Жаңалықтар

Ұлттық валюта күні: Орта Азия елдерінің валютасы жайлы не білеміз

Қазақcтанның банкноттары үш жыл қатарынан әлемдегі ең үздік банкнота деп танылды
Ұлттық валюта күні: Орта Азия елдерінің валютасы жайлы не білеміз
Фото: Reuters/Pixstream 14.11.2022 22:01 6579

Ұлттық валюта – елдің заңды түрде бекітілген ақша бірлігі. Оның әсіресе енді тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған елдер үшін қаншалықты маңызды екенін айту артық шығар. 1991 жылы бірінен соң бірі егемендік алып, тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Тәжікстан және Түркіменстан секілді елдердің алдында өз ұлттық валютасын айналымға енгізу мақсаты тұрды. Бүгінде олардың ұлттық валютасы қаржылық тәуелсіздігінің ажырамас символына айналды. Қазігі кезде әр елдің өзінің Ұлттық валюта күні бар. Қазақстанның ұлттық валюта күні - 15 қараша. Осыған орай, көршілес жатқан елдердің ұлттық валютасының тарихы мен ерекшеліктеріне тоқталуды жөн көрдік.

Қазақстан – ТМД елдерінің ішінде өз ақшасын айналымға енгізген соңғы мемлекеттің бірі. Бірақ біздің еліміз айналымға жаңа ақшаны тез және сәтті енгізе алды. Бар болғаны бір жылдың ішінде валютаның дизайны әзірленді. Сарапшылардың пікірінше, бұл өте аз уақыт, өйткені көптеген мемлекет өз валютасын дайындауға 5 жыл жұмсаған.

Теңгенің тарихына көз жүгіртсек, 1993 жылы 12 қарашада ел Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты. 15 қараша күні таңертең ұлттық валюта «теңге» айналымға енгізіліп, үш күннен кейін, яғни 18 қарашада жалғыз заңды төлем құралы болды. Алғашқыда ұлттық валюта атауларының бірнеше нұсқасы қарастырылды, оның ішінде «алтын», «ақша», «теңге», тіпті «сом» деген де нұсқалары ұсынылды. Бірақ таңдау «теңгеге» түсті. Бұл сөздің мағынасы ортағасырлық түркілердің «денге» немесе «танга» деген, яғни ұсақ күміс монеталары деген мағынаны білдірген.  

Ұлттық валюта күні: Орта Азия елдерінің валютасы жайлы не білеміз

Сол кездегі ел президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бастап 15 қараша – Ұлттық валюта күні, сондай-ақ Қаржыгерлер күні болып белгіленді.

2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналымға шығарылды. Айта кетейік, 2006 жылдың 15 қарашасынан 2007 жылдың 14 қарашасына дейін жаңа банкноталармен қатар ескі банкноталар да айналымда болды.

Теңгенің дизайнына тоқталсақ, алғаш шыққан жылдары оның беткі жағына ұлттық ою-өрнектермен үйлестіре отырып, мәдениеттің, ғылымның және саясаттың түрлі салаларындағы Қазақстанның ірі қайраткерлерінің портреттерін, ал артқы жағында Қазақстанның сәулет ескерткіштері мен көркем көріністерін орналастыру туралы шешім қабылданды. Кейіннен оның дизайны өзгерді. Қазіргі банкноталарда Қазақстанның көрікті жерлері, тарихи ескерткіштер мен сәулет өнері бейнеленген.

Жалпы Қазақcтанның банкноттары үш жыл қатарынан әлемдегі ең үздік банкнота деп танылды. Атап айтсақ, 2011 жылы – 10 000 теңге, 2012 жылы – 5 000 теңге, 2013 жылы – 1 000 теңге номиналы. Ал 2013 жылы «Қазақ елі» сериясындағы 5000 теңгелік банкнотты халықаралық банкнот қоғамдастығы «2012 жылдың үздік банкноты» деп таныған еді. Мысалы, 5000 теңгелік купюраның бет жағында «Қазақ елі» монументі, ал сырт жағында ел картасының контуры, Тәуелсіздік монументі мен Алматы Іле Алатауы фонындағы «Қазақстан» қонақ үйінің ғимараты бейнеленген.

Ұлттық валюта күні: Орта Азия елдерінің валютасы жайлы не білеміз

Теңге «Жылдың үздік банкноты» номинациясында бірнеше рет жеңіске жеткен.

2015 жылдың 1 желтоқсанынан бастап номиналы 20 000 теңгелік банкнот шығарылды. Ал 2016 жылы 20 000 теңгелік қазақстандық банкнота да аймақтық банкноттардың халықаралық байқауында дизайн және қорғаныс саласындағы қолданбалы технологиялар бойынша үздік деп танылған болатын.

Теңгенің символы – жоғарғы жағында қосымша сызықша (₸) бар Т әрпі. Бұл 2006 жылы конкурс арқылы таңдалған еді.

Осы тұста 1997 жылы 13 қарашада ашылған Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мұражайы бар екенін айта кеткен жөн. Ұлттық банк мұражайы – елдегі ең ерекше мұражайлардың бірі. Бұл Қазақстан Республикасының аумағында бұрын-соңды айналымда болған банкноталар мен монеталардың эволюциясы мен сан алуан банкноттардың үлгілерін көруге болатын жалғыз мұражай болып саналады.

Қырғызстан - ұлттық валютасын енгізген Ресейден кейінгі 2-ел

Қырғыз мемлекеті ұлттық валютасы сомның күнін 10 мамырда атап өтеді. Олар осыдан 29 жыл бұрын, яғни 1993 жылдың 10 мамырында айналымға енгізген болатын. Айта кету керек, Қырғызстан Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін өздерінің ұлттық валютасын енгізген Ресейден кейінгі екінші ел болды.

«Сом» сөзі көне түркінің «som» деген сөзінен шыққан, ол «таза» деген мағынаны береді. ХІ ғасырда монеталар «сом алтын» деп аталды, бұл «таза алтын» дегенді білдіреді. Қырғызстанда соңғы рет банкноттар 2010 жылы жаңартылған. Ашық деректерге сүйенсек, елдің Ұлттық банкі банкноттардың жаңа сериясын шығаруды жоспарлап отырған жоқ.

Ұлттық валюта күні: Орта Азия елдерінің валютасы жайлы не білеміз

Ақпарат көздерінде қырғыз банкноттарының сапасы жақсы екені, сондай-ақ олардың сыртқы әсерлерден жақсы қорғалғаны айтылады. Қырғызстан банкноттарында Spark қауіпсіздік элементін қолданған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болды. Номиналы бес мың сом болатын банкнот «Жыл банкноты» халықаралық байқауының жеңімпазы атанған.

Осыдан 8 жыл бұрын банкноттардың эскиздері құпия болған. Қазір олар Ұлттық банктің мұражайында сақтаулы тұр. Мұнда екі мыңнан астам жәдігер сақталған. Қырғызстан территориясынан табылған көне теңгелер, қырғыз алтынының құймалары да бар екен.

Қырғызстанда тәуелсіздік жылдары төрт рет ақша шығарылған. Бүгінде айналымда банкноттардың жеті түрі бар. Банкноталарда қырғыз елінің көрнекті тұлғалары, табиғаты, республиканың басты көрікті жерлері бейнеленген.

Айта кетейік, банкнота Ұлыбритания мен Францияда шығарылады.

Өзбекстанда Ұлттық валюта күні 1 шілдеде атап өтіледі

Өзбекстанда ұлттық валюта күні 1 шілдеде тойланады. Осы күні Өзбекстан Республикасы Президентінің жарлығымен сома бірыңғай төлем құралы ретінде ел аумағында айналымға енгізілген. Олардың ұлттық валютасы – сум.

Биыл өзбек ұлттық валютасына 28 жыл толып отыр. 1994 жылы 1, 3, 5, 10, 25, 50 және 100 сомдық номиналдағы қағаз банкноттар, сондай-ақ тиындар айналымға енгізілген.

Ұлттық валюта күні: Орта Азия елдерінің валютасы жайлы не білеміз

Тарихқа көз жүгіртсек, сум - Фирдоусидің «Шахнама» еңбегінде ақша салынатын дорба мағынасында айтылған көне терминдердің бірі. XIV ғасырда Алтын Орда хандығында белгілі бір салмақтағы күміс құймаларға қатысты «сум» термині қолданылған.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Өзбекстанның ақша бірлігі кеңестік рубль болды. 1992 жылдың қаңтар айынан бастап тұтыну нарығын қорғау және өнімді тек Өзбекстан азаматтарына сату үшін бір реттік талондар шығарылды. 1993 жылы 15 қарашада сум-купондар айналымға енгізілді. Сум-купондар айналымда 9,5 ай болды, кейіннен олар Өзбекстанның ұлттық валютасы – 1994 жылғы 1 шілдеден бастап 1994 жылғы 1 тамызға дейін сумды енгізгеннен кейін де жарамды болған.

Сум алғаш рет 1,3,5,10,20,50 тиындық монета және 1,3,5,10,25,50,100 сумдық банкнот түрінде айналымға енді. Барлық банкнотаны немістің Giesecke & Devrient компаниясы шығарған. Ал 200 сумдық және басқа да кейінгі банкноттар «Давлат белгиси» атты Ташкент мемлекеттік кәсіпорнында басылды.

Банкноталарда ел тарихындағы ұлы тұлғалардың кесенелері, олардың атына берілген мәдени орындар, ескерткіштер бейнеленген.

1997 жылдың 1 наурызынан бастап 200 сумдық банкнот, 1999 жылдың 1 шілдесінен – 500 сумдық банкнот, 2001 жылдың 1 қыркүйегінен – 1000 сумдық банкнот айналымға шығарылды. Осы банкноттардан бастап ұлттық валютаның дизайны өзгерген.

200 сомдық купюрада - Самарқанд қаласындағы Регистан ансамблінің Шердор медресесіндегі күн артындағы жолбарыстың символикалық бейнесі, 500 сомдық купюрада Ташкент қаласындағы Әмір Темір ескерткіші, 1000 сомдық купюрада - Ташкенттегі Тимуридтер тарихы мұражайының ғимараты салынған.

2013 жылғы 1 шілдеден бастап 5000-банкнота, 2017 жылғы 10 наурыздан бастап 10000-банкнота, 2017 жылғы 22 тамыздан бастап 50000-банкнота, 2019 жылғы 25 ақпаннан бастап 100000-банкнота айналысқа енді.

Соңғы шығарылған банкноттар қатарында 2000 және 20000 номиналындағы банкноттар бар. Олар 2021 жылдың 14 маусымынан бастап айналымға енгізілген. Кейін сум құнсызданғаннан кейін номиналы төмен қағаз ақша тиындарға ауыстырылған.

Тәжікстан ұлттық валютасын 2000 жылдары айналымға енгізді

Тәжікстанның қазіргі ұлттық валютасы - сомонидің тарихы 2000 жылдардан басталады. Тәжік мемлекеті Орта Азия елдері ішіндегі кеңес валютасынан бас тартқан соңғы мемлекет болды. Елде 1994 жылдың басынан бастап ресейлік рубль ресми валютаға айналды, ал 1995 жылдың 10 мамырында оны тәжік рублімен ауыстырды.

Тура 5 жылдан кейін Тәжікстан үкіметі нағыз ұлттық валютаны айналымға енгізді. Сөйтіп, сомони – Тәжікстанның ұлттық валютасы атанды.

Валютаның атауы қазіргі республика аумағындағы алғашқы мемлекеттің негізін қалаушы және басшысы, Мавераннахр мен Хорасанның екінші әмірі Исмаил Саманидің құрметіне қойылды.

Ұлттық валюта күні: Орта Азия елдерінің валютасы жайлы не білеміз

Осылайша, жаңа валюта 2000 жылдың 30 қазанында айналымға енді. Банкноттар 1, 5, 20, 50 дирам (дирам - тиын секілді ұсақ ақша) және 1, 5, 10, 20, 50 және 100 сомони банкноталары шығарылды. Кейіннен олардың дизайны мен түсі өзгерді.

Ал 2017 жылдың тамызында Тәжікстан Ұлттық банкі 10, 20, 50 және 100 сомонилік банкноттарға қорғаныс элементтерін қосып, одан әрі жетілдіре түсті. Банкнота 100% мақта талшықты қағаздан жасалған, сондай-ақ қызыл, көк және жасыл түсте жарқырайтын түссіз қорғаныш жіптерден тұрады.

Валютаның беткі жағы тәжік тарихында ойып тұрып орын алатын мемлекет қайраткерлерінің портреттерімен безендірілген. Мәселен, номиналы 1 сомонилік банкноттың бет жағында тәжік ақыны Мирзо Турсун-заде, 3 сомониде – Тәжікстан батыры, мемлекет қайраткері Шириншо Шотемор, 5 сомониде – тәжік әдебиетінің негізін салушы Садриддин Айни бейнеленген.

Ал банкноттарының сырт жағында тарихи және заманауи сәулет ескерткіштері бейнеленген. Мысалы, 1 сомонилік банкноттың сырт жағында Тәжікстан Ұлттық банкі ғимаратының қасбетін, 3 сомониде - ел парламентінің ғимаратын көруге болады.

Түркіменстан ұлттық валютасына - 29 жыл

Түркіменстанда ұлттық валюта күні жыл сайын 1 қарашада атап өтіледі. Өйткені осыдан 29 жыл бұрын, яғни 1993 жылы 1 қарашасында Түркіменстанның ұлттық валютасы манат айналымға енгізілген болатын.  Содан бері манат күні 1 қарашада тойланып келеді.

Елдің ұлттық валютасы – оның Туы, Елтаңбасы, мемлекеттік шекарасы сияқты тәуелсіз мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Түркіменстанның ширек ғасырдан астам даму тарихында түркімен манаты сенімді қаржы құралына айналды дейді мамандар.

Ұлттық валюта күні: Орта Азия елдерінің валютасы жайлы не білеміз

1993-1995 жылдардағы ұлттық валютаның алғашқы банкноттары тарих және мәдениет ескерткіштерімен безендірілген. Осылайша, 1 манаттық банкноттың бет жағында Түркіменстан Ғылым академиясының фонындағы көне ұлттық әшекей «тұмар», ал банкноттың артқы жағында Иль-Арсланның хорезмшахтарының бірінің кесенесі бейнеленген.

29 жыл ішінде түркімен манатының сыртқы түрі, дизайны және де түсі бірнеше рет өзгерді. Банкноттарда суға қатысты белгілері пайда болды, сондай-ақ олардың бірінде ахалтеке жылқысы да бейнеленді.

2009 жылдың 1 қаңтарында үкімет деноминацияны іске асырды, яғни ескі банкноттар мен монеталар қолданыстан алынып, жаңасы айналымға енгізілді.

Жаңа банкноттарда түркімен халқының даңқын асқақтатқан ұлы тарихи тұлғалары мен сәулет ескерткіштері бейнеленген. Сонымен қатар 2009 жылы 1, 2, 5, 10, 20 және 50 тенгелік (туркм. teňňe – ұсақ тиын),  2010 жылы 1 және 2 манаттық монеталар айналысқа енгіліген болатын. Одан кейін де валюта бакноталар мен монеталар жаңартылып, айналымға енгізілген болатын.

Сондай-ақ 2017 жылы Азия ойындары қарсаңында Ашхабад Олимпиада қалашығының нысандарына арналған банкноттардың естелік сериясын шығарды.

2020 жылы Түркіменстанның «бейтарап ел» атанғанының 25 жылдығына орай елде 1, 5, 10, 20, 50 және 100 манат номиналындағы жаңа өзгертілген банкноттар айналымға шығарылды. Банкноттардың бет жағының түсі мен дизайны негізінен сақталған, алайда жоғарыда аталған банкноттардың барлығында «Түркіменстан – бейтарап ел» деген символы бар эмблемалар пайда болған. Қалыптасқан дәстүр бойынша Түркіменстанда маңызды даталарға арналып монеталар шығарылатынын да атап өткен жөн.

Жалпы елде жыл сайын 1 қарашада ұлттық валютаның тарихымен танысып, оны дәріптеу мақсатында түрлі ғылыми конференциялар, іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға