©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Ұйқының қанбауы жүрек пен тамыр жұмысын бұзады

Көптеген адам ұйқының маңызын бағаламай, күніне небары бес-алты сағат тынығумен шектеледі. Алайда ұйқының тұрақты түрде жетіспеуі ағзаның жұмысында күрделі бұзылыстар тудырып, әсіресе жүрек пен қан тамырларына кері әсер етуі мүмкін. Бұл туралы ресейлік кардиолог, дәрігер Наталия Золотарева gazeta.ru-ға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Маманның айтуынша, ұйқы бірнеше кезеңнен тұрады – баяу және тез фазалар. Солардың ішінде баяу ұйқы кезеңі ерекше маңызды, өйткені дәл осы уақытта ағза физикалық күшін қалпына келтіреді, жүрек соғысы баяулап, қан қысымы төмендейді, гормондар белсенді түрде бөлініп, тіндер жаңарады.

Егер адам үнемі ұйқыдан тарықса, зат алмасу мен гормондық тепе-теңдік бұзылады. Бұл қан қысымының көтерілуіне, ағзадағы қабыну цитокиндерінің артуына және соның салдарынан атеросклероз бен жүректің ишемиялық ауруының қаупін жоғарылатуы мүмкін, – дейді Золотарева.

Кардиологтың айтуынша, ұйқының жеткіліксіздігі грелин мен лептин сияқты аштық пен тою сезімін реттейтін гормондардың бөлінуіне де әсер етеді. Соның салдарынан артық салмақ, метаболикалық синдром және глюкозаны сіңірудің бұзылуы жиі кездеседі.

Дәрігер ұйқы апноэ синдромының да аса қауіпті екенін атап өтті – бұл ұйықтап жатқанда адамның қатты қорылдап, кейде тынысы тоқтап қалатын жағдай.

Апноэ кезінде адам сегіз сағат ұйықтаса да, ағза толық тыныға алмайды. Әр тыныс үзілуі кезінде адреналин бөлінеді, ал бұл уақыт өте келе гипертония, жүрек аритмиясы, инсульт және инфаркт қаупін арттырады, – деп түсіндірді кардиолог.

Золотарева ұйқының сапасын арттырып, жүрек-қантамыр жүйесіне түсетін салмақты азайту үшін мынадай қарапайым ережелерді сақтауға кеңес берді:

  • ұйықтар алдында кофе, алкоголь ішпеу және никотиннен бас тарту;
  • ұйықтардан екі сағат бұрын кешкі асты аяқтау;
  • гаджеттерді ұйқыға дейін екі сағат бұрын қолданбау;
  • бөлмеде салқын әрі жайлы температураны сақтау және ауа ылғалдандырғыш пайдалану.

Денсаулыққа пайдалы ұйқы – жай ғана демалыс емес, ол ұзақ өмір мен жүректі қорғаудың басты кепілі. Ұйқы қан қысымын тұрақтандырады, иммунитетті күшейтеді, көңіл күй мен есте сақтау қабілетін жақсартады. Сондықтан ұйқы сапасына көңіл бөлу – жүрек-қантамыр аурулары мен өзге де дерттердің алдын алудың маңызды бөлігі. Ең бастысы – созылмалы ұйқы мәселелерін елемеуге болмайды. Егер таңертең өзіңізді шаршаңқы сезінсеңіз, ұйықтау қиын болса немесе түн ортасында жиі оянып кетсеңіз, бұл ұйқы бұзылысының белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігерге жүгінген жөн, – деп түйіндеді маман.

Бұған дейін сомнолог ұйқысыздықпен күреске қатысты бірқатар кеңес берген болатын.