерінен құралатын тұжырымды пәлсапалық жад деп бөліп қарастырады. Жұлма жадтың ойлау һарекетінің ақылға негізделуі арқылы табиғат заңымен үндестікте шешілуі тұжырым жасауға  бірден-бір себеп. Себеп-салдар есебінде бір-бірімен байланысу жолдары пәлсапалық жадтың нысанында. Адам баласының сыртқы әлемді, қоршаған ортаны танып-білуі, қабылдауы, онымен араласуы, пайымдауы, тұжырымы сезіну (иіс), көру, есту, ұстап көру, дәмін татып көру және дене сезімі мен көңіл сезімін сыртқы және ішкі сезім арқылы дамитындығын жіктеп береді. Соқыр сезім әр түрлі болады: ұрпақ қалдыру, тамақ табу, бас қорғау  соқыр сезімдер. Сол сияқты еліктеу қылығы да сол бас қорғау соқыр сезіменен туатындығын философиялық талдау арқылы жеткізеді.  Саңылау сезімді мүшелеріне, олардың қызметіне жекелей тоқталып,  түсініктеме беріп, терминдердің қазақша баламасын қоса беріп отырады.  (Зерде (рассудок), құлақ қошқары (улитка), құлақ иірімі (лабиринт) т.с.с.)  Саңылау мүшелеріміздің ең бір негізгісі – құлақ, адамның сыртқы дүниеден алатын мағұлматтарының он үштен он екісі құлақ арқылы кіреді деп, құлақтың бітімінен бастап, құлақ еститін дыбыстың қалай пайда болатындығын өзімізге таныс домбыраның дыбыс шығаратын ішегінің тербеліс толқынын туындайтынын, дыбыс күшінің айырмасын табиғаттағы ауа толқынымен, теңіз толқынымен  салыстыра тарқатады. Бұл орайда Жүсіпбек Аймауытовтың физика, музыка саласында аса  білімді болғандығын байқаймыз.  Немістің атақты физигі, дәрігер, физиолог һәм психологы Копли медалін алған Герман Людвиг Фердинанд Гельмгольцтың (1821-1894) «Учение о слуховых ощущениях как физиологическая основа для теории музыки», белгілі неміс физиологы Виктор Гензеннің  (1835- 1924) «Физиология слуха» (1889) және  «Основания физиологии человека»  И. М. Сеченовтің редакторлығымен 1875 жылы орыс тілінде шыққан еңбектеріне сілтеме жасаған (Гельмольц қисыны,  97-99 бб, Геренгтің қисыны 99 б).   Гельмольцтың зерттеулері музыка саласындағы білім беру мен тәрбиелеу үрдісінде  және музыкалық психологияның барлық салаларында тың серпіліс әкелген.

Осы еңбекте қазақ фольклорынан «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады», ағылшынның «атты суатқа әкелуге болады, зорлап ішкізуге болмайды деген бір мәтел бар», Нар деген ғалым былай деген:»білім жүзіндегі адамның шығарған табысы ( изобретение) мен еліктеу – міне, адам баласының тарих жолындағы алға қарай алаңдаған екі аяғы осы деуге болады!


Сымбат Мүталапханқызы,

«Білім тарихы» музейінің меңгерушісі,

ҚР журналистер одағының мүшесі. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға