Ұлттық архив – тәуелсіз елдің тарихын жүйелеп, мемлекеттік маңызы бар құжаттарды болашақ ұрпаққа аманаттайтын бірегей мекеме. Биыл архивтің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде мұнда тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіне қатысты мыңдаған тарихи құжат жинақталып, ғылыми айналымға енгізілді.
Архив – жай ғана ескі қағаздар сақталатын орын емес. Мұнда мемлекеттің саяси шешімдері, заңнамалық құжаттары, халықаралық келісімдері, белгілі тұлғалардың жеке қорлары және еліміздің тәуелсіздік тарихын айғақтайтын бірегей материалдар сақталады.
Мұнда қандай ерекше құжаттар бар?
Ұлттық архив 2006 жылы Астанада ашылды. Оның басты міндеті – тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі мемлекеттік құжаттарды тұрақты сақтауға қабылдау.
Бүгінде архив қорларында Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Конституциялық Кеңестің (қазіргі Конституциялық Сотқа дейінгі кезең), Үкіметтің және басқа да орталық мемлекеттік органдардың құжаттары сақталады. Сонымен қатар мұнда мемлекет қайраткерлерінің, ғалымдардың, жазушылардың және қоғам қайраткерлерінің жеке қорлары да бар.
Ұлттық архивтің ең құнды жәдігерлерінің бірі – 1993 жылғы Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясының түпнұсқа мәтіні. Сондай-ақ архивте Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1991–1995 жылдардағы құжаттары, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы халықаралық келісімдер, депутаттық сауалдар, мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасуына қатысты материалдар, шетелдік делегациялармен жүргізілген хаттамалар мен ресми құжаттар сақталған.
Бұл құжаттар Қазақстанның мемлекеттік институттарының қалай құрылғанын зерттеуге мүмкіндік береді.
Көпшілік архивті қағаз құжаттармен ғана байланыстырады. Алайда қазіргі архивтерде электрондық құжаттар,фотосуреттер, бейнежазбалар, дыбыс жазбалары, киноқұжаттар, ғылыми-техникалық құжаттар, сирек қолжазбалар да сақталады.
Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихының барлық бағыттарын қамтитын кешенді қор қалыптасқанын көрсетеді.
Неге архив маңызды?
Архив қызметі бүгінде цифрлық жүйеге көшіп келеді. Қазақстан бойынша Ұлттық архив қорының құрамындағы құжаттардың 2,6 миллионнан астам сақтау бірлігі цифрланған. Бұл құжаттардың сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, зерттеушілер үшін қолжетімділікті арттырады. Мемлекет басшысы да Ұлттық цифрлық архив қалыптастырудың маңызын бірнеше рет атап өткен.
Тарихшылар архивті «ұлттың жады» деп атайды. Себебі кез келген тарихи оқиға, мемлекеттік шешім немесе халықаралық келісім ең алдымен архив құжаттары арқылы дәлелденеді.
Архив материалдары ғылыми зерттеулердің негізгі дереккөзі, азаматтардың әлеуметтік-құқықтық мәселелерін шешуге негіз болатын ресми құжат, мемлекеттік басқару тарихын зерделеудің маңызды құралы, ұлттық тарихи сананы қалыптастыратын құндылық болып саналады. Бұл міндеттер «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңда да айқындалған.
Жиырма жыл ішінде Ұлттық архив тәуелсіз Қазақстанның құжаттық шежіресін қалыптастырған маңызды ғылыми-ақпараттық орталыққа айналды. Мұнда сақталған әрбір құжат – ел тарихының бір бөлшегі. Бүгінгі цифрландыру жұмыстары сол тарихи мұраны келешек ұрпаққа толық әрі қолжетімді жеткізуге мүмкіндік береді.