©El.kz

Ұйқы алдында кітап оқудың қандай пайдасы бар?

Ұйқы алдында кітап оқу – күйзеліс деңгейін төмендетіп, ұйқының сапасын жақсартатын әрі мазасыздықтан арылуға көмектесетін тиімді дағды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сонымен қатар бұл әдет айна нейрондарын белсендіріп, өзгенің сезімін түсіну қабілетін дамытады және когнитивті мүмкіндіктердің артуына ықпал етеді.

Сапалы ұйқы денсаулық пен жақсы көңіл күйдің негізгі шарты екені белгілі. Алайда бүгінде адамдардың басым бөлігі тәулігіне 7 сағаттан да аз ұйықтайды. Соның салдарынан күндіз ұйқышылдық, зейіннің төмендеуі мен шаршаңқылық жиі байқалады. WebMD мәліметінше, бұл мәселенің қарапайым әрі тиімді шешімі – ұйқы алдындағы кітап оқу.

Ұйқы алдында экранға қарау мелатонин гормонының бөлінуін тежейді. Бұл гормон ағзаның табиғи түрде ұйқыға кетуіне жауап береді. Теледидар, смартфон, планшет және тіпті электронды кітаптардың өзі көзге қосымша жүктеме түсіреді. Ал кәдімгі қағаз кітаптан жарық бөлінбейді, сол себепті ағзаның биологиялық ырғағы бұзылмай, тыныштануға көмектеседі.

Зерттеулерге сүйенсек, кітап оқу стресс деңгейін 68 пайызға дейін азайта алады. Қиял әлеміне ену адамды күнделікті уайым мен мазасыз ойлардан уақытша алыстатады. Ұйқы алдында жеңіл, жағымды, эмоциялық ауыртпалығы жоқ шығармаларды таңдаған жөн.

Оқу – физикалық күш талап етпейтін, бірақ миды біртіндеп тыныш күйге бейімдейтін әрекет. Ол адамды табиғи жолмен ұйқыға жетелейді. Сонымен бірге кітап оқу мазасыздықты азайтып, ұйқысыздықтың басты себептерінің бірін жоюға көмектеседі.

Оқу барысында айна нейрондары белсенді жұмыс істейді. Ғалымдардың айтуынша, оқырман кейіпкерлермен бірге оқиғаны «басынан өткергендей» әсер алады. Бұл эмоционалдық интеллектіні дамытып, өзгенің көңіл күйін түсіну қабілетін арттырады.

Кітап оқу мидағы нейрондық байланыстарды күшейтіп, сыни ойлау мен шығармашылық қабілетті дамытады. Кітап оқудың ұзақ мерзімді әсері әлі де зерттеліп жатқанымен, тұрақты оқу когнитивті мүмкіндіктерді арттырып, дүниетанымды кеңейтетіні анық.

Кітаптың пайдасын көру үшін күніне бар болғаны 20 минут оқу жеткілікті. Бұл – арнайы құрал-жабдықты, қосымшаларды немесе ерекше жағдайды қажет етпейтін қарапайым әрі қолжетімді әдіс. Тек кітапты төсегіңіздің жанына қойып қойыңыз – осы бір шағын әдет ұйқыңызды да, жалпы хал-жағдайыңызды да жақсартуы мүмкін.