«Ұшаққа кешікпеңіз»: Қазақстан әуежайларында тіркеу ережесі өзгеруі мүмкін

«Ұшаққа кешікпеңіз»: Қазақстан әуежайларында тіркеу ережесі өзгеруі мүмкін
Фото: El.kz архиві

Қазақстанның барлық әуежайында жолаушыларды рейске тіркеу мен багажды рәсімдеуді ұшақтың ұшуына 60 минут қалғанда аяқтайтын бірыңғай тәртіп енгізу ұсынылды.

Бұл мәселе шекаралық және кедендік бақылауды оңтайландыру, әуежайлардың жұмысын жетілдіру және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері қаралған ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды.

ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, бірыңғай уақыт белгілеу әуежайлардағы жолаушылар ағынын тиімді ұйымдастыруға, әуе компаниялары мен әуежайлардың жұмысын үйлестіруге және қызмет көрсету үдерісін жолаушылар үшін түсініктірек етуге мүмкіндік береді.

Тіркеу ұшуға 60 минут қалғанда аяқталуы мүмкін

Ұсыныс қабылданса, елдегі барлық әуежайда жолаушыларды рейске тіркеу және олардың багажын қабылдау ұшақтың жоспарланған ұшу уақытынан бір сағат бұрын тоқтатылады.

Қазір бұл бастама тек талқылау сатысында. Яғни жолаушылар үшін жаңа талаптың енгізілгені туралы әзірге айтылған жоқ.

Сонымен қатар комиссия әуежайлардағы арнайы комиссиялардың жұмысын жетілдіру мәселесін қарастырды. Олардың отырыстарын әуежай бағдарламаларында белгіленген мерзімге сәйкес тікелей әуежайларда тұрақты өткізу ұсынылып отыр.

Шекаралық және кедендік бақылау да өзгеруі мүмкін

Жиында шекаралық бақылау кезінде әуе кемелерін тексеру тәртібін оңтайландыру мәселесі де көтерілді. Қолданыстағы рәсімдерді әуежайлардың операциялық тиімділігі мен Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруды ескере отырып жетілдіру ұсынылды.

Халықаралық рейстермен ұшатын жолаушыларды кедендік бақылаудан өткізу тәртібі де талқыланды. Бұл бағытта халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану және жолаушылар ағынын оңтайландыру көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, әуежайлар, әуе компаниялары және мемлекеттік органдар арасында жолаушылардың елге келуі мен елден шығуы туралы деректерді электронды түрде алмасу мәселесі қаралды.

Ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мақсаты – әуежайлардағы рәсімдерді жеделдету, түрлі қызметтердің жұмысын үйлестіру және жолаушыларға қызмет көрсетуді ыңғайлы ету.

Оқи отырыңыз