«Үреймен өмір сүрмеңдер»: Болат Атабаевтың ел білмейтін қырлары

 Коллаж El.kz
Фото: Коллаж El.kz

Қазақ театрында қорқынышты сахнаға шығарып, қоғамның үнсіздігін спектакльге айналдырған режиссер болды. Ол биліктен емес, адамдардың ішкі үрейінен қауіпті нәрсе көрді. Болат Атабаев үшін театр – көңіл көтеретін орын емес, қоғаммен бетпе-бет сөйлесетін алаң болды. Көзі тірі болғанда бүгін драматург әрі қоғам қайраткері 74 жасқа толатын еді.

Көпшілік оны батыл спектакльдерімен, сахнадағы эксперименттерімен және Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі саяси ұстанымымен таниды. Бірақ оның өмірінде ел біле бермейтін, тіпті таңғалдырмай қоймайтын қырлар аз емес.

Ол тек режиссер емес еді. Ол қоғамның жарасын сахна арқылы көрсеткен ойшыл, үш мәдениеттің арасында еркін өмір сүрген сирек тұлға және қорқынышқа қарсы тұрған азамат болды.

Неміс ауылында өсті

Болат Атабаев 1952 жылы 14 мамырда Алматы облысындағы Тентек ауылында дүниеге келді. Кей деректерде туған күні 15 мамыр деп көрсетіледі. Жалайыр руынан шыққан қарапайым қазақ баласының тағдыры кейін оны халықаралық деңгейдегі мәдени көпірге айналдырады деп ол кезде ешкім ойламаған болар.

Оның балалық шағы Поволжьеден жер аударылған немістер тұрған ауылда өтті. Сол ортада өскен Болат Манашұлы ескі шваб диалектісіндегі неміс тілін меңгеріп шығады. Бұл – оның өміріндегі ерекше бұрылыс болды. Кейін ол неміс әдебиетін, еуропалық драматургияны терең зерттеп, қазақ, орыс және неміс мәдениетін қатар бойына сіңірген тұлғаға айналды.

Немістің әйгілі режиссері, «Оскар» сыйлығының иегері Фолькер Шлёндорф Атабаев туралы:

Ол қазақ, неміс немесе орыс болсын – қай ортаға барса да біртуар тұлға еді. Немесе жай ғана адам, – деген.

Бұл сөз оның табиғатын дәл сипаттайды. Болат Атабаев ұлттан биік тұрған гуманист еді.

Театрдағы төңкеріс жасаған режиссер

1974 жылы шет тілдер педагогикалық институтын, ал 1983 жылы театр-көркемсурет институтын тәмамдаған ол режиссураны Әзірбайжан Мәмбетов секілді майталмандардан үйренді. Кейін Мюнхен ұлттық театрында тағылымдамадан өтті.

Алғашқы еңбек жолын Теміртаудағы неміс драма театрында бастаған режиссер кейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасына келді.

Ол қойған спектакльдер классикалық туындыларды жаңа қырынан сөйлетті. Қарагөз, Шағала, Абылай хан – Атабаев қолында тек әдеби шығарма емес, қоғаммен сөйлесетін құралға айналды.

Ол сахнада жай ғана оқиға көрсеткен жоқ. Адамның ішкі қорқынышын, қоғамдағы үнсіздікті, билік пен халық арасындағы психологиялық қысымды ашуға тырысты.

Атабаевтың ең үлкен жобасының бірі – «Ақсарай» театры болды. Бұл Қазақстандағы алғашқы стационарлы мюзикл театрының бірі саналады.

ашық дереккөз 

Бірақ Атабаев үшін театр ойын-сауық емес еді. Ол оны «әлеуметтік театр» деп атады. Театр актері бір мезетте ән айтуы, билеуі және драмалық образды алып шығуы керек болды. Бұл сол кезең үшін мүлде жаңа тәсіл еді.

Оның ең символикалық қойылымының бірі – «Көшкін» («Лавина») спектаклі. Бұл қойылым Жаңаөзен оқиғасынан кейін сахналанды.

Шығармада тау етегіндегі ауыл адамдары өмір бойы «дауыс шығарсаң, көшкін түседі» деген үреймен өмір сүреді. Балаларға жылауға болмайды, адамдар қатты сөйлемейді. Барлығы үнсіздікке үйренген. Бірақ финалда біреу мылтық атады. Сонда ешқандай көшкін болмайтыны анықталады.

Бұл – Атабаевтың қоғамға айтқан ашық метафорасы еді. «Біздің қоғам да жалған қорқынышпен өмір сүріп жатыр», – деген болатын режиссер.

Жары Мәдина Ералиеваның естелігінен 

Болат Атабаев туралы айтқанда оның отбасылық өмірін айналып өту мүмкін емес. Оның жары – қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мәдина Ералиева еді. Өнер тоғыстырған қос таланттың өмір жолы да оңай болған жоқ.

Әншінің естелігінде Болат Атабаевтың шығармашылыққа толық берілген, мінезі бөлек өнер адамы болғаны анық сезіледі. Мәдина Ералиеваның айтуынша, режиссердің «Кебенек киген арулар», «Естайдың Қорланы» секілді сахналық қойылымдары үлкен табыс әкелген. Ол алғашында неміс тілі мамандығын меңгеріп, кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы қабырғасында режиссураны оқиды.

aset_akmolda парақшасынан 

Кейін Қарағандыдағы неміс театрына жұмысқа кеткен кезде жас отбасы екі қалада өмір сүруге мәжбүр болады. Мәдина Ералиева сол күндерді:

Осы бір екі жақта өмір сүрген қиын күндер арамызға салқындық түсірді. Ақыры бөлініп тындық, – деп еске алған.

Ұлдарының есімін Арсен деп қойған да Болат Атабаевтың өзі екен.

Өнер жолындағы үздіксіз гастрольдер мен концерттер әншінің ана ретіндегі жан дүниесіне де салмақ салған. Ол ұлы Арсеннің тәрбиесіне көп көмектескен Сағира есімді сіңлісіне әрдайым алғыс айтып өткен.

Мәдина Ералиева сұхбатының бірінде ұлын шетелге жібермегенін де ашық айтқан. Оның ойынша, бала туған елдің тәрбиесі мен дүниетанымынан ажырамауы керек еді. Сондықтан Арсеннің Қазақстанда білім алып, грантпен оқығанын мақтан тұтқан.

Әнші соңғы жылдары жан күйзелісін де жасырмаған. Кей сәттерде өзін «алтын торға қамалған құстай» сезінетінін айтып, жалғыз қалғанда тауға барып, айқайлап ән салатынын жеткізген. Бұл – сахна сыртындағы Мәдина Ералиеваның ішкі әлемі болса, Болат Атабаевтың өмірі де дәл сондай ішкі күрестерге толы еді.

Екеуінің тағдырында да өнер мен жалғыздық, атақ пен жан азабы қатар жүргендей әсер қалдырады. Режиссердің денсаулығы күрт нашарлап, тіпті аяғын ампутациялауға тура келгені белгілі. Соған қарамастан ол өмірге деген құштарлығын жоғалтпады. 2021 жылы 28 шілдеде 69 жасында өмірден өтіп, Кеңсай зиратында жерленді.

Оның басты мұрасы – еркін ойлау

Болат Атабаевты тек театр режиссері деу аздық етеді. Ол өнер арқылы қоғамның диагнозын қойған адам еді.

Ол сахнадан қорықпауға үндеді. Үнсіздікке қарсы шықты. Театрды халықпен ашық сөйлесетін мінберге айналдырды.

Оның:

Мен өнер үшін емес, өмір үшін өмір сүремін», деген сөзі бүкіл болмысын сипаттайтындай.

Бүгін 14 мамыр оның туған күнінде Атабаевты тек режиссер ретінде емес, қоғамды оятуға тырысқан сирек тұлға ретінде еске алу маңызды. Себебі ол қалдырған басты мұра – спектакльдер емес, еркін ойлау мәдениеті.

 

Оқи отырыңыз