Жаңалықтар

Үйсін тауы дейтін жер атауы бар

Меніңше, салыстыра айтқанда үйсіндер туралы ең тіке, ең тыңғылықты, ең əділ зерттеу жүргізген қытайлықтар ішіндегі екі Уаңның мына сөзі талайды ойлантар-ақ.
16.10.2014 05:53 5283

Айта берсеңіз, бүгінгі қазақ құрамында атамзаманғы сақ тайпаларының бəрінің де ұрығы барына сену керек. Мысалы, массагеттер де соның ішінде. Махмұт Қашқаридың: “Сөз басындағы М əріпін оғыз, қыпшақ жəне суварлар Б əріпіне айналдырып айтады” дегенін мықтап ескерген Шадыман Ахметұлы: “бұл құбылыс говордан ғана емес, əдеби тілден де мықтап орын алғаны белгілі. Мысалы, мауыздау-бауыздау, мейнет-бейнет, мейіл-бейіл, мекіре-бекіре, мойы-бойы, мешпет-бешбет, мұны-бұны” дей келе, “мас” дегенді “бас”, “саг”дегенді “сақ” деп біледі де, этнонимдер құрамындағы “ата”, “ете” лердің “ат”, “ет” болып қысқаруын алтай тілдерінде тəн заңды құбылыс санайды, сосын“Массагет - массақ тайпасы, сақтардың бас тайпасы деген мағынада болып, қызығарлығы, қазақтың Кіші жүзінде ұйтқы ұлыс (ноқта аға. - С. Ж. ) болған Алшынның байұлынан тарайтын масқарлар ішінде массақ атымен байырғы қонысында əлі де өмір кешіп жатыр” деп тұжырады.

Осы айтылғандарға сүйене отырып, берік байламға келуге болады: Қазақ - өзге ұлттар сықылды мейлінше метистенген ұлт. Оның құрамындағы екі жүздей тайпаның ақ пен сары нəсілділердің талайына мұрагер екенінде дау жоқ. Соның бірі - ежелгі, кезінде ақ нəсілді болған үйсіндер.

Меніңше, салыстыра айтқанда үйсіндер туралы ең тіке, ең тыңғылықты, ең əділ зерттеу жүргізген қытайлықтар ішіндегі екі Уаңның мына сөзі талайды ойлантар-ақ. Олар 27 жылдың алдында: “Таяу заман қазақтарында Үйсін атты тайпалық одақ барлығы - жұртқа аян шындық; Іле Қазақ Автономиялы Облысындағы Моңғолкүре мен Чапчал аудандарының арасында тұрған тау сілемін жергілікті бұқара əлі де Үйсін тауы деп атайды;

Қазақ ұлты таралған басты аумақтың ежелгі үйсіндер отырған аумақпен дөп келетінін де көріп отырмыз. Мұның бəрі назар аударуға татитын тарихи құбылыс... Үйсіндердің дене бітімдік ерекшелігі күрделі. Үнді-еуропалық нəсіл нышандары да, моңғолоидтық дене бітім нышандары да бар” деген болатын. Егер осы заман қазақтарына тəптішті назар салсаңыз, тіпті нəсілдік белгілеріне шейін ғылыми зер-делеу жүргізсеңіз - олардың сыртқы келбетінен тартып ішкі Y хромосомасына (Y) дейін қарасаңыз, ақ нəсілдік те, сары нəсілдік те нышандарды таба аласыз. Хəн, моңғол ұлттарына да, араб, парсы ұлттарына да, сонау еуропадағы ұлттарға да ұқсайтындар толып жатыр.

Сондықтан бүгін, «Шынжаңның жергілікті тарихы» сықылды оқулықтар ежелгі “Үйсін - бүгінгі қазақ ұлтының басты тегінің бірі” деп жазды. Ал, Қазақстан сықылды ел ғалымдарын былай қойғанда, Қытайдағы Су Бейхай, Уаң Шюйсұң, Лəй Юйниң, Нығмет Мыңжанұлы, Жақып Мырзаханов, Жақып Жүніс, …сықылды талай ғалым осы көзқарасты мықтап құптады. Демек ішінара бөтен пікірлерге құлақ асудың қажеті қалғаны жоқ.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға