Жаңалықтар

Ұлттық пантеонда 4 орын ғана бос қалды: Жазушылардың пікірі қандай?

Ұлттық пантеонда 4 орын ғана бос қалды: Жазушылардың пікірі қандай?
Фото: © El.kz 17.08.2023 16:35 1794

Жақында Астанадағы Ұлттық пантеонда 4 орын ғана бос қалғаны туралы ақпарат тарады. Бұған қатысты жұрттың пікірі екіге жарылды. Елге еңбеңгі сіңген тұлғаларды осылай бөлек жерлеген дұрыс деп ойлайтындар да, мұның қажет емес екенін айтатындар да бар. Осы орайда El.kz  тілшісі белгілі ақын-жазушылардан пікірін сұрап білген еді.

Дулат Исабеков, жазушы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Ұлттық пантеонда 4 орын ғана бос қалды: Жазушылардың пікірі қандай?

Пантеонды алғаш Түркістанда ашқан болатын. Бекзат Саттархановтан бастаған. Одан кейін Райымбек Сейтметовті жерлеген. Кейін араласып кетті. Жұрттың бәрі сол пантеонға жатқысы келеді.Әркім өзінің туысын қойғысы келеді. Біреу милицияның бастығы болған, біреу депутат болған. Біреуі әкімшілікте істеген. Осылайша пантеон деген атынан айырып, жалпылама қылып жіберді. Бұл өзі қиындау болады екен. Пантеон деген атақты адамдардың жататын жері. Грузияға барсаңыз пантеон бар. Сонда Грибоедов, Чавчавадзеден бастап ұлы ақындар, жаушылар, белгілі қайраткерлер ғана қойылған. Мен оны аралап көргемін. Біз сондайды сақтай аламыз ба? Қазақтың менталиеті қызық қой. Әркім өзінің туысқанын керемет көреді. Пантеонға апарып қойғысы келеді де тағы берекесін алып жібере ме деп қорқамын.

Пантеонның мәселесі бар. Енді ашылса бұдан кейінгі ол жерге жататын адамдар кімдер?

 El.kz : Қазір 4-ақ орын қалыпты. 

Дулат Исабеков: Оған кім сыяды? Пантеон ашылғалы жатыр дегенді баяғыда естігем. Сол кезде қазаққа пантеон деген қиын болады-ау, ертең бәрі араласып кетеді-ау деп ойлағам. Сондықтан халыққа пантеон қажет пе, қажет емес пе? Өйткені ерекше қылып қойғаннан кейін жұрттың намысына тиеді. Менің туысқаным одан кем бе деген сияқты. Көптеген ұлы адамдарымыз әр жерге жерленді. Күләш Байсейітова, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаевтар Райымбек даңғылының бойында.  Кеңсайда Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Дінмұхамед Қонаев, Жұбан Молдағалиевтар жатыр. Пантеон болса олардың бәрін алып келу керек. Қазақтың ұлы адамдары бір жерде жатуы тиіс қой. Осының бәрінің басын қосу да қиын бола ма, қайдам?! Пантеон деген принциппен болуы керек. Ондай принцип болмаса қазақ көнбейді. Сондықтан пантеонның, бөліп-жарудың бізге әзірге керегі жоқ. Өйткені ұлы адамдардың бәрі әр жерде шашылып жатыр.

Серік Асылбекұлы, жазушы филология ғылымдарының докторы, профессор:

Ұлттық пантеонда 4 орын ғана бос қалды: Жазушылардың пікірі қандай?

Жалпы, халықты әртүрлі әлеуметтік касталарға бөліп қарау түбірімен дұрыс емес. Ұлт, халық дегеніміз – тұтас организм. Мысалы, адамның қолын оның аяғынан немесе кеудесі мен басынан бөліп қарастыруға болмайды ғой. Сондықтан да біздің, қазақтардың, тірлікте ниетіміз бен мұратымыз, өлгенде моламыз бірге болуык керек.

Сәуле Досжан, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Ұлттық пантеонда 4 орын ғана бос қалды: Жазушылардың пікірі қандай?

Жазушы, қайраткерлерді зиялы қауым деп халықтан бөлудің өзі дұрыс емес. Біз де халықпыз, халықтың ішінде жүрміз. Бәріне қазақ деп қарау керек. Ана дүниеде бәріміз бірдейміз. Сондықтан зиялы қауым, қара халық деп бөлуге болмайды. Зиялы қауым тек өзінің өнерімен, рухымен, жақсы қасиетімен, құдай берген дарынымен, талантымен ұлтына қызмет етеді. Ұлтқа қызмет ететін адамдарды зиялы қауым дейді. Әркім әр саланы дамытып жатыр. Біз халықтың рухын көтереміз, руханиятты дамытамыз. Білмеймін енді, Кеңсайға жай адамдар да жерленіп жүрді. Топырақ қай жерден бұйырады сол жерге жерленеді. Астанадан арнайы пантеон жасап, оған бәлен бай еңбек сіңірген мемлекеттік бірдеңе деген атақтары бар, бірдеңе деген абыройлары бар адамдар ғана жерленеді деді. Оның жөні бөлек. Ал Кеңсайда, Райымбек атамыздың кесенесінің қасында бәрі бірге жатыр. Барлығы бірдей аруақтар, ешкім ешкімнен артық емес.

Бегабат Ұзақов, жазушы, Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың иегері:

Ұлттық пантеонда 4 орын ғана бос қалды: Жазушылардың пікірі қандай?

Задында, бүкіл әлемде пантеон бар. Өзіміздің көрші Өзбекстанға барсаңыз, Самарқанд шәрінде Шахи-Зинда пантеоны бар. Онда хандар, уәзірлер, атақты адамдар жерленген.Мәселен Ташкенттің өзінде атақты адамдар жерленген Шағатай зираты бар. Бірақ олар 4-5 не 20-30 адамды жерлемейді...

Бірнеше ғасырдан бері келе жатқан үлкен қорым. Пантеонда 20-30 адамды жерледі деу –  сәл ыңғайсыз дүние. Менің өзім Астана қаласындағы «Қабанбай батыр пантеонына» бірнеше мәрте барғамын. Мұнда Әбіш, Фариза, Әнес Сарай сынды аға-апаларымыз жатыр. Жатуға лайық шығар? Одан басқа Қонақаев сияқты Назарбаевтың адамдары бар. Бізде әдемі бастамалардың соңы сиырқұймышақтанып кетеді ғой көбінде. Миллиондарға ондай нәрсені ұстап тұру біз сияқты кішкене мемлекетке дұрыс емес деп ойлаймын. Қала берді ол пантеонда Қаракерей Қабанбайдың жатқанының өзі даулы мәселе. Бұл мәселе төңірегінде Қабдеш Жұмәділов кесімді шешімін айтқан. Бұл – жай символикалық «бірдеңе». Сондықтан оны бөліп-жарып ерекшелеудің қажеті жоқ деп ойлаймын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға