Жаңалықтар

«Жүрегі дархан халық»

Орыс халқының елімізге қоныстану тарихы мен салт-дәстүрі
«Жүрегі дархан халық»
04.11.2020 15:22 10969

Орыстар – Ресей Федерациясының байырғы халқы. Орыс халқының тарихы қазіргі Украина, Беларусь республикаларының аумағында және Ресей Федерациясының еуропалық бөлігін қамтиды. Бұл халықтың алғашқы құрамының негізін шығыс славян тайпалары құраған. XIV-XV ғасырларда Ресейдің еуропалық бөлігі «Русь» деп атала бастап, XVI ғасырдан Ресей (Россия) аталып кеткен.

«Жүрегі дархан халық»

Кейбір ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі бойынша, «орыстар» термині Днепрдің орта ағысындағы бөлігін мекендеген «росстар» немесе «русстар» деген тайпалардың атауымен байланысты. XV ғасырда орыстар мекендеген жерлерге қатысты  «Ұлы Русь» (Великая Русь), украин жерлеріне қатысты – «Кіші Русь» (Малая Русь), ал белорусь жерлеріне қатысты – «Ақ Русь» (Белая Русь) атаулары қалыптасады.

Алғашқы ежелгі орыс мемлекеті  – Киев Русі IX ғасырда құрылған. Осы мемлекет таратылғаннан кейін XII ғасырда оның халқы: орыстар, украиндар және белорустар болып үшке бөлініп кетеді. Киев Русі құлағаннан кейін оның бүкіл халқы әртүрлі княздіктерге бөлінеді. Олар тек XIV-XV ғасырларда татар-моңғол шапқыншылығы кезеңінде ғана біріге бастайды. Шапқыншыларға қарсы соғыстарда орыс княздіктері Мәскеу билігінің төңірегіне бірігеді.

Ресейдің күшеюі  I Петр патшаның билеу кезеңінде басталады. Ол бірқатар саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізеді. Соның нәтижесінде ел өзінің дамуында едәуір алға жылжыды. 1917 жылдан кейін Ресейдің билігін большевиктер қолына алып, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (КСРО) құрады.  1991 жылы Кеңес Одағы таратылғаннан кейін Ресей федеративтік мемлекетке айналды. 

Орыстардың Қазақстанға қоныстану тарихы

Орыс халқы татар-моңғол бодандығынан босатылғаннан кейін көрші өңірлерге көші-қон науқанын бастайды. 1552 жылы Мәскеу әскері Қазанды жаулап алғаннан кейін Ресей мемлекетінің құрамына Еділ бойындағы халықтар кіреді, ал 1556 жылы – башқұрттар қосылады. XVII ғасырда орыс халқының шығысқа қарай қоныс аударуының нәтижесінде Ресейдің бодандыққа айналған аумағы ұлғая түседі. Соның ішінде қазақ жері де бар. Жайық, Есіл, Тобыл және Жоғарғы Ертіс өзендерінің бойындағы көптеген аймақ күшпен Ресейге қосылады. Бұл жерлерде қалмақтар, башқұрттар, Сібір татарлары мен ойраттар тұратын. Ал олардың кейбір мекендері қазақтардың көшпелі аумақтарымен түйісіп жататын.

«Жүрегі дархан халық»

Орыстардың қазақ жерлеріне жаппай ене бастауы 1731 жылы Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Ресейдің билігін қабылдағаннан кейін орын алады.  Орыстардың қазақ жерлеріне қоныс аудару тарихын шартты түрде 3 кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңі XVIII ғасырдың басы – XIX ғасырдың екінші жартысында орын алған әскери-қазақ отарлық жаулаушылығымен байланысты келеді. Екінші кезеңі XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың аяғында орын алған орыс шаруаларының қоныс аударуымен тікелей байланысты. Үшінші кезеңіне орыстардың Кеңестік дәуірде қазақ жерлеріне жұмысқа келу сылтауымен жаппай қоныстануын жатқызуға болады.   

Қазақстанға алғашқы қоныс аударғандар қатарына қазақтар мен әскери адамдар жатады. Олар негізінен патша үкіметінің тірегіне айналған шекаралық қамалдарды мекендеген. Кейінірек, Қазақстанды отарлау күшейе түсуіне орай, қоныс аударушы шаруалар, мещандар және ұзақ мерзімді демалысқа шыққан жауынгерлер санаттарына жатқызылды. 

Патша үкіметінің пікірінше, орыс шаруалары шекарадағы әскерді, сондай-ақ Колыван-Воскресен зауыттардағы халықтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету міндеттерін шешуге тиіс еді. Патшалық үкімет шаруаларды тарту үшін арнайы шақырып, күшпен жинап, жер аудартып отырды. 1792 жылғы жарлықпен Бұқтырма орыс халқы «бұратана» құқығында Ресей бодандығына қайтарылды. Егер XVIII ғасырдың соңына қарай Алтайдың шаруа халқы шамамен 10 мың адам болса, санақ бойынша 1897 жылдың өзінде шамамен 90 мың адамға жеткен.

«Жүрегі дархан халық»

Қазақстанда XIX ғасырдың аяғы мен  XX басында орыс халқы  саны тез қарқынмен өсті. Осы кезеңде Ресейдің еуропалық бөлігінен шаруалардың жаппай көшуі басталған болатын. 1897 жылы Қазақстанның алты облысында орыстардың саны шамамен 544 мың адам болды. Олардың үлес салмағы өлкедегі жалпы халық санының 12,8% құрады.

Олардың басым бөлігі Ақмола және Орал облыстарына қоныстанды.  Орыс халқының негізгі бөлігін құраған шаруалар (40 %), қазақтар (33%), дворяндар (5%) және тағы да басқа ұлт өкілдері.

1917 жылдан кейін біздің елімізге түрлі ұлт өкілдері қоныстана бастады. Орыс халқының жаппай сол қоныс аударуы кеңестік кезеңде соғыстан кейінгі уақытқа тиесілі. Бұл кезде Қазақстанда 1954 жылдан бастап тың және тыңайған жерлерді игеру басталған еді. Кейіннен Қазақстандағы орыс диаспорасының саны ұдайы өсіп отырған. Қазақстандағы орыс халқының өкілдерінің саны жергілікті қазақтардан кейін екінші орынды алады. Орыстар еліміздің барлық аймақтарында тұрады.

Орыстардың шаруашылығы мен баспанасы

Орыс халқы негізінен егін егумен айналысқан. Олар өсірген дәнді дақылдарға қара бидай, сұлы және тарыны жатқызуға болады. Оңтүстік аймақтарда бау-бақша өсірумен, егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысты.

Орыстар негізінен орманды аудандарда тұрды. Олардың ағаштан салынған баспаналарын «изба» деп атады. Кейінірек күйдірілген кірпіштен үйлер салына бастады.

Тілі мен мәдениеті

Орыс тілі – шығыс славян тілдері тобына жатады. Оларда солтүстік (акающий) және солтүстік (окающий) деген екі диалект бар. Орыс халқы көне дәстүрлерді ұстанған. Орыс халқы әдебиет, музыка, театр, кинематография, бейнелеу өнері, цирк, архитектура және ғылым салаларында жетістікке жеткен тұлғалармен бүкіл әлемге белгілі. Олардың қатарына М.Ломоносов, Менделеев, Попов, Чайковский, А.Пушкин, Л. Толстой және басқа да көптеген танымал адамдар бар. Көптеген орыс зерттеушілері қазақ жеріне келіп зерттеу жүргізіп, ғылыммен айналысқан. Солардың қатарында А.Пушкин мен В.Даль бар.

«Жүрегі дархан халық»

Г.Н.Потанин Ямышево (қазіргі Лебяжі ауданы, Павлодар облысы) Сібір казактары отбасында дүниеге келген. Ол Ресейдің ірі қоғам қайраткері, публицист, ғалым-географ, және этнографы. Омбы кадет корпусында оқыған кезде Шоқан Уалихановпен танысып, дос болды. Потанин қазақ тілін, қазақтардың тарихы және географиясы, тұрмысын жақсы білген. XIX ғасырдың 60-90 жылдары Қазақстан, Орталық Азия, Монғолия, Урянхай өлкесі, Қытай және Тибетке ірі саяхат жасаған. Саяхат кезінде ізденіп, қазақ халқының мәдени мұрасын жинаған. Ә.Бөкейханов, М.Шорманұлы, К.Өскенбайулы, Қ.Сәтбаевпен достық қарым-қатынаста болған.

Ғалым қазақ ертегілерінің үлгісін және қазақ халық шығармаларын талдай отырып, тарихы пен этнографиясын да зерттеді. Сонымен қатар көптеген ғылыми мақалалар жазған. Оларға: «Қырғыз жәрмеңкесінде», «Қырғыз саудасы», «Казак-қырғыз және алтай аңыздар, ертегі», «Шоң би, «Қазақ-қырғыз ұрпақтары», «Соңғы қырғыз ...» және тағы да басқа мақалалары жатады.

Г. Потанин – көрнекті ғалым-шығыстанушы, қазақ мәдениетінің тамаша білгірі. 1915 жылы ұлт зиялыларының өкілдері  Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы Орынборда ғалымның 80-жылдық мерейтойын атап өтті. Қазақтар  Г.Потанинды «Гареке»  деп атаған.

Дәстүрлі тағамдар

Дәстүрлі орыс тағамдарына көбінесе ұннан жасалған тағамдар жатады. Домалақ үлкен нан және құймақ, бәліштер әзірлеген. Нан ерекше кұрметке лайық болған. Жарма мен дәнді дақылдардан сұйық көже дайындаған.

bors.jpg

Орал өлкесінде  ячка жармасынан щи дайындалады. Ал оңтүстік өлкесі  бидайдан қою көже дайындайды. Барлық өнірлерде «кутья» деген ботқа пісіріледі. Оған бидай, сұлы дәні және бал  қосылады. Бақшада қияр, қырықабат, картоп өнімдерін  өсірген. Сиыр, қой, шошқа етінен және балықтан тағамдар әзірлеген.

Ұлттық киімдері

Орыс халқының ұлттық киімдерінің ерекшелігі – сыртқы киімнің саны  көп болған. Сыртқы киім ашық және жабылатын түрлерге бөлінеді. Жабылатын киім басынан өткізіліп киілсе, ашық сыртқы киім үстінен етегіне дейін ашық болады да түймеге салынады. Ер азаматтар зығыр, мақта, жібек маталардан тігілген жейде киеді. Қарапайым халық жейдені сыртқы киім ретінде киген. Кей кездері жібектен жейде тігіп киетін болған. Жалпы ерлер өрнектермен әшекейленген жейде киіп, белдерін белбеумен буынған

Этномәдени орталықтар

1992 жылдың 26 қыркүйектен бастап «Лад» қоғамдық ұйымның  құрылтайы өтті. Ұйымның 50000 мүшесі бар. Республикада 24 бөлімшелер  құрылған. Ұйым өз  жұмысында мәдени-ағарту, саяси белсенділігін танытып келеді.  

1999 жылы  «Ассоциация русских, славянских и казачьих общественных объединений в Казахстане» заңды тұлғалардың ұйымы пайда болды. Оның құрылымына 13 қоғамдық ұйым кірді. Олар славян қоғамдық ұйымдардың жұмысын жүйеге келтіріп, орыс халқының салт-дәстүрін, тілін дамытуға бағытталған.

Мысалы, Павлодар қаласының ірі қоғамдық ұйымдарының бірі «Славянский культурный центр» 1996 жылы құрылған. Павлодар облысының әкімшілігі осы қоғамдық ұйымға 350 орындық залы бар үлкен кинотеатр  ғимаратын беріп, үйірмелердің жұмысын көрсетті.

Орыс тілінде газет пен журналдар үлкен тираждармен жарық көреді. Орыс тілінде телеарна және радио өзіндік аудиториясын қамтиды. Балабақша, мектеп және жоғары оқу орындары орыс тілінде білім береді. Үкімет, парламент, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда орыс халқының елеулі тұлғалары бар.

 

Бөлісу:
(Суреттер: Ашық ғаламтор көзінен алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға