Вице-президенттің кім болатыны қашан анықталады? Тоқаев жауап берді

Вице-президенттің кім болатыны қашан анықталады? Тоқаев жауап берді
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформадан кейін елде жүзеге асырылатын өзгерістер, вице-президент лауазымы, Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысы және алдағы саяси жоспарлар туралы айтты.

Вице-президент кім болады?

Мемлекет басшысының сөзінше, Конституцияға вице-президент лауазымының енгізілуі – маңызды өзгерістердің бірі. Президент қазіргі күрделі кезеңде мұндай лауазымның ел үшін қажеттілігіне тоқталды.

Жұрттың бәрі вице-президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде вице-президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар мұнымен шектелмейтінін айтты. Соның ішінде жаңадан құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа орган Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарған қызметті одан әрі күшейтуге тиіс.

Халық Кеңесі дегеніміз – жаңа орган. Кейбір азаматтар Ассамблея туралы сұрап жатыр екен. Халық Кеңесі Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңестің жұмысы жемісті болатынына кәміл сенемін, – деді мемлекет басшысы.

Президент алдағы жоспарлардың ауқымды екенін айтып, ел аумағында құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына басымдық берілетінін жеткізді. Облыс орталықтарында, аудандар мен қалаларда емханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы және Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді нысандар бой көтермек.

Осыған дейін айтқанымдай, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында немесе аудандар мен қалаларда ірі құрылыстар жүргізіледі. Емханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары, басқа да нысандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы, Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді маңызды нысандар бой көтереді, – деді Тоқаев.

Сонымен бірге мемлекет басшысы қалаларды абаттандыру мен «Таза Қазақстан» акциясын жалғастырудың маңызын атап өтті.

Сондықтан қол қусырып отыруға болмайды. Бәріміз бір ел болып іске кіріскеніміз жөн. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек, – деді президент.

Тоқаев өткен саяси науқанға да баға берді. Оның пікірінше, сайлау барысында жаңа тұлғалар көрініп, тың идеялар айтылды. Президент жаңадан жасақталатын Құрылтай ел дамуына серпін береді деп есептейді.

Жалпы, саяси науқан жақсы өтті. Себебі жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды идеялар айтылды. Бұл Құрылтай еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын, – деді ол.

Тоқаев 2029 жылғы Президент сайлауына қатысуы мүмкін бе?

Президент Конституциялық соттың түсіндірмесінен кейін өзінің Мемлекет басшысы лауазымына қайта сайлану мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев заң жүзінде қайта сайлануға құқығы бар екенін растады. Алайда келесі Президент сайлауы мен оған өзінің қатысуы туралы айтуға әлі ерте екенін жеткізді.

Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте, – деді президент.

Мемлекет басшысы қазіргі басты міндет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда әлеуметтік нысандар құрылысын күшейту үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалануға болады.

Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек, – деді Тоқаев.

Президент әлемдегі күрделі геосаяси жағдайды да ескерусіз қалдыруға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, сыртқы ахуалдың күрделілігіне қарамастан, Қазақстан ел ішіндегі бейбітшілікті сақтап, даму бағытын жалғастырып келеді.

Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады, – деді мемлекет басшысы.

Ал 2029 жылғы сайлауға қатысу-қатыспау мәселесіне президент кейінірек нақты жауап беретінін айтты.

Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұан дейін мемлекет басшысының Құрылтай сайлауында дауыс бергені туралы жазғанбыз

Оқи отырыңыз