Жаңалықтар

Елордалық сазсырнайшы көшеде халық әндерін насихаттап жүр

Сиязбек Майевтің репертуарында 50 шақты ән бар  
Елордалық сазсырнайшы көшеде халық әндерін насихаттап жүр
08.01.2020 14:01 4485

Көше музыканттары қала ажарын ашады. Әсіресе қайнаған жаз ортасында түрлі аспаптарда ән шырқап, өнерін паш еткен өнерпаздарды көшелерде жиі кездестіретініміз рас. Солардың ішінде жыл бойы ән шырқап, аспаптарда ойнап нәпақасын табуға мәжбүр жандарда жеткілікті. Солардың бірі – елордалық Сиязбек Майев. Бала кезден музыкаға жақын өнерпаз қазіргі кезде бас қаланың жертөлелерінде сазсырнай аспабының сүйемелдеуімен түрлі халық әуендерін насихаттап жүр.    

Соңғы екі-үш жылдан бері Сиязбек Ершіманұлы Ақан Сері, Біржан Сал, Абайдың және тағы басқа қазақтың біртуар сазгерлерімен «Елім-ай» сынды халық әуендерін сазсырнай аспабында ойнап, табыс табумен айналысады. Тапқан табысы басты күнкөрісіне айналған оның қазіргі кезде репертуарында 50 шақты ән бар.

Фотода: Сиязбек Ершіманұлы

- Көбінесе созылып айтылатын халық әндерін орындаймын. Әрі бұл тыңдармандарға қатты ұнап жатады. Қолымдағы аспап шағындау болғанымен оның дауысы зор. Оған қоса, әжептәуір салмағы бар бұл аспап сазбалшықтан жасалып, күйдірілген, - дейді көше музыканты.

44 жастағы қарағандылық Сиязбек Майевтің айтуынша бұл музыкалық аспапты 2017 жылы ЭКСПО көрмесі қарсаңында Алматыдан келген саудагер-шеберлердің бірі сыйға тартып кеткен.

- Мамыр айының аяғында Оралдан Қарағандыға үйге  бара жаттым. Бірақ ауылға тура баратын пойыз болмағандықтан, «Орал-Астана» пойызынан түсіп, келесісіне міну қажет болды. Сол кездері ЭКСПО көрмесінің ашылуына санаулы күндер қалғандықтан мен елордада біраз күн боламын деп шештім.  Қаланы аралап жүріп, Арбатта осы аспапқа кезіктім. Аспапты қолыма алып, ойнап көрдім. Бұдан бөлек  басқа да аспаптарды сатып тұрған шеберлермен әңгімелесіп, біреуін уақытша сұрап алып, Арбатта гитара, баян, саксафонда ойнайтын өзге музыканттар секілді біраз ойнап,  770 теңгедей табыс таптым. Осы цифрларды жақсылыққа балап, әлгі шеберге аспабын қайтаруға барсам, «Сізге сыйладым» деп, өзіме қайтарып берді. Сол кезден бастап бұл аспап менің басты табыс көзіме айналды, - дейді Сиязбек Майев.

Ал бұл шеберлерге жолықпаса, Сиязбек Ершіманұлы қазіргі кезде сазсырнай емес, гармон аспабында ойнап жүруі әбден мүмкін еді. Өйткені сол кездері Қарағандыдағы үйінен осы аспапты пойызбен алғызу ойы болғанын айтады.

- Бұрын сазсырнайды тек естігенім болмаса, қолыма ұстап көрген емеспін. Оны алғаш рет сол айтқанымдай, әлгі шеберлерге жолыққан кезде ғана қолыма алдым. Бұл аспапты мен өзімнің  музыкалық қабілетімнің арқасында тез меңгеріп кеттім. Жалпы гитара, домбыра сынды аспаптарда ойнауды мектепте оқып жүргенде өз еркіммен үйренгенмін..

 

Айтуынша қыс кезінде көшелерде, жертөлелерде өнер көрсетіп, табыс табатындар жоқтың-қасы. Суық күндері көшелерге басым бөлігі күнкөрістің қамы үшін шығатындар дейді ол.

- Музыкалық аспаптардың көбісін қыстыгүні әсіресе жылы күндері болмаса, қолғапсыз ойнай алмайсыз.Ал сазсырнайды  қолғаппен де ойнай беруге болады. Елорданың қатты ызғарлы күндері сыртта тұру мүмкін емес, ал басқа уақыттары бір сағаттан ойнап, арасында жақын маңдағы  ойын-сауық сауда орталықтарына барып, жылынып аламын.

Сиязбек Ершіманұлы «Астана концерт» залының алдындағы жертөленің бір артықшылығы – акустикасы жақсы екенін алға тартады. Соның арқасында аспаптардан дыбыс жақсы шығады дейді.

- Мен күнделікті адамдар көп жүретін  түс уақытында  және кешкілік жұмыстан қайтар кездері  бір-екі сағат ойнаймын. Демалыс күндері керісінше адам қарасы аздау болады. Сондықтан сенбі-жексенбі  күн ашық болса, Арбат жаққа жол тартамын.  

Сазсырнайшы тыңдармандар арасында осы аспаптан шыққан әсем әуенді ұйып тыңдап, тамаша әсер алып, тіпті сұрақтарын қойып жататын кездер де болатынын айтады.

- Бұл аспапты ойнап тұрып ерекше ләззат аласың, демаласың... Менің ойымша, кез келген адам өзінің сүйікті ісімен айналысқаны жөн. Бүгінде барша әлемге танымал  адамдардың барлығы бірден байып кеткен жоқ. Олар да тағдырдың талай қиын сәттерін басынан өткерді. Бастысы өзінің сүйікті ісіне деген құлшынысы мен еңбегінің арқасында  үлкен жетістіктерге қолжеткізді. Сол себепті  ойнап тұрған әуеніміз тыңдармандарға ұнап жатса, одан сайын шабытымыз шалқи түседі.

Нағашыларынан дарыған бойындағы талантының арқасында күнін көріп жүрген Сиязбек Ершіманұлы 1993 жылы мектепті бітірген. Сол жылы оқуға түсу жағы аяқсыз қалғандықтан әскерге кеткен.  Отан алдындағы борышын орындап келген соң, ауылда мал бағумен айналысқан. Сөйтіп, арада он жыл өткен соң, яғни 2003 жылы ауылдағы мектеп директорының айтуымен Қарағандыдағы химия-биология факультетіне сыртттай бөліміне оқуға түсіпті. Осы уақыт аралығында мектепте химия пәнінен мұғалім болып қызмет еткен. Бірақ та өзі бұл пәнді іштей ұнатпағандықтан, Қарағандыдағы оқуы аяқсыз қалған. Бала кезінен музыкалық қабілеті бар Сиязбек Майев кей сыныптарға ән-күйден дәрістер де беріп жүріпті. Осылайша ол 2009 жылға дейін тура алты жыл педагог болып қызмет еткенін айтады. Ал келесі жылы отбасы Қызылтау ауылынан  Ағадыр аудан орталығына көшіп келіп, мал шаруашылығымен қалып қояды. 

Иә, осындай тағдыр иесі алдағы уақытта музыкалық білім алуды қалайды.

- Жағдайым келіп  жатса, осы өнерді қуып, арнайы музыкалық білім алып, нота танып, фортепиано аспабын меңгергім келеді. Әзірше өзімді ешқандай жерге ұсынып көрген жоқпын. Бірақ алдағы уақытта ойда бар. Ал арманым – отбасын құрып, жақсы иманды бала сүйіп, оған тәлімді тәрбие беру.

Әсіресе ЭКСПО  өткен жылы Сиязбек Майевтің қалтасы өзге елдің монеталарымен байып қалған. Алайда айырбастау пунктіне барғанда олардың көбісін біздің теңгеге ауыстыруға келмейтін болып шыққан. Жалпы халық қарасы көп жерлерде  үрмелі аспаппен әуен орындағанда кейбіреулер 5000 теңгеге дейін тастаған кездері болатынын айтады. 

- Мұны әсіресе музыкадан хабары бар я жағдайы бар адамдар беріп жатады. Негізі күніне орта есеппен 5-10 мың арасында табыс тапсам, кейде 15 мыңға дейін олжалы боламын. Олардың шамамен 2-3 мыңы тамаққа кетеді. Оған қоса, өзім жалға алған хостелге ай сайын 35 мың теңге төлеймін. Өзім кейде театрлардағы премьераларға барып тұрамын. 

Өмірін өнерге арнаған талант иесі қоғамдық орындарда өнер көрсетуімен қатар, өзге де жерлерде қосымша табыс табумен айналысады.  

«Бақыт деген жүректің тыныштығы» деген сазсырнайшының жүректен шыққан әуені жүректерге жетері сөзсіз.  

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға