©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Ұйқысыздықпен күресудің қарапайым әдісі табылды – маман кеңесі

03.09.2025 08:29

Көптеген адамдар үшін ұйқы мәселесі таныс жағдай. Бұған түрлі фактор әсер етеді: бөлмедегі ыстық та, ішкі жайсыздық та ұйқыны қашырады. Дегенмен тамақтану бойынша мамандардың айтуынша, ұйқыны реттеудің қарапайым әрі дәмді тәсілі бар. Ол үшін ұйықтар алдында бір ғана жеміс жеу керек, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Daily Express-те жарияланған мақала тақырыбында: «Ұйықтар алдында бір жеміс жеу ұйқыны жақсартуға көмектеседі: бірақ бұл банан емес» делінген.

Қай жеміс ұйқыны жақсартады?

Нутрициолог Бренда Мадолдың айтуынша, кейбір өнімдерде мелатонин бар – ол біздің ағзамызға ұйықтауға көмектесетін гормон. Бұл гормон табиғи түрде кешке жоғарылап, ағзаға «ұйықтайтын уақыт» деген белгі береді, ал күндіз төмендейді. Әдетте ұйқысыздықта мелатонин қоспаларын қолданатындар бар, бірақ оны қарапайым тағамнан да алуға болады.

Маманның сөзінше, жүзім – мелатониннің табиғи көзі әрі кешкі жеңіл асқа таптырмас өнім. Ол біздің «ішкі сағатымызды» реттеуге көмектеседі.

Кешкі асқа не жейтініңіз ұйқы сапасына тікелей әсер етеді. Кей тағамдар мелатонин мен серотонин секілді гормондардың түзілуін қолдап, ұйқы мен сергектік циклін реттейді. Дұрыс таңдалған кешкі ас тезірек ұйықтауға әрі терең ұйықтауға көмектеседі, - дейді маман.

Тағы қандай жемістер пайдалы?

Бренда Мадолдың айтуынша, ұйқыны жақсартуға көмектесетін басқа да жемістер бар:

Киви – серотонин деңгейін арттырып, босаңсуға көмектеседі.

Банан – құрамындағы магний бұлшықеттерді тыныштандырады.

Алайда маман артық жеп қоюға болмайтынын ескертеді.

Ең бастысы – кешкі ас жеңіл болуы керек. Артық тамақтану немесе майлы, ауыр тағамдар ұйқыны бұзуы мүмкін. Ал аз ғана бадам, кішкентай тостаған сұлы жармасы немесе бір киви – табиғи ұйықтатқыштың тамаша нұсқасы, - дейді сарапшы.