Жаңалықтар

Волонтерлік әлемді құтқарады

«Birgemiz» республикалық волонтерлар фронт-офисінің қызметі
Волонтерлік әлемді құтқарады
06.03.2020 15:08 48688

Қазіргі кезде әлемде волонтерлікпен шұғылдану үрдісі кең етек жайып келеді. Оған дәлел 1 миллиардқа жуық адамның осы іспен шұғылдануы. Тіпті әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5% еріктілер еңбегінің нәтижесі екен. Көптеген елде пайдасы қоғамға тиетін бұл істің бас-қасында жүргендер жұртшылықтың алғысы мен жылы ілтипатына бөленуде. Өзгеге көмек көрсету үрдісі Қазақстанда да қалыс қалып жатқан жоқ.

 Иә,игі іспен айналысып, көпшілік боп асарлату халқымыздың ежелден келе жатқан көне дәстүрі. Қанымызға сіңген өзгеге қол ұшын созып, демеу болу қасиеті бүгінде өз жалғасын тауып келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, волонтерлік қызметтің де басты мақсаты – көппен бірге жұмылып, жұртқа көмек көрсету.

Бүгінгі таңда республиканың түкпір-түкпірінде екі мыңнан аса волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі әлеуметтік салалар мен іс-шаралар алаңдарында волонтерлік қызметті көрсетіп келеді. Соңғы уақытта бұл игі істің қоғамда медицина, мәдениет, онлайн волонтерлік сынды және тағы басқа жаңа бағыттары да қарқын алып жатыр.

DSC_0401.JPG

Патриотизмнің бір көрінісін айшықтайтын еріктілер ең әуелі «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет етіп, ел игілігі үшін қызмет етеді. Әсіресе хакім Абайдың «қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатты сөзін ұстанатын қазақстандық еріктілер осы іспен шұғылдану арқылы көпке пайдасын тигізсе, бір жағынан волонтерлікті жан-жақты дәріптеп, береке-бірлікті арттыратын шараға атсалысуда. Тағы сол сияқты олар қызығушылық танытатын саласы бойынша волонтерлықпен де шұғылдана алады.

Биылғы «Волонтерлар жылына» орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЭКСПО көрмесінің Art Hub павильонында орналасқан «Birgemiz» республикалық волонтерлар фронт-офисін ашқан болатын. Волонтерлардың ұстанатын басты ұраны «Birgemiz» болуына орай, атауын солай қалдыруды жөн көрген. Осылайша осы жылы ұйымдастырылатын барлық игі шаралар жұртшылықтың ынтымақ бірлігін бекемдейтін болмақ.

– Бұл орталық елдегі барлық облыстармен қоян-қолтық байланыс орнату үлгісі бойынша жасақталған. Мұнда волонтер жылын ұйымдастыру бойынша бекітілген жоспарға сәйкес жалпы ұлттық жобалардың мақсатын түсіндіру, тиісті бағыттар бойынша мағлұматтар беру сынды өзге де жұмыстар атқарылады. Сонымен қоса, волонтерлар өздері қызығушылық танытқан сала бойынша түрлі семинарлар мен тренингтер арқылы арнайы оқу курстарынан өтеді, – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бас сарапшысы  Аян Құрақұлы.

Елордада алғаш ашылған волонтерлық фронт-офис волонтерлік бағдарламалар мен жобаларды бақылау және жүйелеу бағытындағы бірқатар қызметтерді атқармақ.

– Волонтер бола отырып, олар азаматтарға шама келгенше көмек көрсетеді. Түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, айналамыздағы ортаны аз да болсын жақсартуға ат салысады. Мәселен, түрлі экологиялық акцияларға белсене қатысып, сіз бен біз өмір сүретін ғаламшарымызды таза ұстау жолында тер төгеді. Өзгеге осындай жақсылықтар жасау арқылы адам өзі де жақсы жаққа өзгере бастайды. Осыдана-ақ өзге адамдардың волонтерлерге деген қарым-қатынасы өзгеше болатынын байқауға болады.

Негізінен волонтерлікпен айналысудың бағыттары өте көп. Мысалы, елдегі экология, жан-жануарлармен жұмыс, IT-волонтерлік, қарттарға және тағдырдың тезімен арбаға таңылған адамдарға көмек көрсету сынды жұмыстар қазіргі күнде өте өзекті болып саналады. Осындай әр жобамен шұғылдану арқылы әр волонтер өзін қоғам бір бөлшегі ретінде сезіне алады.

– Жақында іске қосылған «qazvolunteer.kz» платформасы бұл көмекті іздеушілер мен берушілердің басын қосатын көпір. Бұл алаңға жиналғандар білім мен тәжірибе алмасады, өзге де еріктілермен қарым-қатынас ұстауға, волонтерлық жайында кеңінен ақпараттар білуге, өзге аймақтарда айналысуға пайдалы жобаларды таубға, ең бастысы өз идеялары мен кеңестерімен бөлісуге мүмкіндік береді. Сонымен қоса, республиканың түкпір-түкпіріндегі бұған қызығушылық танытқандарды біріктіретін платформа ұйымдарға қажетті еріктіні дәл табуға септігін тигізеді.

Қазіргі кезде волонтерлікпен айналысуды жанына серік еткен 20 мыңнан астам қазақстандық қыз-жігіттер осы платформа арқылы тіркеуден өткен. Биылғы жылы елімізде волонтерлардың атсалысуымен жеті бағыт бойынша 40-тан астам іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

– Жалпы қоғамға пайдасын тигізуді мақсат еткен волонтерлардың жолы өте ұзақ. Әдетте барлығы өзінің тұратын жергілікті аймағындағы кішігірім акциялардан бастау алады. Солардан бірте-бірте тәжірибе жинақталып, ары қарай облыстық, республикалық, халықаралық сынды мастштабтағы жобалар мен іс-шаралардың бел-ортасында жүруге мүмкіндік алады. Біздің волонтерларымыз 2017 жылы өткен арнайы халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне, ЕҚЫҰ саммитіне, Азиада универсиадасына, Астана экономикалық форумына және тағы басқа бірқатар іс-шараларға белсене қатысқан болатын.

Мұндай қайырымды іс күнделікті еңбек пен терең білім және жоғары мінез-құлықтың нәтижесінде келеді. Қоғамға пайдасы мол іспен айналысу – кез келген адамның тұлғалық әрі рухани дамуының жоғары деңгейінің жарқын көрінісі болып саналады.

DSC_0412 (1).JPG

– Елімізде волонтерлік жұмыс жыл өткен сайын жалпыұлттық сипатқа ие болып жатқанын байқауға болады. Мұндай үрдіс әсіресе биылғы Волонтер жылында атқарылатын көптеген шаралардың нәтижесінде қазақстандықтарды одан сайын біріктіре түсуі мүмкін. Жалпы бұл бағыттағы істер елімізді жаңғырту жолында да ерекше рөл атқармақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев волонтер жылының ашылу салтанаты кезінде «Биылғы волонтер жылын көпшілікке тек кезекті науқан ретінде еместігіне» ерекше тоқталған болатын. Айтуынша, еріктілік – барша ел мен қоғам үшін мүлтіксіз қызмет көрсету. Және бұл іс еліміздің өмір салтына айналуы қажеттігін баса айтқан еді. Сондай-ақ Президент биылғы волонтер бойындағы қайтпас қайсарлық пен мықты жігер өзге де азаматтарды осы іске ынталандыру бағытында қыруар шаруаларды тыңдыру керектігін де тілге тиек еткен болатын.

– Волонтерлік жұмысқа барша әлем ерекше көңіл бөлуде. Оның ішінде   Азия елдері де мұндай игі істі дамытудан қалыс қалып жатқан жоқ. Әсіресе көрші елдермен салыстырғанда бізде волонтерлік қозғалыс жақсы қарқын алып жатыр. Ары қарай дамыту үшін көптеген ірі-ірі жұмыстарды атқаруды қолға алып жатырмыз. Жалпы бұл бастысы қоғамда жастардың өз бос уақытын тиімді өткізуге көп септігін тигізуде.

Қай заманда болмасын парасатты адамдар замандасының жан дүниесіне үніліп, қиналған кезде қол ұшын беруге әрқашан дайын тұрады емес пе? Волонтерлікті өрістету – патриотизмнің бір тамыры іспеттес. Адам баласының біріне-бірі жаны ашуы, елжіреп тұруы кішкентай кезінен бойына дарып, сүйегіне сіңіп өскені абзал.

Көпке пайдасы мол мұндай жобалар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі аймақтарда жүзеге асырылып, көмекке мұқтаж азаматтарға демеу көрсетіп, күллі қазақ елінің дамуына үлкен үлес қоспақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға