Жаңалықтар

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неліктен өзгеріссіз қалдырды

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неліктен өзгеріссіз қалдырды
Фото: El.kz 24.02.2023 15:00 1255

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл шешімге Ұлттық банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау, сондай-ақ инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау негіз болды. Геосаяси жағдай мен оның салдарының белгісіздігіне, сондай-ақ азық-түліктің әлемдік бағасының жоғары болуына байланысты сыртқы проинфляциялық факторлар сақталып отыр.

Ұлттық банктің хабарлауынша, инфляцияның ішкі тәуекелдері ішкі сұраныстың орнықты болуына, логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуына, ынталандырушы фискалдық саясатқа және әлі де жоғары қалыптасып отырған инфляциялық күтулерге байланысты. Факторлардың жиынтық балансы орта мерзімді болашақта инфляцияны төмендету үшін 2023 жылдың бірінші жартысында базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұру қажеттілігін негіздейді.

2023 жылғы қаңтарда жылдық инфляция өсу қарқынын жалғастырып, 20,7% болды. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі басты қозғаушы күш болып қалуда. Айлық инфляция төрт ай қатарынан 1,1%-ға дейін баяулады (2022 жылғы қыркүйектегі 1,8%-дан), бірақ әлі де орташа тарихи мәннен асып отыр. Айлық инфляция сияқты базалық инфляцияның көрсеткіштері де баяулап келеді, бірақ, жоғары деңгейде қалыптасуда.

Инфляциялық күтулер 2022 жылғы желтоқсанда шарықтау шегіне жеткеннен кейін төмендеді, бұл алдыңғы болжамның алғышарттарына сәйкес келеді. Дегенмен, инфляциялық күтулер әлі де жоғары және олардың төмендеуінің айқын тренді әлі қалыптаспаған, бұл инфляцияның тез баяулауына кедергі жасайды.

Жаһандық инфляция баяулай бастады, бұған энергия ресурстарына бағаның төмендеуі мен жеткізу тізбегіндегі жағдайдың біршама жақсаруы әсер етті. Сонымен қатар белсенді еңбек нарығына, күшті тұтынушылық сұранысқа және пандемиядан кейін Қытайдың ашылуына байланысты әлемдегі инфляцияның жеделдеу тәуекелі артып келеді. Болжам бойынша, жаһандық инфляция болжамды кезең ішінде біртіндеп баяулайды, ол орталық банктердің қатаң монетарлық саясатын жүргізуімен, сондай-ақ әлемдік экономиканың әлсіз өсуімен қатар жүретін болады. Сауда әріптес елдердегі инфляцияның күтілетін төмендеуінің әсерінен Қазақстандағы тұтыну бағасына қысым әлсірейтін болады.

Жаңа деректерді, сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, инфляцияның болжамы аздап төмендету жағына қарай қайта қаралды. 2023 жылы Қазақстандағы фискалдық ынталандыру мен Ресейдегі инфляцияның динамикасына қатысты белгісіздікке байланысты болжамның ауқымы кеңейтілді. Болжам бойынша, биыл базалық сценарийде жылдық инфляция 9-12%, 2024 жылы – 6-8%, 2025 жылы – 4-6% шегінде қалыптасады. Өткен жылғы жоғары база әсерінен жылдық инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың I тоқсанында күтілуде. Инфляция болжамдарының жақсаруы ФАО астық өнімдері индексінің болжамды төмендеуіне, Қазақстанда өнімнің жақсы болуына, теңгеге қатысты нақты айырбастау бағамының нығаюына, сондай-ақ қызметтерге миграциялық шоктың ұстамды әсер етуіне байланысты.

Қазақстан экономикасының өсуіне қатысты болжамдар жақсарды. Осылайша, 2023-2025 жылдары ЖІӨ-нің өсуі 3,5-4,5% деңгейінде күтіледі. Сауда әріптес елдердің экономикалары біртіндеп қалпына келген сайын мұнайды өндіру мен экспорттау бойынша күтулердің оң болатынына байланысты болжам қайта қаралды. Ынталандырушы мемлекеттік шығыстар мен мұнайдың қолайлы бағалары жағдайында ішкі сұраныс орнықты өседі деген болжам бар. Сонымен қатар фискалдық ынталандыру аясындағы импорттың оң динамикасы, сондай-ақ, тежеуші нақты мөлшерлеме ішкі сұраныстың өсуін ішінара теңестіретін болады. Қазақстандық экспортты халықаралық нарықтарға жеткізудегі ықтимал проблемалар ЖІӨ болжамының тәуекелі болып табылады.

Ел ішіндегі проинфляциялық факторлар күшеюі мүмкін. Жеміс-жидек пен көкөніс нарығындағы ұсыныстың күтпеген өзгерістеріне байланысты азық-түлік бағасы тез өсуі мүмкін деген тәуекелдер де сақталып отыр. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының реттелетін қызметтеріне тарифтердің және жанар-жағармай бағасының уақыты келген реформалары тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына баға өсімін жеделдетуі мүмкін. Сыртқы әлемнің қосымша инфляциялық тәуекелдері мемлекеттік бюджет шығыстарының өсуі, рубльдің әлсіреуі мен санкциялар аясында Ресей Федерациясында инфляцияның айлық көрсеткіштерінің ықтимал жеделдеуіне байланысты. Бұл факторлар базалық сценарийдің алғышарттарында ескерілмеген. Болашақта олардың іске асуы болжамның өзгеруіне әкелуі мүмкін.

Мұндай жағдайларда 2023 жылдың бірінші жартысында базалық мөлшерлемені ағымдағы мәндерде сақтау – инфляцияны тұрақтандыруға және оның орта мерзімді болашақта біртіндеп төмендеуіне септігін тигізеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға