Yandex Ads зерттеуі: ЖИ негізіндегі сервистер қолданушылардың сатып алу жолына қалай әсер етеді

 magnific.com
Фото: magnific.com

Yandex Ads компаниясы елдің 1800 тұрғыны арасында жүргізген зерттеу нәтижесінде қазақстандықтардың ЖИ негізіндегі сервистер мен қосымшаларды белсенді қолданатыны анықталды. Оның ішінде сатып алуды жоспарлау кезінде де кеңінен пайдаланылады.

ЖИ қолдану: дағдылар, мақсаттар және сенім

ЖИ негізіндегі қызметтердің ішінде респонденттердің 41%-ы жеке қосымшаларды, 37%-ы іздеу жүйелеріндегі ЖИ мүмкіндіктерін, ал 22%-ы смартфондағы дауыстық көмекшілерді қолданады. Сауалнамаға қатысқандардың төрттен үші бұрынғыға қарағанда ЖИ сервистерін жиірек пайдаланатынын айтқан. Ал 27%-ы іздеу жүйелері мен ЖИ қосымшаларын қатар қолданады.

«Зерттеулерге сүйенсек, әлемдік ЖИ-іздеу нарығы 2035 жылға қарай 10 еседен астам өседі. Біз мұны өз деректерімізден де байқап отырмыз. Пайдаланушылар Нейро сервисіне жиі жүгінеді: күн сайын Яндекс Іздеуге ЖИ-ге қатысты орта есеппен 2 миллион сұрақ түседі. Бұл — елдегі барлық іздеу сұраныстарының шамамен төрттен бірі, — дейді Орталық Азиядағы Yandex Ads басшысы Мадина Сейсенгалиева. — Бизнес үшін бұл интернеттегі қолданушы жолының кеңейіп келе жатқанын көрсететін маңызды белгі. ЖИ негізіндегі сервистер, соның ішінде іздеу жүйелеріндегі мүмкіндіктер, компаниялардың танымалдығын арттырып, аудиториямен сапалы байланыс орнатудың маңызды арнасына айналып келеді».

Пайдаланушылар ЖИ-ге көбіне кеңес, нұсқаулық пен ұсыныс алу үшін (53%), жұмысқа қатысты міндеттерді орындау үшін (43%), денсаулық пен медицина мәселелері бойынша (37%), сондай-ақ білім алу және жеке даму мақсатында (35%) жүгінеді.

Фото: Yandex Ads

Респонденттердің 57%-ы өздерін ЖИ сервистерін қолдануда бастаушы деңгейдеміз деп есептейді, ал 27%-ы тәжірибелі қолданушылар қатарына жатқызған. 18-24 жас аралығындағы жастар арасында тәжірибелі қолданушылар үлесі жоғары — 41%. ЖИ-ге деген сенім деңгейі әртүрлі: қатысушылардың үштен бірі сервистерге толық сенсе, жартысынан көбі тек жекелеген жағдайларда ғана сенім білдіреді.

Сатып алу, жарнама және ЖИ-ге сенім

Сатып алмас бұрын пайдаланушылар көбіне іздеу жүйелеріне жүгінеді (43%), маркетплейстердегі пікірлерді салыстырады (42%) және әлеуметтік желілердегі ұсыныстарды қарайды (35%).

Респонденттердің шамамен 60%-ы ЖИ-сервистер арқылы сатып алуға дайын екенін айтқан. Негізгі себептердің қатарында тиімді баға мен жеңілдіктерді табу мүмкіндігі, сондай-ақ тауар іздеуге кететін уақытты үнемдеу бар.

Фото: Yandex Ads

Әйелдер көбіне косметика (36%) мен балалар тауарларын (27%) іздесе, ерлер жылжымайтын мүлікке (28%) және автотауарларға (20%) көбірек қызығушылық танытады.

Соңғы үш айда пайдаланушылар ЖИ арқылы мынадай тауарларды іздеген:

дәрі-дәрмек, дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспалар — 39%;

киім мен аяқ киім — 32%; тұрмыстық техника және электроника — 30%; азық-түлік — 25%; косметика — 20%; балалар тауарлары — 19%.

Сауалнамаға қатысқандардың 80%-ы ЖИ-іздеудегі жарнама пайдалы болуы мүмкін деп есептейді. Әсіресе, егер ол қосымша пайда ұсынып немесе қажетті тауар мен қызметті тезірек табуға көмектессе.

Зерттеу 2026 жылдың мамыр айында Қазақстанның әртүрлі жастағы және жыныстағы 1800 тұрғыны арасында жүргізілді. Онда іздеу жүйелері мен ЖИ негізіндегі сервистерді пайдалану дағдылары, сондай-ақ қолданушылардың ЖИ арқылы жасалатын сатып алулар мен жарнамаға көзқарасы сараланған.

Оқи отырыңыз