Жаңалықтар

Ұлттық философия

Ұлттық құндылық
Ұлттық философия
16.04.2017 18:20 10998

Ұлттық философия – халықтың өзін өзі тұрақтандыратын және  оның барлық әрекеттеріне негіздеме беретін, оның асқақ мұраттарын қалыптастыратын рухани ізденіс аймағы.

Ұлтымыздың философиясын, дүниетанымын зерделеудегі басты мәселе – біздің өскелең ұрпаққа басқа елдермен терезесі тең боларлық рухани қор жинадық па, жинамадық па деген сұраққа барып тіреледі. Адамзат қол жеткізген ғылыми-техникалық жаңалықтардың нәтижесінде ел мен ел қарым-қатынасы тез өрбіп, күн өткен сайын кеңейіп келе жатыр. Бұрындары ұшы-қиыры жоқтай болып көрінетін үлкен әлем бүгінгі коммуникация құралдарының күрделенуінің арқасында бір ауылдай кішігірім болып қалған сияқты. Осы заман талабы философиялық мұраны да кең тұрғыдан қарастыруды қажет етеді, өйткені бүгінгі халықаралық байланыстар, бүгінгі мәдени сұхбат деңгейі томаға тұйықтыққа жол бермесі хақ. Сондықтан да мәдени қор жасау өз халқымыздың қолда бар мәдени мұрасы мен рухани игіліктерін сақтап, оны жаңғыртумен шектелмесе керек. Рухани қазынамызды байытуда бүкіл әлемдік алдыңғы қатарлы, озық ой үлгілерінің тәржімаланып, жалпы жұрттың қолына жеткізу ісі аса маңызды да жауапкершілікті бастама екендігі сөзсіз  Онсыз біз ұлттық философиямызды өрелі өркениеттілікке бас бұрғанын іс жүзінде емес, тек сөз жүзінде ғана көрсетіп қойған боламыз.

Бұл жерде менің айтпағым, яғни «мәдени қор жасау» дегеннен келіп шығатын,  қазақ философиясы мен қазақ дүниетанымы аясында тек ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраға ғана шектелмей, қазақ тіліндегі философиялық лексика арқылы ұлттық мәдениетімізді де көрсете алатынымызды жеткізгім келген. Осыған орай белгілі философ, академик, жазушы Ғарифолла Есім ағамыздың «Адам-зат» атты кең көлемді туындысы қазіргі таңдағы қазақ қоғамы мен жастарына қажетті еңбектердің бірі деп айта аламын. Неге десеңіз, қазақ лексикасы әртүрлі сөздер мен сөз тіркестеріне өте бай. Ал соны саралап, нақты бір жүйеге келтіріп, қай сөзді орынды қай жерде қолданыла алатынымызды білсек, өзіміздің сөз қадірімізді өзіміз білгендігіміз. Академик ағамыздың бұл еңбегінде қазақ тіліндегі философиялық категорияларға түсініктемелер жасалған. Кітаптың бірінші бөлімінде адамзаттың сегіз жүйесіне қатысты ұғымдарға талдау жасалынып, анықтамалар берілген. Ал кітаптың екінші бөлімінде қазақ халқы дүниетанымынды жиі қолданылатын философиялық лексикаға арналған. Бұл кітаптың ерекшелігі, адам-зат болмысына қатысты онтология(болмыс), философиялық эссе жанрында баяндалған.

Ең алдымен, «лексика», «философия», «категория»  деген ұғымдарға қысқаша тоқталып өтсем. Барлығымыз білетіндей,  «Лексика» - тілдегі барлық сөздердің жиынтығы деген мағынада қолданылады. Бұл термин қазақ тілінде «сөздік құрам» деген атаумен аталады.

Тілдің лексикасын, немесе сөздің құрамын зерттейтін ғылым «лексикология» деп аталады. «Лексикология» гректің «лексис» және «логос» деген екі сөзінің бірігуінен жасалған. Бұл сөздердің грек тіліндегі мағынасы — «сөз туралы ілім» деген ұғымды береді.

Басқа тілдер секілді, қазақ тіл ғылымында да «лексика» деген термин өте кең ұғымды қамтиды. Бастысы белгілі бір мақсатқа қатысты болуы керек. Мысалы, ауызекі сөйлеу лексикасы, кітаби лексика, ғылыми лексика, өндірістік-техникалық лексика, ресми іс-қағаздары лексикасы, диалектілік лексика, кәсіби сөздер лексикасы, терминологиялық лексика, көнерген сөздер лексикасы т.б. Осыдан келіп, біздің тақырыбымызға сәйкес «философиялық лексика» ұғымы ашылады.

 Философиялық лексика – философиялық терминдерге қарағанда философиялық мәтіндерде жиі кездесетін анағұрлым кең ұғым. Философиялық лексика философиялық терминнен басқа, жалпылама сөздерді де қосып алып, оларға жеке-жеке талдау жасайды. Мұндай категорияларға – ақиқат, дерек, түсінік, идея, мазмұн сияқты жалпылама сөздерді топтастыра аламыз.

Ал «Адам-зат» еңбегінің философиялық лексика бөлімі ниет, жар жағасы, кінә мен күнә, қате, күдік сияқты т.б мағыналары топтас көптеген сөздердің анықтамалары жазылған. Солардың біразына мысал келтіріп, тоқталып өтсем.

Жар жағасы. Бәріміз білетіндей пенде болған соң әрбіреуіміздің байқамай қисық жолға түсіп кетіп, дұрыс жолдан адасатын сәттеріміз болады.... Ал үнемі таза жолмен жүріп, адамдарға жақсылық жасап, ізгі ниетте жүрген адамның бір шалыс басқан қадамын басқалар сынауға дайын тұрады десем қателеспеспін. Неге десеіңіз, мен осы ылғи жақсы істер басындамын ғой, енді бір ғана зұлымдыққа барсам не етеді деген сана орын алғанда, сенің бар адамшылық ниетің сонымен тәмәм болмақ. Жақсы адам үнемі жар жағасында, аяғыңды сәл қисық бастың ба, бітті, астыңда меңіреу құз жатады. Не соған түсіп жоқ боласың, не өз-өзіңе талабың күшейеді.  Сонымен, ізгі ниетте болу деген - жауапкершілік деп бір түйін жасауға әбден болады. Яғни, жауапкершілік өзіңнің әр басқан қадамың мен істеген ісіңе мән беріп, үнемі өзіңнен жауап алуың. Ал, жауапсыз адамға бәрібір, ол өзінің жар жағасында тұрғанын, не одан құзға қүлап бара жатқанын айырып жатпайды. Жар жағалап өмір сүріп жатқанын тек ізгі, рухы биік жандар ғана сезінбек. Осы сана адамға бақыт емес, қайғы әкелмек. Ғұламаларға, ойлы адамға бұл жалғанда қызық жоқ дейтіні де сондықтан. Жар жағасы дегеніміз жақсылық емес, жамандықтың нышаны. Сонда адам жамандықты бір аяғымен басып тұрып, үнемі одан алыстауды харекет етпек, алайда жамандықтан қашып құтылу адамға бұйырмаған. Ол жамандық жағалауынан қаншама алыстап кеткісі келгенімен, жар жағасы оның соңынан бір қалмайды. Өз тағдырынан қашып әрекетке түскенімен, барған жерінен жар жағасы табыла кетеді. Жар жағалау - ізгі жанның қашып құтылмас тағдыры.

Кінә мен күнә. Алғаш осы кітапты оқып отырған кезімде, мен көп нәрсеге таң қалғанмын. Өйткені, біз күнделікті естіп, қолданып жүрген қарапайым сөздеріміздің мағынасы тереңде жатқандығын, осы кітапты оқу арқылы ғана түсінгендеймін.

Кінә мен күнә синонимдер емес, екеуі екі бөлек жағдайда белгілі болатын дүниетанымдық ұғымдар, олардың басты айырмашылығы сонда, кінә - адам мен адамға қатысты болса, күнә - адам мен Жаратушыға қатысты, нақты айтқанда, Алла мен адам арасындағы мәселе.

Кінәні біз адам бойындағы бір кемшілік ретінде категория деп алсақ, ал күнәні діни категория дейміз. Адам баласы болғандықтан, кез-келген адам байқамаған жерден жіберіп қойып жататын қателіктері болады. Сол адамдардың ішіндегі асылым - өз қатесін түсініп, тәубеге келгендері.

Нүкте. Нүктені біз адам ойын аяқтауға көмек ететін, тек грамматикалық тыныс білгісі ретінде ғана білеміз. Ал оның одан өзге қандай қызметі немесе қасиеті бар? Міне, осы керемет ой «Адам-зат» еңбегінде анық жазылған. Егер белгілі бір сөйлемге нүкте белгісі қойылмаса, ол ойдың аяқталмай қалғанын бірден білеміз. Нүктенің атқарар қызметі сол, тарихта орын алынып жатқан көптеген оқиғаларға нүкте қойылып, содан кейін барып, жаңа тарихи оқиғаның белең алатыны.

Нүктені дұрыс қоя білмеу біздің «болатын іс» пен «болмайтын істі» ажырата алмауымызда. Болатан іс харекет негізінде айқындалған соң, нүкте қойылуы керек. Болмайтын іс адамды бітпес әрекетке салып, оның қай сәтінде нүкте қойылатыны белгісіз болып қала бермек. Тіптен нүкте қойылар тұс осы деп зорлық жасалғанмен, ол өзенді қыста қаптап жатқан мұз сияқты шуақты күнге жеткенде еріп сала бермек. Сондықтан дінде және ғұламалар ойларында нүкте философиясына қатысты қолданылатын ұғымдар бар, олар: Тағдыр, Жазу, Фатализм, Қажеттілік. Нүктені қоюшы адам болғанымен, оны белгілеуші Құдай немесе Тағдыр деген түсініктер Аңызда, Әдебиетте, Өнерде кеңінен орын алған.

Надандар әлдене бір жауаптар құрастырып, нүктені қойып та тастауға әмәнда әзір, ал даналар болса мұндай харекетке бара алмайды, кесіп сөз айтпайды, ойланады, толғанады, қысқасы, нүкте қоюға асықпайды. Себебі, нүкте шексіздіктің нақтылы көрінісі, ол тіптен шексіздіктің өмір сүруінің формуласы. Нүкте болмаса біз шексіздік туралы айта алмас едік. Нүкте шексіздіктің барлығының дәлел-айғағы. Адам болмысындағы нүкте - өлім. Тән мен жан айрылғанда адам болмысы өз тұтастығын бұзады. Демек, нүкте деген - тағдыр. Ал, тағдыр кімнің қолында, ырқында, сірә, нүкте қоюшы да сол болса керек. Тұрмыста мен мына бір іске нүкте қойдым деп пенделікпен дуылдасып жатамыз, бірақ бұл пиғыл адамдарға жарасымды. Өз еркіміз өзімізде, өзімізге өзіміз билік жасай аламыз деген ер санасы болмаса, адам өзі үшін жаратылған мына қисапсыз әлемді қалай меңгермек, нүктені қалай қоймақ!

Үміт. Үміт деген тірліксіз, мәнсіз үғым. Әлденеден үміт ету үшін басты мәселе адамның тірі болуында. Қазақ «тірі адам тіршілігін жасайды» - дейді. Бірақ, Абай тіршілік дегенде әйтеуір кеудеден жан шықпағанды тіршілік деп мойындамайды. Тірлік ақын ұғымында харекетті қажет ететін қуат. Бойынан қайрат, жігері кетпеген жанның көңілі тынышталмай қимыл, харекетпен жүреді. Адамның қуаты оған тыным бермейді. Міне, осы жағдайда үміт туралы айтуға болады. «Үміт» деген - болашақ туралы ой. Үміт ойдың бағыты. «Үмітсіз шайтан» - дейді халқымыз. Адам баласы болган соң, ол үмітсіз емес, кейде тіптен ауыр науқас та, хал үстінде жатқан жан да әлденені ойына тиянақ етіп, өмірден үміттенеді. Үміт оты сөнген жерде ғұмыр жоқ. Үміт жарық сәуле іспеттес. Бір күндік ғұмыры қалған адам кемінде үш күндік өмірі туралы ой ойлайды. Адамның дүниеге келуі өзіне қатысты емес, ал ес жиып, санасы толған сайын оны алға жетелейтін - үміт. Ол деген сөз болашақтан жақсылық іздеу, талпыну, жақсы адаммен кездесу, білім-ғылым жолына түсу, сөйтіп өзін байытып, өзін өзгеге сыйлатып, өзін зор тұтпақ. Адамда Абай айтқандай мақтаншақтық та бар, үлкендік те бар. Өзін үлкен санаған адам тегін жан емес, демек онда намыс қуаты мол. Егер осы намысқа сай білім, өнері, асыл қасиеттері болса, ондай жанға құрмет те ерекше болуы табиғи жағдай. Осындай үлкен адамдардың өмірден үміті де зор болмақ.

Қорытындылай келе, бұл кітапта жоғарыда көрсетілген сөздерден өзге де сөздер жеткілікті. Барлығын жеке-жеке алып қарап, талдау жасайтын болсақ, біршама категориялық сөздерге көз жеткізуге болады. Оның әрбіреуінің астарында белгілі бір мән-мағына жатыр. Менің ойым, егер әрбір қазақ осы еңбекті оқитын болса, қазақ дүниетанымында қолданылатын көптеген сөздердің мағынасын және қолданылу тәсілін білу арқылы өмәрәне қажетті пайдалы мәліметтер ала алатын еді. Бұл кітаптың маңыздылығы сол, басты қозғалып отырған мәселе – адам-зат болмысына қатысты адамшылық категориялар орын алған.  

Қайырғалиева Құндыз

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға