©Pixabay.com

Ұйқысыздықпен күрестегі ең тиімді тәсіл

21.09.2025 07:11

Кейде адам қатты шаршаса да, ұйықтай алмайды. Мұндай жағдайда физиология мен ұйқы зерттеулеріне негізделген қарапайым, бірақ тиімді тәсілдер көмектесуі мүмкін, деп жазады El.kz интернет порталы.

Бірінші әдіс — «4-7-8» тыныс алу техникасы. Мұнда мұрын арқылы төртке дейін санап тыныс аласыз, жетіге дейін демді іште ұстайсыз, сосын сегізге дейін санап ауыз арқылы шығарасыз. Бұл ырғақ күйзелісті төмендетіп, жүрек соғысын баяулатады және ағзаны тыныштыққа көшіреді.

Келесі тәсіл — «кері психология» әдісі. Ұйықтауға тырысудың орнына, әдейі көзіңізді ашық ұстап, «мен ұйықтап жатқан жоқпын» деп қайталаңыз. Ми мұны кері белгі ретінде қабылдап, шаршау басым түсіп, ұйқы тез келеді.

Үшінші әдіс — «әскери техника». Бұл тәсіл сарбаздардың кез келген жағдайда тез ұйықтап кетуі үшін жасалған. Алдымен беттегі бұлшықеттерді босатасыз, кейін иық пен қолды, соңында бүкіл денені. Содан соң өзіңізді көлдегі қайықта жатқандай тыныш суретті елестетесіз. Сарапшылардың айтуынша, ұйықтап кету орта есеппен бірнеше минут қана алады.

Төртінші кеңес — жарық көздерін өшіріп, телефонды кемінде жарты сағатқа қоя тұру. Экраннан шығатын жарық ұйқы гормоны мелатониннің бөлінуіне кедергі келтіреді, сондықтан көз ілу қиындайды.

Соңғысы — күн тәртібін тұрақты ұстау. Бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұрған адам ағзасы жылдам үйренеді. Осылайша ұйықтау табиғи әрі жеңіл процесс болып қалыптасады.