Жаңалықтар

Қылмыстық іздестіру саласында білікті мамандар қызмет етеді

Криминалдық полиция басқармасының іздестіру бөлімінің бастығы тәжірибесімен бөлісті
Қылмыстық іздестіру саласында білікті мамандар қызмет етеді
Фото: El.kz 05.10.2022 14:22 2959

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек жыл сайын елімізде мыңдаған адам жоғалады екен. Олар қандай жағдайда жоғалады? Адам жоғалса не істеу керек? Жоғалған адамды іздеу қанша уақытты алады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Астана қаласы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының іздестіру бөлімінің бастығы, подполковник Нұрғали Рүстемұлымен сұқбаттасқан болатынбыз.

–  Нұрғали Рүстемұлы кімдер қандай жағдайда жиі жоғалады?

– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек көбінесе отбасылық жанжал әсерінен және құмар ойынмен ойнайтын, алкогольді ішімдікке тәуелді азаматтар мен нашақорлар жиі жоғалады. Ол көбіне таныстарының, туыстарының үйінде немесе пәтер жалдап, қонақ үйлерде түнейді.

Жыл басынан бастап біздің Криминалдық Полиция басқармасына адамдардың жоғалуына байланысты 3903 арыз тіркелді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2210 арызды құраған еді. Бұл адамдардың жоғалу көрсеткішінің көбейгендігін көрсетеді. Жоғалған азаматтардың басым бөлігі тәулік ішінде табылса, қалғандары іздестіру шаралары кезінде анықталып жатады.

– Азаматтар қандай жағдайда және жылдың қай мезгілінде жиі жоғалады?

– Негізінен азаматтардың басым бөлігі ауа райының жылы мезгілінде жоғалады. Кей жағдайларда жаңа оқу жылы басталғанда жасөсіпірмдердің жоғалуы орын алып жатады. Көп жағдайда балалар өзге қоғамдық көлікке мініп, адасып жатады. Ата-аналары бұл туралы кеш біліп, полицияға хабарласатын жағдайлар аз емес. Қуантарлығы олар аман-сау табылып жатады. Кейде қарттар, егде жастағы адамдар жоғалады. Олар мекен жайлары мен үйлерін таппай адасады. Жасөспірімдердің жоғалуына көбінесе балалықпен сыртта ойнап, қыдырып кетуі себеп болып жатады.

 Осы орайда мен сіздерге бір жасөспірімнің жоғалу оқиғасы туралы баяндап берейін. Биылғы жылы елорда тұрғыны жасөспірім қызының жоғалғандығы туралы арызданды. Шұғыл түрде Адамдарды іздестіру бөлімінің жеке құрамы іздестіру жұмыстарын жүргізуге жұмылдырылды. Жоғалған қызды табуға еріктілер де атсалысты. Таныстары мен сыныптастарынан, соңғы рет көрген адамдардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Жасөспірім 20 күннен кейін Ақмола облысы Аққөл елді-мекенінен табылды. Полиция қызметкерлері қыздың осы уақыт аралығында сүйіктісімен болғандығы анықтады. Сұрастыра келе, бұл жасөспірімнің осыған дейін бірнеше рет жоғалғандығы анықталды. Қазіргі таңда жасөспірім қыз аман-есен ата-анасына тапсырылды. Жоғалған азаматшамен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

– Адам жоғалғаннан кейін қанша уақыттан кейін полицияға хабарласу керек? Міндетті түрде үш тәулік өтуі керек пе?

– Әр адам – жеке тұлға. Бірақ адам жоғалғаны туралы ақпаратты, әсіресе балалар жоғалса, міндетті түрде полицияға арыздану керек. Үш тәулік күтудің қажеті жоқ. Полиция қызметкерлері адам жоғалғандығы туралы арызды бірден қабылдайды. Сондықтан жақыныңыз, туысыңыз жоғалса, уақытты өткізбей бірден тәртіп сақшыларына арызданыңыз.

– Арызды тек жоғалған адамның жақындары ғана жазуы керек пе?

–  Адамның жоғалғандығы туралы хабардар болған кез келген азаматқа  арыз жазуға болады.

–  Ішкі істер органдарындағы ең жауапты сала саналатын қылмыстық іздеу саласына қалай келдіңіз?

– Оқуды аяқтап, диплом алғаннан кейін, полиция қызметкері болып 1998 жылы жұмысқа орналастым. Соның ішінде 2005 жылдан бүгінгі таңға дейін қылмыстық іздеу саласында қызмет атқарып келемін.

– Жедел уәкіл қызметінің қызығы мен қиындығы туралы айта кетсеңіз.

–  Әрине, әр іс әрқалай жүргізіледі. Оның ішінде ауыр қылмыстық істер де болады. Іздестіру шаралары кезінде кейбір түндерде ұйықтамайтын кезіміз де болады. Алайда әрбір жоғалған адамдар табылып, ағайын-туыстарының қуанышын көргенде барлық қиындықты ұмытып кетесің.

–  Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Менің бірнеше өмірлік ұстанымым бар. Алғашқысы не болса соған сене берме, қолыңда бардың қадірін біл. Уақытыңды құр бекерге жіберме. Адамдар сенен көмек сұраса, қол ұшын созудан бас тартпау қажет. Өмірдің әр сәтінен сабақ алу, болмашы өтіріктің немесе ұрыстың үлкен достықты бұзуына жол бермеу керек. Адам үш нәрсені ұмытпаса деймін. Әр азамат өзін және өзгелерді құрметтеп, өзі жасаған әр іс-әрекетіне жауап бере білуі міндетті деп білемін. Адам өмірін адал және өзіне лайықты етіп сүруі керек деп ойлаймын. Ертеңгі күні қартайғаныңда өткеніңнен рахат алатындай бол. Сонымен қатар адам өмірінде жүрекке жол таба білу де маңызды.

– Жеткен жетістіктеріңіз туралы айта кетсеңіз.

–  Менің осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерім ата-анам мен әріптестерімнің арқасы. Сонымен қатар тынбай еңбектенуімнің нәтижесі деп білемін.

– Қылмыстық іздестіру қызметі оның ішінде Адамдарды іздеумен айналысатын бөлімнің жұмысы туралы айта кетсеңіз.

– Қылмыстық іздестіру қызметінде білікті мамандар қызмет етеді. Біздің қызметкерлер әрбір өтініш бойынша із-түссіз жоғалған адамдардың орналасқан жерін анықтау шараларын жүргізеді. Жедел тергеу тобы адам туралы жалпы мәліметтерді жинайды. Біз үшін адамның жасы, бойы, салмағы, дене бітімі, шашы мен көзінің түсі маңызды. Сонымен қатар жоғалғанға дейін қандай киім кигендігі, достары мен әріптестерінің ұялы телефон нөмірлері қажет. Іздестіру шаралары барысында ауруханалар, мәйітханалар және басқа да арнайы мекемелер тексеріледі. Сондай-ақ, жоғалған адам оқиғалардың қысқаша мазмұны бойынша қарастырылады. Балаларды іздеген кезде Ювеналды полиция инспекторларымен бірлесіп, жоғалған баланың сыныптастарының, достарының ортасы пысықталады. Сауда үйлері, компьютерлік клубтар, ойын алаңдары, кіреберістер, саябақтар және басқа да орындар тексеріледі. Жоғалған адамдарды іздеудің мерзімі жоқ, олар үнемі жүргізіледі. 

– Қылмыстық іздестіру саласында жүріп, қанша қылмыстың ашылуына себепкер болдыңыз?

–  Жоспарсыз жұмыста жүйе болмайды. Сол себепті қылмыстың із-түссіз жоғалудың алдын-алу мақсатында үнемі профилактикалық ескерту жұмыстары жүргізіледі. Қылмыстың ашылуына менің ғана емес, жалпы бөлім қызметкерлерінің еңбегі үлкен. Себебі біз бірлесіп іздестіру жұмысын жүргіземіз. Қылмыстық іздестіру соның ішінде жоғалған адамдарды табылғанға дейін яғни нәтиже болғанша тоқтатылмайды.

– Жасөспірімдердің жоғалу фактісі жиі орын алып жатады. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында жедел іздестіру қызметкері ретінде ата-аналарға берер кеңесіңіз.

–   Ата-аналар бала тәрбиесіне басты назар аударса екен деймін. Отбасындағы жанжал, ұрыс-еріс баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Соңында жасөспірімдер мен балалардың үйден кетуі, жоғалуы жиі орын алып жатады. Сондықтан ата-аналар балаларының бос уақытында кімдермен араласатындығын, достары мен сыныптастары туралы ақпараттан хабардар болса екен дейміз. Егер де балалар кішкентай болса, оларды қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз!

– Сұқбатыңызға рахмет! Кәсіби мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға