«Үміт ақталды»: Дархан Қызайбай боксшылардың Азия ойындарындағы өнеріне баға берді

«Үміт ақталды»: Дархан Қызайбай боксшылардың Азия ойындарындағы өнеріне баға берді
Фото: ҚР ҰОК

Қазақстан құрамасы Аичи мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы бокс бәсекесін бес медальмен аяқтады. Ұлттық құрама қоржынына екі алтын және үш қола жүлде түсті.

Қазақстанға алтын медальді Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай сыйлады.

12 жылдан кейінгі алтын

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Төрехан Сабырхан финалда Иордания өкілі Зейяд Ишашпен қолғап түйістірді. Қазақстандық боксшы шешуші жекпе-жекте қарсыласынан басым түсіп, төрешілердің ортақ шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша Төрехан Сабырхан Азия ойындарының чемпионы атанды.

Төрехан Сабырханның жеңісі Қазақстан боксы үшін ерекше маңызға ие. Бұл – қазақстандық боксшылардың Азия ойындарында 12 жылдық үзілістен кейін жеңіп алған алғашқы алтын медалі.

Көп ұзамай Қазақстан қоржынына екінші алтын да түсті. Оны ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай жеңіп алды.

90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Оралбай финалда өзіне жақсы таныс қарсылас – Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокировпен кездесті.

Жекпе-жектің алғашқы раундынан-ақ қос боксшы белсенді айқас жүргізіп, шаршы алаңның ортасын бермеуге тырысты. Бәсеке барысында Айбек дәл соққыларымен басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Айбек Оралбай да Азия ойындарының чемпионы атанды.

Қазақстан бокс федерациясының бірінші вице-президенті Дархан Қызайбай ұлттық құраманың нәтижесіне қатысты пікір білдірді.

Қазақ халқын, бокс жанкүйерлерін құттықтаймын. Жігіттеріміз үмітті ақтап, ел мерейін үстем етті, – деді ол.

Қазақстан құрамасының тағы үш боксшысы Азия ойындарын қола жүлдемен аяқтады. 55 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан үшінші орын иеленді. Әйелдер арасында 51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова, 75 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова қола медаль жеңіп алды.

Осылайша Қазақстан бокс құрамасы Азия ойындарын екі алтын және үш қола медальмен қорытындылады.

Айта кетейік, Қазақстан атынан бокс бәсекесіне 11 салмақ дәрежесінде спортшылар қатысты. Ерлер алты, әйелдер бес салмақ дәрежесінде ел намысын қорғады.

Қазақстан медаль кестесінде сегізінші орынға көтерілді

2 қазанда қазақстандық спортшылар Азия ойындарында 13 медаль жеңіп алды. Оның үшеуі – алтын, екеуі – күміс, сегізі – қола. Ал Азия ойындарының 13-жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан жалпыкомандалық медаль кестесінде сегізінші орынға көтерілді. Ұлттық құраманың еншісінде 77 жүлде бар: 12 алтын, 21 күміс және 44 қола. Бұған дейін Қазақстан тоғызыншы орында тұрған.

Медаль кестесінде Қытай көш бастап келеді. Қытай спортшылары 162 алтын, 81 күміс және 73 қола – барлығы 316 медаль жеңіп алған. Екінші орында 240 медальмен Жапония тұр. Үздік үштікті 134 жүлдесі бар Оңтүстік Корея түйіндейді.

Оқи отырыңыз