Немістің Volkswagen компаниясы T-Roc R кроссоверінің жаңа буынын әзірлеп жатыр. Әзірге өндіруші көліктің камуфляжбен жасырылған прототипінің бірнеше суретін жариялады. Жаңа модельдің техникалық сипаттамалары мен ресми таныстырылым күні әзірге белгісіз.
Volkswagen T-Roc моделі алғаш рет 2017 жылы бренд қатарынан орын алды. Ал екінші буыны 2025 жылдың жазының соңында таныстырылып, сол жылдың күзінде Еуропада сатылымға шықты. Енді компания модельдің қуаты арттырылған R нұсқасын шығаруға дайындалып жатыр.
Жарияланған суреттерден жаңа T-Roc R-дің алдыңғы бөлігіндегі жарық техникасы стандартты модельге ұқсас екенін байқауға болады. Алдыңғы бампердің төменгі жағында орталық және екі бүйірлік ауа қабылдағыш орналасқан. Кроссовердің төбесінде рейлингтер, артқы бөлігінде акула жүзбеқанатына ұқсас антенна бар.
Көліктің артқы жағындағы спойлерге тежегіш шамы біріктірілген. Ал бампердің төменгі бөлігінде диффузор мен төрт дөңгелек шығару құбыры орналасқан. Дөңгелек аркалары қара түсті пластик қаптамалармен көмкерілген.
333 ат күші бар қозғалтқыш орнатылуы мүмкін
Алдын ала мәлімет бойынша, жаңа Volkswagen T-Roc R қазіргі Golf R моделінің техникалық шешімдерін пайдалануы мүмкін.
Атап айтқанда, кроссоверге 2,0 литрлік TSI турбомоторы орнатылуы ықтимал. Golf R моделінде бұл қозғалтқыш 333 ат күшін өндіріп, 420 Нм айналу моментін береді.
Қозғалтқыш жеті сатылы DSG роботтандырылған беріліс қорабымен жұптасады. Сондай-ақ толық жетек жүйесі қарастырылған. Артқы дөңгелектерге қуат жеке муфталар арқылы беріледі.
Салыстыру үшін айтсақ, алдыңғы буындағы Volkswagen T-Roc R 2,0 литрлік қозғалтқышпен жабдықталған еді. Оның қуаты 300 ат күшін, ал айналу моменті 400 Нм-ді құраған. Демек, жаңа буында қозғалтқыштың қуаты артуы мүмкін.
Бағасы әзірге белгісіз
Volkswagen жаңа T-Roc R моделінің таныстырылым күнін, сатылымға шығатын уақытын және бағасын әзірге жариялаған жоқ. Көліктің техникалық сипаттамалары да кейінірек белгілі болады.
Германия нарығында қазіргі стандартты Volkswagen T-Roc-тың бастапқы бағасы 30 995 еуродан басталады. Ал R-Line жабдықталымындағы нұсқасы кемінде 42 895 еуро тұрады.
Жаңа T-Roc R-дің бағасы бұдан жоғары болуы мүмкін. Алайда оның нақты құны ресми таныстырылымнан кейін белгілі болады.