Роберт Паттинсон жаңа фильмде Джеймс Бондтың рөлін сомдайды. Актердің 007 агенті ретінде бекітілгені ресми жарияланғаннан кейін, кино әлемінде оның экрандағы серігі кім болатыны қызу талқылана бастады.
Variety басылымы жаңа фильмдегі Бондтың серігі болуы мүмкін 19 актрисаның тізімін жариялады. Олардың қатарында Зендея, Флоренс Пью, Марго Робби, Эмили Блант және басқа да танымал өнер иелері бар.
Жаңа фильмнің режиссері – Дени Вильнев. Сценарийін Стивен Найт жазып жатыр. Ал продюсерлік жұмысты Эми Паскаль мен Дэвид Хейман атқарады.
Variety басылымының пайымдауынша, Вильнев – әйел кейіпкерлерді нанымды әрі терең сомдауға мүмкіндік беретін рөлдер жасауда тәжірибелі режиссер. Бұған оның «Келу» фильміндегі Эми Адамс, «Сикарио» картинасындағы Эмили Блант, сондай-ақ «Дюна» фильмдеріндегі Ребекка Фергюсон мен Зендеяның кейіпкерлері дәлел. Сондықтан жаңа фильмдегі Бондтың серігі жай ғана сән үшін қосылған кейіпкер болмай, өзіндік мінезі мен жеке оқиғасы бар маңызды тұлғаға айналуы мүмкін.
Зендея, Флоренс Пью, Марго Робби: басты үміткерлер кімдер?
Басылым назар аударған актрисаларының бірі – Зендея. Ол 2026 жылы Роберт Паттинсонмен бірге A24 студиясының «Драма» фильмінде және Кристофер Ноланның «Одиссея» картинасында бой көрсеткен. Ал жыл соңында екеуі де Дени Вильневтің «Дюна: үшінші бөлім» фильміне бірге түседі. Variety олардың экрандағы үйлесімін ескере отырып, Зендеяға MI6 барлау қызметінің қызметкері рөлін ұсынады. Оның кімнің жағында екені фильмнің соңына дейін көрерменге жұмбақ болып қалуы мүмкін.
Тағы бір үміткер – Marvel фильмдеріндегі Елена Белова рөлімен танылған Флоренс Пью. Ол да «Дюнаның» үшінші бөлімінде Паттинсонмен бірге ойнайды. Бірнеше Marvel жобасына қатысқан актрисаның жекпе-жек сахналарын орындау тәжірибесі бар. Сондықтан басылым оның өзіне қарсы шыққандардан қорғана алатын, мінезі қайсар Бонд серігін сомдауына болатынын айтады.
Эмили Блант та үміткерлер қатарында. Ол Дени Вильневтің «Сикарио» фильмінде ФБР агентінің рөлін сомдаған, сондай-ақ франшизаның үшінші бөліміне қайта оралмақ. Паттинсоннан жасы үлкен актрисаға Variety MI6 қызметіндегі тәжірибелі маманның рөлін ұсынады. Ол бірнеше Бондпен бірге жұмыс істеп, талай оқиғаны бастан өткерген кейіпкер болуы мүмкін.
Марго Робби қалталылар арасында жүрген айлакер антагонистің рөлін сомдауға лайық. Актрисаның «Фокус» фильміндегі алаяқ әйел және Харли Квин бейнелері мұндай кейіпкерді нанымды жеткізе алатынын аңғартады.
Тізімдегі тағы бір есім – Аня Тейлор-Джой. Оның «Фуриоса» фильмінен кейін трюктерді орындау тәжірибесі қалыптасқан. Бұған қоса, ол да «Дюна: үшінші бөлімде» Паттинсонмен бірге көрінеді. Variety актриса мен Бондтың арасында «Королеваның жүрісі» сериалын еске түсіретін шахмат бәсекесін ұйымдастыруды ұсынады.
Тізімде тағы кімдер бар?
Variety жариялаған қысқа тізімге жоғарыда аталған актрисалардан бөлек, Сидни Суини, Хантер Шафер, Кристен Стюарт, Майки Мэдисон, Дева Кассель, Чейз Инфинити, Адриа Архона, Джемма Чан, Марион Котийяр, Лили Джеймс, Гугу Мбата-Роу, Изабела Мерсед, Инде Наварретт, Лупита Нионго, Маргарет Куолли, Анна Саваи және Софи Тернер енген.
Әзірге бұл актрисалардың ешқайсысы жаңа фильмдегі Бондтың серігі ретінде ресми бекітілген жоқ. Жарияланған тізім – Variety басылымының болжамы ғана.
Роберт Паттинсон Джеймс Бонд рөліне қалай таңдалды?
Ал Роберт Паттинсонның өзі әйгілі франшизаның жаңа фильмінде Джеймс Бондтың рөлін сомдау мүмкіндігін «өміріндегі ең үлкен мәртебе» деп атаған.
Джеймс Бонд – кино тарихындағы ең аңызға айналған кейіпкерлердің бірі. Ал 007 рөліне бекітілуім – мен үшін өмірімдегі ең үлкен мәртебе. Маған сенім артқан Дениге, Эмиге, Дэвидке, Тане және Amazon MGM Studios ұжымына шын жүректен алғыс айтамын. Бұл рөлді орындалған арман деудің өзі аздық етеді, – деді Паттинсон.
Осылайша, актер 2006 жылдан 2021 жылға дейін бес фильмде Бондтың бейнесін сомдаған Дэниел Крейгтің орнын басады. Крейг түскен соңғы туынды – «Өлуге уақыт жоқ» фильмі. Картинаның соңында Джеймс Бонд қаза табады.
Бұл фильм франшизаның ұзақ жылдар бойы продюсері болған Майкл Дж. Уилсон мен Барбара Брокколидің жобаның шығармашылық бақылауын Amazon MGM Studios-қа 20 миллион долларға сатқаннан кейінгі алғашқы туындысы болмақ.
Дени Вильнев жаңа фильмнің режиссері ретінде 2025 жылдың маусымында бекітілген. Сол кезде ол өзін Джеймс Бондтың жанкүйері санайтынын айтып, франшизаның жаңа миссияларына жол ашуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.
Айта кетейік, Вильнев бұған дейін Роберт Паттинсонмен «Дюна: үшінші бөлім» фильмінде бірге жұмыс істеген. Картина желтоқсан айында көрерменге жол тартуы тиіс. Ал жаңа Бонд фильмінің продюсерлері – Эми Паскаль мен Дэвид Хейман.
Жаңа Джеймс Бондтың кім болатыны соңғы айда киноиндустрия мен бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыланған тақырыптардың бірі еді. Бұған дейін үміткерлер қатарында Джейкоб Элорди, Джек Лоуден, Каллум Тернер, Джош О’Коннор, Николас Холт, Аарон Тейлор-Джонсон, Харрис Дикинсон және тіпті Гарри Стайлздың есімдері аталған.
The Hollywood Reporter басылымының мәліметінше, Роберт Паттинсон Джеймс Бонд рөліне Джек Лоуден, Каллум Тернер және Джош О’Коннормен бірге кастингтен өткен. Дереккөздердің айтуынша, іріктеу 24 қазанда Лондонда ұйымдастырылған. Ол кезде актер қалада «Бэтмен» фильмінің жалғасын түсіріп жатқан.