Үш ай, алты матч, нөл жеңіс. Шетелдік бапкерге артылған сенім ақталмады

Үш ай, алты матч, нөл жеңіс. Шетелдік бапкерге артылған сенім ақталмады
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының кезекті маусымын сәтсіз аяқтады. С дивизионында өнер көрсеткен отандық футболшылар алты кездесудің бірде-бірінде жеңіске жете алмай, небәрі үш ұпаймен өз тобында соңғы орынға тұрақтады. Сәтсіз нәтижеден кейін Қазақстан футбол федерациясы нидерландтық бас бапкер Джон ван’т Схиппен келісімшартты ұзартпайтынын мәлімдеді. Алайда кезекті бапкердің қызметтен кетуі ұлттық құрамадағы мәселелерді шеше ала ма?

Қолда тұрған жеңістен айырылдық

Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі соңғы кездесуін Қазақстан құрамасы өз алаңында өткізді. «Астана Арена» стадионында Словакиямен кездескен ұлттық құрама жеңіске бір табан жақын қалғанымен, матчты 2:2 есебімен аяқтады.

Бірінші таймда қос құрама да аса көп қауіпті сәт ұйымдастыра алмады. Дегенмен кездесудің 29-минутында Ислам Чесноков қазақстандықтардың шабуылын сәтті аяқтап, есеп ашты. Екінші таймда словакиялықтар қысымды күшейтті. Кездесудің 56-минутында Роберт Боженик баспен соққы жасап, таразы басын теңестірді. Алайда араға тоғыз минут салып, Ян Вороговский айып алаңында допты қабылдап, қарсылас қақпасының алыс бұрышын дәл көздеді.

Қазақстандық футболшылар ойын соңына дейін басымдығын сақтап қалуға тырысқанымен, төреші қосқан бесінші минутта Адриан Капралик гол соғып, алаң иелерін жеңістен айырды. Кездесуде Бауыржан Исламхан, Ян Вороговский, Ислам Чесноков және қақпашы Стас Покатиловтың өнерін ерекше атап өтуге болады. Әсіресе соңғысы бірнеше қауіпті сәтте команданы голдан құтқарып, жанкүйерлердің ықыласына бөленді. Дегенмен жекелеген футболшылардың шеберлігі команданың жалпы нәтижесін өзгерте алмады. Қазақстан Ұлттар лигасының С дивизионындағы үшінші топта үш ұпаймен соңғы орынға тұрақтады.

Нидерландтық маман Қазақстан футболына не берді?

Джон ван’т Схип биыл 7 тамызда Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама алты кездесу өткізіп, үш рет тең ойнады және үш рет жеңіліс тапты. Қазақстан құрамасы Молдоваға екі рет есе жіберді. Фарер аралдарымен өткен екі кездесуде тең түсті. Ал Словакиядан сырт алаңда жеңіліп, өз жерінде қарсыласымен тең тарқасты.

Бір қызығы, турнир барысында нидерландтық маман топта бірінші орын алуды мақсат еткен болатын. Алайда Қазақстан көш басынан емес, турнир кестесінің соңынан бір-ақ шықты. Мәселе тек жеңістің жоқтығында емес. Үш айдан астам уақыт ішінде ұлттық құраманың қалыптасқан ойын жүйесін де, нақты тактикалық бағытын да, айтарлықтай ілгерілеуін де көре алмадық. Тіпті бас бапкердің қандай футбол үлгісін қалыптастырғысы келгенін түсіну қиын болды.

Оның үстіне, Астанада өткен баспасөз мәслихаттарының бірінде бас бапкер ұлттық құраманың өнеріне қатысты:

– С тобына лайық ойын көрсеттік, – деген еді.

Федерация бас бапкермен келісімшартты ұзартпайды

Бүгін Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн Ұлттар лигасының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында ол нидерландтық маманмен арадағы келісімшарттың осы аптаның соңында аяқталатынын және тараптардың оны ұзартуға ниетті емес екенін мәлімдеді.

Келісімшарт осы аптаның соңында аяқталады. Біз де, бапкердің өзі де оны ұзартуға мүдделі емеспіз. Енді Еуропа чемпионатына жолдама алуға көмектесетін, ұзақ мерзімді жоспармен жұмыс істейтін жаңа маманды іздеуге кірісеміз, – деді Скотт Манн.

Фото: kff.kz
Фото: kff.kz

Сондай-ақ федерацияның бас хатшысы нидерландтық маманның жалақысы ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Талғат Байсуфиновтың айлығымен бірдей болғанын атап өтті.

Джон Қазақстанға келіп, Талғатпен бірдей жалақы алуға келісті, – деді ол.

Алайда мәселе шетелдік маманның қанша жалақы алғанында емес, оның Қазақстан футболына не бергенінде болып отыр. Словакияға қарсы өткен соңғы матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Джон ван’т Схиптен де ұлттық құрамадағы болашағына қатысты сұралған еді. Сол кезде маман нақты жауап бермей, Қазақстандағы негізгі міндеті Ұлттар лигасында команданы жаттықтыру болғанын айтты.

Мен тамыз айынан бері Қазақстандамын. Менің міндетім Ұлттар лигасында команданы жаттықтыру болды. Қазір біз сол жұмыстың соңғы кезеңіне жеттік, – деген еді бас бапкер.

Нидерландтық маманның Қазақстандағы қызметі қысқа мерзімді іссапар секілді әсер қалдырды. Бапкер келді, бірнеше ай жұмыс істеді, алты кездесу өткізді, енді елден кетпек. Ал оның соңында қандай жұмыс қалды? Қалыптасқан ойын жүйесі бар ма? Ұлттық құраманың болашағына негіз болатын қандай өзгеріс жасалды? Өкінішке қарай, бұл сұрақтарға нақты жауап беру қиын.

Федерация бапкер таңдауда қателесті ме?

Рас, ұлттық құраманың нәтижесі нидерландтық маман келгенге дейін де көңіл көншітпейтін. Қазақстан ресми кездесулерде қатарынан бес матчта жеңіске жете алмаған еді. Ұлттық құрама соңғы рет 2025 жылғы 10 қазанда әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Лихтенштейнді өз алаңында 4:0 есебімен жеңген.

Дегенмен биыл наурызда Талғат Байсуфиновтың жетекшілігімен Қазақстан құрамасы FIFA Series жолдастық турнирінде Комор аралдары мен Намибияны жеңген болатын. 22 маусымда тәжірибелі қазақстандық маман қызметінен кету туралы шешім қабылдады. Оның орнына шақырылған Джон ван’т Схиптің Армения құрамасындағы нәтижесі де көңіл көншітпеген еді. Нидерландтық маманның жетекшілігімен армениялық футболшылар төрт кездесудің бірінде тең ойнап, үшеуінде жеңіліс тапқан.

Фото: kff.kz
Фото: kff.kz

Алайда мұндай көрсеткіш Қазақстан футбол федерациясының шешіміне кедергі болмаған сыңайлы. Нәтижесінде нидерландтық маман Қазақстанда да бірде-бір жеңіске жете алмады.

Кезінде Словакияны екі рет жеңген құрамаға не болды?

Магомед Адиевтің тұсында Қазақстан құрамасы дәл осы Словакияны екі рет – өз алаңында да, түзде де жеңген болатын. Демек, қазақстандық футболшылардың әлеуеті жоқ деуге негіз жоқ. Ұлттық құрама бұған дейін де өзінен деңгейі жоғары саналатын қарсыластарға төтеп беріп, жанкүйерлерін жеңіспен қуанта алатынын дәлелдеген.

Әрине, бірнеше жыл бұрынғы құрам мен бүгінгі команданы тікелей салыстыру дұрыс болмас. Футболшылардың физикалық дайындығы, ойын тәжірибесі мен қарсыластардың деңгейі де өзгеріп отырады. Алайда мұның бәрі ұлттық құраманың С дивизионында бірде-бір жеңіске жете алмауын толық ақтай алмайды.

Әсіресе Молдоваға екі рет есе жіберіп, Фарер аралдарын екі кездесуде де жеңе алмау – ұлттық құраманың қазіргі жағдайына сыни тұрғыдан қарауға негіз болатын көрсеткіштер. Бас бапкердің міндеті – қолда бар футболшылардың мүмкіндігін барынша тиімді пайдаланып, олардың басын біріктіретін ойын жүйесін қалыптастыру. Алайда ван’т Схиптің тұсында дәл осы бағытта айтарлықтай өзгеріс байқалмады.

Ұлттар лигасында жеңе алмай жүріп, Еуропа чемпионатына шыға аламыз ба?

Қазақстан футбол федерациясы жаңа бас бапкердің көмегімен Еуропа чемпионатына шығуды көздеп отыр. Әрине, мұндай мақсаттың болғаны дұрыс. Алайда Ұлттар лигасының С дивизионында бірде-бір жеңіске жете алмаған құраманың құрлықтық додаға жолдама алу мүмкіндігін арттыру үшін нақты қандай жұмыстар атқарылмақ?

Еуропа чемпионатына шығу туралы мәлімдеме жасау бір бөлек, сол мақсатқа жету үшін жүйелі жұмыс істеу бір бөлек. Қазақстан футболына қазір кезекті уақытша маман емес, ұлттық құраманың ерекшелігін түсінетін, ойыншылардың әлеуетін дұрыс бағалай алатын, өзіндік ойын философиясы бар және ұзақ мерзімді нәтижеге жұмыс істейтін бапкер қажет. Оның шетелдік немесе қазақстандық маман болуы шешуші рөл атқармауға тиіс. Басты талап – кәсіби біліктілік пен нәтиже.

Сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясының жұмысына да сыни баға беретін уақыт жетті. Бас бапкерлер ауысқанымен, нәтиже жақсармаса, мәселені тек бапкерлерден іздеу қаншалықты қисынды?

Футболды дамытуға жауапты басшылардың жұмысы да нақты нәтижемен бағалануға тиіс. Бапкер таңдау, ұлттық құраманы даярлау, отандық мамандардың біліктілігін арттыру, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту – мұның барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Жанкүйерлер кезекті бапкердің тағайындалғанын, жаңа жоспардың құрылғанын және үлкен мақсаттардың қойылғанын естуден жалықты. Оларға уәде емес, нәтиже керек.

 

 
 
 

Оқи отырыңыз