ҰҚК «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларын ұстады

ҰҚК «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларын ұстады
Фото: «Самұрық-Қазына» қоры

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті ұстады.

Ірі холдингтердің бірінші басшылары күдікке ілінді

Ұсталғандар туралы ақпаратты ҰҚК баспасөз қызметі растады. Ведомствоның мәліметінше, 11 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Нұрлан Жақыповты, Елжас Отыншиевті және өзге де адамдарды сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстаған.

Бұл – соңғы жылдардағы ең резонансты сыбайлас жемқорлық істерінің бірі. Күдікке қатардағы қызметкерлер немесе еншілес компаниялардың басшылары емес, елдегі ең ірі холдингтердің бірінші басшылары ілінді.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстанның стратегиялық активтерін басқарады. Оның құрамына мұнай-газ, көлік-логистика және энергетика салаларындағы компаниялар кіреді. Ал ҚТЖ – бүкіл елдегі жүк және жолаушылар тасымалына жауапты ұлттық теміржол операторы.

Қазіргі уақытта тергеушілер істің мән-жайын анықтап жатыр. ҰҚК мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Қонаев көшесінде шашылған доллар

Оқиға қарсаңында Астанада Қонаев көшесінде, Atlant-6 тұрғын үй кешенінің маңынан шашылып жатқан долларға ұқсас банкноттар табылған. Алдын ала ақпарат бойынша, барлығы сегіз чемодан болған. Жарияланған бейнежазбаларда тротуарда сөмкелердің жанында банкноттардың шашылып жатқанын көруге болады.

Редакцияның қолындағы мәліметке сәйкес, бұл туралы хабарлама 102 пультіне түскен. Оқиға орнына полиция жасағы барған.

«Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ

ҰҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын және бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысы жалғасып жатыр, – деп хабарлады ҰҚК.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын елде жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі бағыттарының бірі ретінде атап келеді.

Бұл жолғы ұстау заң алдындағы жауапкершіліктің лауазымға байланысты емес екенін көрсетеді. Ұлттық холдинг басшысы болу да заң талаптарынан босатпайды. Заң талабы қатардағы мемлекеттік қызметшіден бастап, ірі компаниялардың бірінші басшыларына дейін бірдей қолданылады.

Оқи отырыңыз