Президент Марат Ирменовті Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы етіп тағайындады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Марат Ирменов жаңа қызметке тағайындалып, бұған дейін атқарған лауазымынан босатылды.
Марат Ирменов кім?
Марат Ирменов 1971 жылғы 20 қыркүйекте дүниеге келген.
1993 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, 1996 жылы ҚР ҰҚК институтын, ал 2000 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясын тәмамдаған.
Ол ұлттық қауіпсіздік органдарындағы еңбек жолын 1996 жылы жедел қызмет бағытында бастаған. 1996-2000 жылдары осы салада қызмет етсе, 2000-2025 жылдар аралығында ұлттық қауіпсіздік органдарында басшылық лауазымдарды атқарған.
Қызмет жолы: Алматы, Ақтөбе және Жамбыл
2016 жылға дейін Марат Ирменов Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Сол жылдың шілдесінде Ақтөбе облысы бойынша ҰҚК департаментінің басшысы болып тағайындалды. Бұл тағайындау Ақтөбеде болған терактіден кейін жүзеге асты.
2020 жылдың ақпанында ол Жамбыл облысы бойынша ҰҚК департаментінің бастығы қызметіне ауысты. Бұл жолы тағайындау Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін болды. Ол бұл қызметте Шапай Самаковты алмастырды.
Еске сала кетейік, 2020 жылғы 7 ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масаншы ауылында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес болып, оған шамамен 300 адам қатысқан. Қақтығыс Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарына да таралды. Оқиға салдарынан сегіз адам қаза тауып, ондаған тұрғын жарақат алды. Сонымен қатар 30-дан астам жеке тұрғын үй, 15 сауда нысаны және 23 автокөлік бүлінді.
Қаңтар оқиғасы кезіндегі қызметі
2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Марат Ирменов Жамбыл облысы бойынша ҰҚК департаментінің бастығы болған.
2022 жылғы 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні Тараз қаласында 350-ге жуық адамнан тұратын топ ҰҚК департаментінің ғимаратын басып алуға әрекет жасаған. Шабуылдаушылар атыс қаруы мен жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді қолданған.
ҰҚК қызметкерлері Шекара қызметі департаментінің арнайы жасағымен бірлесіп, қарулы шабуылдың үш мәрте бетін қайтарған. Алайда шабуыл кезінде Жамбыл облысы бойынша ҰҚК департаментінің Терроризмге қарсы орталығы бөлімінің бастығы, подполковник Дастан Әділбай оқ жарақатынан қаза тапты.
Қаңтар оқиғасынан кейін Марат Ирменов Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаментінің басшысы болып тағайындалды. Ол бұл қызметті 2025 жылдың қазанына дейін атқарды.
ҰҚК төрағасының орынбасарынан комитет басшысына дейін
2025 жылдың қазанынан 2026 жылдың қарашасына дейін Марат Ирменов ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2026 жылдың қарашасында комитет төрағасы болып тағайындалды.
Осылайша, ол ұлттық қауіпсіздік органдарында 30 жылға жуық уақыт қызмет етіп, жедел қызметтен бастап басшылық лауазымдарға дейінгі жолдан өтті.
Генерал-майор атағы мен марапаттары
2019 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен Марат Ирменовке ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы берілді.
Ол II дәрежелі «Даңқ» орденімен, сондай-ақ мемлекеттік, ведомстволық және мерейтойлық медальдармен марапатталған. Бұдан бөлек, ҚР ҰҚК-нің құрметті қызметкері атанған.
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы қызметінен босатылды
Айта кетейік, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Ермек Сағымбаев комитетті 2022 жылдың қаңтарынан бастап басқарды. Оған дейін ұлттық қауіпсіздік органдары мен Мемлекеттік күзет қызметінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. 2021-2022 жылдары Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болды.
2026 жылдың тамызында Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты ҰҚК төрағасы қызметіне қайта тағайындаған еді. Алайда 16 қарашада Мемлекет басшысы оны қызметінен босатып, орнына Марат Ирменовті тағайындады.