Жаңалықтар

«Үлкен үйлер үйіндіге айналған»: Түркияға көмекке барған құтқарушымен сұхбат

«Үлкен үйлер үйіндіге айналған»: Түркияға көмекке барған құтқарушымен сұхбат
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі 23.02.2023 15:25 1454

Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін үлкен қалалар үйінділерге айналды. Бұл жағдайға әлем елдері алаңдаушылық танытып, қол ұшын созып, гуманитарлық көмекпен қатар өз құтқарушыларын да аттандырған еді. Қазақ елі де 101 құтқарушы жасағын аттандырды.

Туысқан түрік елдегі жағдайды көзімен көріп, көмек қолын созған құтқарушылардың бірі Көкшетау қалалық №4 құтқарушылар бөлімінің басшысы Рүстем Мужупов El.kz тілшісіне сұхбат берді.

– Құтқарушы болу – өте сауапты, әрі аса қауіпті жұмыс. Әсіресе табиғи апат болған жерлерге барып үйінді астында қалған адамдарды құрқару тіпті қиындық тудырады. Сіздер барған кезде Түркия жерінде әлі де жер сілкінісі болу қаупі бар еді. Бұл жағын ойлап бойыңызды үрей, қорқыныш билемеді ме?

– Қорықыныш деп айтуға келмейтін шығар, бірақ сәл алаңдаушылық болды. Себебі, біздің тәжірибеде мұндай жойқын апаттар болмаған. Оның үстіне бұрын көрмеген, білмеген өзге мемлекетте болып жатыр. Біздің міндет – құтқару, көмектесу болғандықтан да бірінші осы жағын ойлап тұрамыз. «Түркияда жер сілкінісі болды, бірнеше қаланың тұрғындары үйінді астында қалды» деген ақпарат тараған күні ертеңіне Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен алматылық құтқарушылар дайындалып бізден бір күн бұрын жолға шықты. Біз Астана қаласы мен Қарағанды, Ақмола облысынан 48 құтқарушы ертеңіне бардық. 2 миллионнан аса халық тұрған Газиантеп қаласы расында да қатты бүлінген екен. Бірнеше қабатты биік үйлер опырылып құлап, үлкен-үлкен үйінділерге айналған. Жақындарын жоғалтып, бірі бауырын, бірі баласын, енді бірі туысын іздеп егіліп жүрген адамдарды көргенде жүрегің езіле жаздайды екен. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын өте аянышты жағдай болды.

«Үлкен үйлер үйіндіге айналған»: Түркияға көмекке барған құтқарушымен сұхбат

Мужупов Рүстем Достиярұлы Көкшетау қалалық № 4 құтқару бөлімшесінің басшысы

– Қазақстаннан барған құтқарушыларға қандай аймақ берілді?

– Қазақстаннан жүздің үстінде барған құтқарушылардың барлығы бір жерде болған жоқ. Бірнеше бригадаға бөлініп жұмыс істеді. Мәселен, Ақмола облысынан барған 18 құтқарушы алты адамнан бөлініп бір-бір ғимаратты тазалауға, үйінді астында қалған адамдарды құтқаруға кірістік. Қасымызда түркиялық құтқарушылар да болды. Мен жүрген бригадаға жеті қабатты тұрғын үй берілді. Өкінішке орай бірде-бір тірі адам шықпады. Табылған отызға жуық тұрғынның барлығы да қаза тапқан. Бірақ мәйіттердің әрқайсысына аса ұқыптылықпен қарап, құтқару техникаларын пайдаланған кезде де мәйіттерді бүлдіріп алмау жағын ойладық.

– Жеті қабатты тұрғын үйдің ішінде осынша аз адамның болуы мүмкін емес қой...

– Иә, тұрғындардың көбі үй құлағанға дейін қашып үлгерген секілді. Шамасы, жоғары қабатта тұратын адамдар төменге түсіп үлгермей қалған болуы керек. Болмаса тұрғындардың саны бұдан көп болғаны түсінікті. 

– Он күнде не істеп үлгердіңіздер?

– Түркияға әлемнің біраз елінен арнайы құтқарушылар барды ғой. Солардың ішінде қазақстандық құтқарушылар ең соңғы болып шықтық. Басқа мемлекеттен келгендердің барлығы бізден бұрын елдеріне қайтты. Өзімізге тиесілі аймақты толық тазалап шықтық. Біз қараған үйінділер астында ешқандай мәйіт қалған жоқ.

– Сіздер барғаннан кейін аймақта жер сілкінісі қайталанды ма?

– Естуімше, бес балдық жер сілкінісі болған. Бірақ мен сезген жоқпын. Алғаш барған екі күнде тәулік бойы демалмастан құтқару жұмыстарын жүргіздік. Себебі ол уақыттарда үйінді астында қалған тірі адамдар болса оларды құтқару мүмкіндігі жоғары еді. Үшінші күннен бастап тәулігіне он алты сағаттан жұмыс жасадық. Мен де ұзақ күнгі жұмыстан шаршап, демалуға жатқан кезімде жер сілкінісі болыпты. Оны кейін қасымдағы жігіттерден естіп білдім.

– Қайтыс болғанына бірнеше күн болған адамның денесін үйінді астынан шығару да оңай болмаған шығар... Оларға қандай да бір ерекше құтқару тәсілдерін қолдандыңыздар ма?

– Бізде мұндай жағдай болмағанымен үйінді астында қалған адамдары қалай құтқару керектігін теория жүзінде білеміз. Арнайы оқудан өткенбіз. Оның да өзіндік тәртібі, ережесі, тәсілдері болады. Осы жолы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, сол оқыған тәсілдерімізді қолдандық. Кран, трактор, эксковатор секілді ауыр техникаларды пайдаланған кезде де барынша абай болдық. Егер қауіпсіздік шаралары сақталмаса, құтқарушылардың өзі үйінді астында қалуы мүмкін. Дегенмен ауыр бетондардың астында қалып қойған мәйіттерді алып шығу оңай болған жоқ.

– Ол жердегі қазіргі жағдай қандай? Үйінді астында қалған адамдар шығарылып болып қалды ма?

– Жағдай өте ауыр. Құдай ешқандай елдің басына мұндай сынақ салмасын. Қираған үй, жылаған ел, мыжылған мәйіт. Ақпарат құлалдарында тараған ресми мәлімет бойынша жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 43 мыңнан асыпты. Әлемнің бірнеше елі көмек жіберіп, шамалары келгенше қол ұшын созып жатыр. Біз елге қайтатын күні іздеу жұмыстары тоқтатылатыны туралы айтылып жатты. Себебі, үйінді астында қалған адамдардың барлығы шығарылып болған секілді.

– Әлеуметтік желіде «Қазақстандық құтқарушылардың адам құтқару тәсілдері ерекше екен. Басқа мемлекеттен келген құтқарушыларға да өз тәжірибелерін үйретіп жатыр» деген ақпарат тарады. Бұл қаншалықты рас? Басқа құтқарушылар сіздерге қарап, ақыл-кеңес алып жұмыс істеген кезі болды ма?

– Қасымызда жүрген түркиялық құтқарушылармен ымыраласып жұмыс жасадық. Кейде олардың айтуы бойынша, кейде олар біздің тәсілді тыңдап отырды. Кранда, эксковаторда отырған жігіттер де біздің айтуымызбен жұмыс жасады. Қай бетонды бірінші көтеру керек, қалай көтергенде мәйітке зиян келмейді, соның бәрін ақылмен істедік. Қираған үй өте көп. Соған сай адам күші де техника да жеткілікті болды. Әр құлаған қабырғаны көтеріп, тазалап отырдық.

– Соңғы күндері Түркияның жер сілкінген аймақтарында адам сенгісіз оқиғалар туралы айтылып жүр. Жасқа толмаған қаншама бала бірнеше күннен кейін аман табылып жатты. Есі кіріп қалған балалар әлдебіреулердің келіп тамақтандырғанын, тағы бір әйел бірнеше тәуліктің бірнеше минуттай өте шыққанын, тіпті құндақтағы баласы оянбағанын айтқан. Тағы бір құтқарушы: «Мына қабырғаның астында менің екі балам жатыр, құтқарыңдаршы» деп жанұшыра жүгірген әйел туралы айтты. Алайда ол әйел осыдан төрт жыл бұрын қайтыс болған екен. Сіздер жүрген жерлерде осындай тылсымға толы оқиға болды ма?

– Мен жүрген жерде ондай тылсымға толы жағдайлар болған жоқ. Себебі біз тазалаған үйіндінің астындағылардың барлығы да қаза тапқандар болды. Бізден жүз метрдей жерде алматылық құтқарушылар үйінді астынан тірі адамдарды алып шықты. Естуімше, әкесі екі баласымен аман табылған. Үлкен жігіт болып қалған ұлдары дін аман, ал әкесінің қолы сынған екен. Сол кезде бәрінің қуанып, қол шапалақтап жатқандарын көрдік. Бірақ ол жерде әрбір тірі табылған адамды тамашалап, қызықтап жүретін уақыт жоқ, іздеу-құтқару жұмыстарын тоқтатуға болмайды. Сондықтан әр бригада өз алдына жұмыс жасады. Иә, Құдайдың құдіретімен үйінді астынан аман табылып жатқандар туралы естіп жүрдік.

– Үйлердің дәл осылай опырылып құлауына жер сілкінісінен бөлек, құрылыстың сапасыздығы да себеп болғаны туралы болжамдар айтылып жатыр. Бетон мен кірпіштің сапасы құтқару кезінде де байқалған шығар?

– Мен құрылысшы емес құтқарушымын ғой. Сондықтан құрылыстың сапасы туралы ештеңе айта алмаймын. Ауыр бетон тастарын көтеріп, астында қалғандарды құтқарумен айналыстық. Бір байқағаным жер сілкінісі өте жойқын болған. Жергілікті халық қызметімізге риза болып алғыстарын білдіріп, жылы шығарып салды.

– Сұхбатыңызға рахмет! 

P.S. Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкінісінен кейін көмекке барған Қазақстан құтқарушылары елге оралды. Олар 7 адамды аман құтқарып, қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі үйінді астынан шығарған. Бүгін Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев ОҚК алаңында баспасөз мәслихатын өткізіп,  Қазақстандық құтқарушылар Түркиядағы ең қатты қираған орында жұмыс істегенін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға