«Керек болып қалар»: үйіңізде бекер шаң басып жатқан 18 зат

 AI көмегімен жасалды
Фото: AI көмегімен жасалды

Көпшілігіміз «керек болып қалар» деген оймен түрлі заттарды жылдар бойы сақтай береміз. Уақыт өте келе олар шкафтар мен тартпаларды толтырып, үйде артық жүкке айналады. Ал шын мәнінде, мұндай дүниелердің көбі қайта қолданылмайды. Егер үйіңізді жинастырып, артық заттардан арылуды ойлап жүрсеңіз, алдымен осы тізімге көз жүгіртіп көріңіз.

Ескі киімдердің түймесі

Көп адамның үйінде бұрыннан тозып, әлдеқашан тасталған киімдердің түймелері сақталады. Егер қолөнермен айналыспасаңыз немесе оларды нақты пайдаланатын жоспарыңыз болмаса, мұндай ұсақ-түйек жылдар бойы босқа жата береді.

Ескі төсек-орын жабдықтары мен сүлгілер

Түсі оңған төсек-орын тыстары, түгі қашқан сүлгілер мен тозығы жеткен көрпе тысын көпшілік «бір күні керек болып қалар» немесе «ауылға апарамын» деген оймен сақтап жүреді. Алайда өзіңіз күнделікті пайдаланбайтын мұндай заттарды үйде сақтай берудің қажеті жоқ. Олар тек орын алып, үйде қажетсіз дүниелердің қатарын көбейтеді.

Жеткізу қызметінен жиналған бір реттік құралдар

Жеткізу қызметі арқылы келген бір реттік ас құралдары асүйде жинала береді. Бірнеше рет пайдалануға жеткілікті мөлшерін қалдырып, қалғанын сақтамай-ақ қойған жөн. Өйткені олардың басым бөлігі кейін қолданылмайды.

Пакетке салынған пакеттер

Үйде бір үлкен пакеттің ішіне ұсақ пакеттерді жинап қоятын әдет көпшілікте бар. Уақыт өте келе олардың саны көбейіп, бос орын алып жатады. Сондықтан бірнешеуін ғана қалдырып, қалғанынан тастаған дұрыс.

Ескі құрылғылардың сымдары мен қуаттағыштары

Ескі телефондардың қуаттағыштары, белгісіз кабельдер мен түрлі сымдар көпшіліктің үйінде кездеседі. Әдетте олар «керек болып қалар» деген оймен сақталады. Бірақ олар тиесілі құрылғыларды әлдеқашан пайдаланбайтын болсаңыз, мұндай сымдардың да қажеті болмайды.

Ұнамаған сыйлықтар

Кейде ұнамаған сыйлықты лақтырып жіберуге немесе басқа біреуге беруге ыңғайсызданамыз. Бірақ өзіңіз қолданбайтын затты үйде сақтап жүрудің қажеті жоқ. Егер ол сізге керек болмаса, оны қажет ететін адамға беруге, сатуға немесе қайырымдылыққа беруге болады.

Ескі визиткалар

Кейде кездесулерден кейін алған визиткаларды сақтап қоямыз. Бірақ уақыт өте келе ондағы нөмірлер өзгеруі, адамның қызметі ауысуы мүмкін. Сондықтан керек байланыстарды телефонға жазып, қалған қағаздарды алып тастаған дұрыс.

Тағамнан қалған пластик ыдыстар

Балмұздақтың қорабы, дайын тағамның пластик ыдысы немесе шыны банкалар көп үйде жиналып қалады. «Керек болады» деген оймен сақталғанымен, олардың көбі ешқашан қолданылмайды. Сондықтан расымен пайдаланатын бірнешеуін ғана қалдырып, қалғанынан арылған дұрыс.

Белгісіз кілттер

Қай есікке тиесілі екенін ешкім білмейтін кілттер де артық заттардың қатарына жатады. Егер олардың не үшін керек екенін есіңізге түсіре алмасаңыз, сақтап жүрудің мәні жоқ.

Сабынның қалдықтары мен ескі косметика

Қолдануға жарамай қалған кремдер, мерзімі өтіп кеткен косметика немесе кішкентай сабын қалдықтары тек орын алады. Әсіресе ескі косметиканы пайдалану денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.

Сынған заттардың бөлшектері

Шабаданның доңғалағы, ескі сөмкенің тұтқасы немесе әртүрлі темір бөлшектерді көпшілік лақтыруға қимай сақтап қояды. Алайда олардың басым бөлігі кейін еш қажетке жарамайды. Сондықтан ұзақ уақыт бойы қолданылмаған бөлшектерден арылған жөн.

Жөндеуден қалған құрылыс материалдары

Бірнеше дана кафель, жарты бума тұсқағаз немесе қатып қалған құрылыс қоспалары жылдар бойы балконда жата береді. Көп жағдайда қайта жөндеу кезінде бәрібір жаңа материал сатып алынады.

Қолданылмайтын аксессуарлар

Сәннен қалған күннен қорғайтын көзілдіріктер, тағылмайтын белдіктер, шарфтар мен басқа да аксессуарлар шкафта бос орын алып тұрады. Егер оларды бірнеше маусым бойы кимеген болсаңыз, қажеті жоқ деген сөз.

Тұрмыстық техниканың қағаз нұсқаулығы

Қазір кез келген техниканың пайдалану нұсқаулығын интернеттен бірнеше секундта табуға болады. Сондықтан қалың кітапшаларды сақтап жүру міндетті емес.

Балалардың барлық суреті мен қолөнер бұйымдары

Баланың әр суреті – ата-ана үшін естелік. Бірақ олардың бәрін сақтаудың орнына ең ерекше жұмыстарын ғана қалдырып, қалғанын суретке түсіріп қоюға болады.

«Жазуға қимайтын» әдемі дәптерлер

Әдемі күнделік не қымбат блокнот сатып алып, оны бүлдіріп аламын деп пайдаланбай қоятындар көп. Соның салдарынан бірнеше бетін ғана жазып, кейін сөреге қоя салады. Ал дәптер сақтап қою үшін емес, жазу үшін алынған. Сондықтан оны «ерекше күнді» күтпей-ақ бүгіннен бастап пайдаланған дұрыс.

Сыйлық қағаздары мен қаптамалар

Бүктелген, жыртылған немесе скотчтың ізі қалған сыйлық қағаздары көбіне қайта қолданылмайды. Жаңа сыйлық алғанда адамдар әдетте бәрібір жаңа қаптама сатып алады.

Айлар бойы киілмеген жаңа киім

Бағасы арзан болғаны үшін немесе «бір күні киемін» деген оймен алынған киім кейде айлап, тіпті жылдап шкафта тұрады. Егер бірнеше ай өтсе де оны кимесеңіз, оның сіздің гардеробыңызға сәйкес келмейтінін мойындаған жөн.

Үйді реттеудің қарапайым жолы

Қай затты қалдырып, қайсысынан арылу керегін білмей жүрсеңіз, бәрін бірден тастауға асықпаңыз. Күмәнданған заттарды бір қорапқа салып, көзге түспейтін жерге қойып қойыңыз. Біраз уақыт өткен соң қайта қарап шығыңыз. Егер сол аралықта олардың бірде-бірі қажет болмаса, онда бұл заттармен қоштасуға болады.

Оқи отырыңыз