Жаңалықтар

Ұлы Сәбең ұлтының мақтанышы

Сәбит Мұқанов жайлы бір үзік сыр
12.09.2018 21:51 4885

Сәбең қазақ халқын жанындай жақсы көретін. «Халқын жақсы көрмейтін жазушы бола ма» дейтіндер табылар. Сәбең сол халықтың бел ортасында жиі болып қоян-қолтық араласып кететін, өзін қарапайым адамдардың бірі санап сол араласудан қуат алғандай рахаттанатын. Қарапайым жұрттың тілін тауып, солардың ойынан шығатын, әңгімелер айтып, өзімен кездескендерге де қуат бергендей мәз қылатын. Жұрт ол кездесуді кейіннен жыр қылып айтып жүретін. Ондай халықшыл жазушы өмірде өте сирек кездесетін құбылыс.

Сондықтан да болар Сәбең халықтың қарапайым тілінде жазуды ұстанған адам. Солай жазса ғана халқына жақындығын ақтайтындай қалып танытатын. Сондықтан да, ол 1954 жылы Қаз МУ студенттерімен бір кездесуінде «қаланың интеллигенциясын Мұхтар мен Ғабитке бердім, менің оқушыларым жұмысшылар мен ауылдың адамдары, маған сол бақыт та жетеді, қайсы көп екенін өздерің есептеңдер» дегені бар еді.

Сөйтіп, ел десе елпілдеп тұратын Сәбең елдің ішінде, халқымен араласып, сапарда көп жүргендіктен өмірді өте көп білетін, оған қоса жасынан құйма құлақ бала болып көп ертегіні, шежірені түйіп өскендігі бар. Сол білгендерін қайткенде де халқына молынан ақтарыла жеткізуге барын салатын. Мысалы: ол Жаманшұбардағы елді, жерді, сонда өмір сүргендердің басынан кешкен оқиғаларын түгел жазған. Сол жер, неге екені белгісіз, қазақ жеріне қатысы жоқ Темирязевтің атын алған аудан болып аталып тұр. Сәбеңнің сол туған жері жайлы жазылған «Өмір мектебі» кітабынан біз өзімізге қатысы бар жерлерін рахаттана оқып тамашаладық. «Шәйін ағай» тарауында сол өзіне ұстаз болған өнерлі, білімді, шежіре адам жайлы, оның жас Сәбитке жасаған жақсылықтары молынан қызықты әңгімеленіп кетеді. Екінші бір жерінде сол Шәйіннің көрік ұстаған ұста әкесі Қожахмет жайлы да қызықты әңгімелері бар. Бүгіндегі солардың ұрпағы біле бермейтін әңгімелер. Қожахметтің әулиелігін немерелері сол Сәбең арқылы біліп таң қалып жүр. Мысалы, менің зайыбым – Айман Қапсытбай қызы Қожахметова – сол әулие ұста Қожахметтің немересі.

«Өмір мектебі» Сәбеңнің өзі өмір сүрген дәуірі жайындағы кең полотнолы заман естелігі ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің энциклопедиясы. Онда діттелген кейіпкердің бейнесін жасау, сол бейнені сомдау үшін әдеби құралдарды жан-жақты пайдалану мақсат етілмеген. Тек кейінгі ұрпаққа өз заманының кішіден бастап үлкен, зор оқиғаларына дейін толық көрініс беретін айқын суреті көрінсе екен деген дәуір қайраткерінің ой-арманы.

Ол өзінің шығармасында халықтың аузындағы әзіл әңгімелерін, шежірелерін мол пайдаланатын жазушы. Халық сондай өздері айтып жүрген әзіл-оспақты жазушының кітабынан көрсе балаша мәз болады. Сәбеңнің отызыншы жылдарда жазған Магнитогорск темір рудасы өндірісін суреттейтін очеркі бар. Сол сапарнаманы оқып отырғанда, біріншіден, сондай кеннің ордасы бұрын қазақ жері болғанын дәлелдейтін жер атаулары мен оны жайлаған ел-жұрт жайлы әңгімелерге тұнып тұр, оған қоса әзіл-оспағы және бар. Аяғына оюлы көксауыр етік киген байдың қызы бір төбенің басына шыққанда етігінің темір өкшелі табаны тасқа жабысып қалатын аңыз сол жердегі қазақтардан жазылып алынған қызық көріністер. Етіктегі шеге магнитті тасқа жабысып қызды тұтқындап тұрып қалған ғой.

Әрине, өз қоғамында ерекше белсенді болған адам, халқының одан жаңа дүниені күтіп отырғанын жанымен сезінетін адам туындыларын өте тез жазатыны белгілі. Ондайда асығыстық болмай тұрмайды. Мысалы, тың көтеріп жатқандар жайлы жазбақ болған романы сондай асығыстықтың құрбаны болды. Оны өзі де мойындап, болашақ бағдарламасынан алып тастады. Бәлкім «тың көтеру» науқаны еліне алапат қиындық әкеле жатқанын сезінгені болар.

Енді жоғарыда шет-жағасын айтып өткен ұлылар арасындағы әңгімеге оралайық. Шын мәніндегі зиялы адам әдебиет, мәдениет, өнер адамдарының жеке басындағы қылықтарын талдап, талқыға салмайды. Ол қалай өмір сүрді, не қылық жасады – онда бүгінгі тірі пенденің қандай хақысы бар?

Дегенмен сөз тіреліп тұрған соң айта кетелік. Шынын айтсақ, Ғабит-Сәбит, Мұхтар-Сәбит, бұлардың арасындағы пікір сайысы, әдеби тартыстар – өмір ағымында кездесетін көмескі дүниеге  от тұтатар шақпақ тас тәрізді, алаудың әлсіреп, бәсеңдеп бара жатқан жерін лаулатып жіберетін әдебиет әлеміндегі өрт іспетті еді. Араларында дұшпандық ниет тұтанбайтын, бір-біріне қара күйе жағуға,  бірін-бірі жоқ етуге бармайтын ұлылардың ұлыларша айтысатын пікір сайысы болатын. Көп уақыттар бойына олардың жанында жүрген жақын адамдардың айтуына қарағанда  жиналыстардағы қайратты қақтығыстардан кейін кәдуілгі  өмірде сабасына түскен сардар жазушылар бірінің үйіне бірі барып шай ішіп жүрген. Ал жеке бастарындағы пенделік қақтығыстар қоғамға ешбір көлеңке түсірмеген. Қайтымы шапшаң “жібек орамал кепкенше” сияқты.

Дегенмен алыптар айқасы тұсында өзге күйкі, ұсақ жандар дірілдеп, қорқып, ойын қараулық қармағандар мен тартыс арасынан табыс табатындар “көйт-көйт”, “шоқ-шоқ” деп елеңдесіп,  ентігісіп, болып өткен айтысты жаңғыртып, үдетіп, даурықтырып жататын кез болған.

Данышпан Мұқаң Мәскеуде  қайтыс болғанда сүйегін елге  әкеліп жерлеу үшін Сәбит пен Ғабит өз қимастарын, қатары бұзылмас деген тұрғыластарын  алып келуге арнайы барды, азаматтық аза тұтты. Жерлеу тұсында  көз жастарын іріккен жоқ. Оған халық куә.

Жастар ішінен “қайтсем көрінемін”, “қайтсем өсемін” деп жүретіндері әлгі ұлылардың біріне болмаса біріне  жарамсақтанып, жағынып, “дау кезіндегіні – дұрыс айттыңыз, ол – солай” дей отырып өз тарапынан бірдемелерді қоса айтқан болып, белсеніп жүретіндерін де көргенбіз.

Сол ұлылар арасында  жүріп өздерінше  жақ-жақ болатын, тырбанған пікір таласындағы “ойындарын” – дағдылы тартыс “кәсіптерін” кейбіреулері ұлылар дүниеден өткеннен кейін де жалғастырып жүрді. Сол тартыссымақтың үстіне жершілдікке жіктелетін, жүзге бөлетін күйкілер қосылды. Сөйтіп келіп “өлі арыстаннан тірі тышқан артық” дейтін мысқылшыл мақалды  шындыққа шығарып, ұлы Сәбеңе шымшылап тиісушілер саны көбейді. “Ұра берсе құдай да өледі” деп бассыздықтан бетсіздікке айналған топ дүркін-дүркін ұйтқи соққан желдей шалағай шалқып шындыққа беймаза тиіскіш болып алды.

Зиялы жұрттың көбі жаңсақ пәледен жан сақтап үндемесе, біразы әліптің артын бақты, біразы “ой осы даурықпа пәлеқорлар не бітірер дейсің” деген пікірмен көнтерілік танытты. Бірақ олар “аурудың алдын алмаған өледі» дейтін қағида бар екенін білуі қажет еді.

Енді бір ақиқатшыл топ – әлгіндей бассыздыққа, жалақорлыққа кіжінушілер алыста,  шеткі аймақта жатты, ол жақта олардың айтқандары облыстық газет деңгейінен әрі аспады. Ал қазекеңнің мансапшылдық бір осалдығы – ол “провинциалдық” пікірді иек асты қалдыратын еді. Сөйтіп келгенде орыстар айтатындай “И один в поле  воин” болып, әрдайым шындық үшін шырылдап отқа түсетін Тұрсынбек Кәкішев қана бар даусымен әділдікке адал шындығын айтып, мезгіл-мезгіл күңкіл дертке атойлап тиісіп жүрді.

Бүгін енді  шындық жеңіп, әділдік шыңына жеңіс туы тігілді, ара ағайын тәрізді “ЮНЕСКО” қазақтың бір арысы – ардагер ұлы, әдебиеттің қиын-қыстау кезінде “Қазақ совет әдебиеті” делінген  заңғар көшті өзінің елуінші жылдардағы айдынды әлеміне алып шыққан Сәбит Мұқановқа ара түсті, ара түсу былай тұрсын әлем әдебиетінің асқарына жол нұсқады.

Мұндай аса әділ баға, қара қылды қақ жарған шындықтың, болмаса біреу бере салған мырзалық па? Жоқ, ол Сәбеңнің соңғы ұрпаққа тастап кеткен асыл қазынаның тегеуірінді күші еді.

 “Сұлушаш” дастаны сонау жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдарда тура өзіне ұқсас романтикалы-реалистік бағытта жаңаша жырлаған дастандар тобын дүниеге әкелді. Поэзиядағы бұл миссияның өз жаңалығы, өз қажеттілігі бар еді. Қазақ совет әдебиетінің алғашқы қалыптасу дәуірінде дүниеге келіп, сол өзі ұстанған әдеби позициясын осы айтулы дастан ақтап шықты.

Оның сыры мынада еді. Қазақ әдебиетінде эпикалық жыр, дастандар көп болғаны белгілі. “Ақын халық” атанған жұртымыз талай таңдарды хисса тыңдаумен атыратын. Батырлар жыры, ғашықтық жырлары өз алдына, көшпелі ұлы  қауымның Алтын Орда дәуірінде туып, қазақ арасында кейінгі кезге дейін жырланған. Дүрбектің “Жүсіп-Зылиқасы”, Сайф Сарайдың “Гүлстаны” тағы басқа дастандары, қазақтың шайыр ақындары шығарған, “Мұңлық-зорлық”, “Сейпілмәлік – Жамал” және  басқа дастандары, “Ғазрет Ғалы – Дариға”, “Сейтбаттал” сияқты діни хиссалар даламызда  жырланудан арылған емес.

Бірақ олардың көбінде-ақ мифтенген, құдіреттің күшімен болатын оқиғалар көп еді. Аңыздық айшықтары басым,  шынайы өмірге жақындай бермейтін жайлары көп-тін.  Еуропа әдебиетінің шыншыл сюжетті поэмаларының ықпалы тие бастауы Мағжанның “Батыр Баянынан” басталса, “Сұлушаш” дастаны (дастан-роман деп те жүрміз) жоғарыда біз тізбектеп  өткен хисса-дастандардың мифтен, қиял-ғажайыптан арылып, романтикаланған, тіпті шыншылданып реалистік дәрежеге келген жаңа түрі еді. Бұл жаңа заманның, дәуір серпілісінің талабын ақтау үшін қажет болған жыр, дастанның бұрын қазақ әдебиетінің поэзиясында кездеспейтін жаңа леп еді. Сондықтан да Сәбеңнің жаңа поэма-дастанын жұрт жаттап айтатын болды, ақындар қауымы өзіне өнеге тұтып, оған еліктеп осы тәріздес реальді өмірден алып дастан жазуға  кірісті. Сөйтіп эпикалық поэзияда жаңа ағым туды.

Осы тұста бір айта кететін қажетті шындық бар. “Сұлушаш” дастаны қазақ әдебиеті  корифейлерінің төрт көзі түгел тұрғанда жарыққа шықты (1928). “Алаш Орда” атанып қуғынға түскен бес алып та, халық жауы атанып  атылып кеткен үш бәйтерек  те – бәрі де осы поэманы қызу қолдап, қуана қарсы алды. Сол кезде отызға толмаған жас ақын үшін (әлгі әдебиет алыптарының бәрінен де жас еді ғой!) бұл дегеніңіз аса үлкен жетістік болатын. Өйткені, өзге үлкен дүние жазбай-ақ осы дастанмен де бір әдебиеттің белортасында  қасқайып тұрып қалуға болатын еді. Әдетте қандай ұлы жазушы болмасын әдебиетте барлық жазғанымен емес, бір ғана дүниесімен адақтап көрініп тұратыны белгілі. “Сұлушаш” – қазақ әдебиетінде сондай сындарлы дүние. Содан кейін қазақта Сұлушаш есімді қыздардың көбейуі тегін емес.

Өз кезінде бұл поэманың жарық көруі халқына қуаныш сыйлағанын айттық. Жас ақындардың ішінде сол поэмаға табынушылар тобы көбейді. Бұрын хисса жаттап үйренген жастар бұл дастанды да жаттап алды. Олардың біразы талпыныс қылып, сондай поэтикалық кесек туынды беруге бел байлады. Мысалы, Жұмағали Саинның “Күландасы” солай дүниеге келген.  Бұл тұста Иса Байзақов пен Нұрқан Ахметбековтің дастандарын да атауға болар еді. Дегенмен олар ауыз әдебиеті үлгісін ұстанғандықтан туындыларында көбіне  аңызға бой ұра беретіндік басым. Ал, Сәбит үлгісі – жазба әдебиеттің жаңа белеңі,  сондықтан да ол өмірді шынайы түрде көрсетуді мақсат тұтқан болатын. Сөйтіп, ол қазақ поэзиясын эпикалық жанр жағынан бір қырға көтеріп тастаған еді. Қазақ совет энциклопедиясындағы “Мұқановтың “Сұлушаш” дастаны – қазақ совет әдебиетін идеялық-көркемдік жағынан байытқан бағалы шығарма” деген толыққанды  пайымдауы  әділ айтылған деп білеміз.

Осы  поэмадан соң – үш жылдан кейін Сәбең дүниеге кесек проза – “Адасқандарын” әкелді. Тап сол кезде жаңа әдебиеттің айдынына келген толыққанды, роман жанрының барлық атрибуттарын түгел сақтаған мұндай кесек  туындыны әдебиетші қауым да, барша қазақ қауымы да дүрліге, қызыға қарсы алып, аз тиражды кітапты түгел оқыды. Мұндай табыс жазушы үшін бақыт болса, халық үшін рухани серпіліс еді.

Әр нәрсені өз дәуірінің деңгейінде, сол заманның қал-хадірінде қараған жөн болса керек. Өйткені, бұрынғы көшпелі ел дағдылы тіршілігінен қол үзіп қоғамдық қатынастағы жаңа бағытқа  бет алған алғашқы жолында ендігі тіршілігінің, мәдени тұрмысының бір қажеті осы әдебиеттегі өзгеріс екенін таныды. Оны “Адасқандар” арқылы айқын ажыратты. Яғни, өмірде болып жатқан жаңалықты кітаптан оқып білді. Өздері араласып жүрген тіршіліктің тынысын айнадан көргендей балаша мәз болысты.

Бүкіл бір халыққа осынша қозғалыс, серпіліс, қуаныш әкелген роман – сол дәуірдің биігінде  тұрғанын көрсетпей ме! Әдебиет тарихын зерделегендер оған қалай көзін жұмады? Әрине, бір өкініштісі – автордың өзі романды үлкейтемін, бүгінгі заман  дәрежесіне көтеремін деген әрекеті. Бізге өз дәуірінде жазылған “Адасқандар”, кейінен өңделіп, молайтылған  “Мөлдір махаббаттан”  құндырақ.

“Сұлушаштан” он жыл кейін Сәбең өзінің мәңгілік өшпес мұрасының бірі “Жұмбақ жалауды” (кейіннен «Ботакөз») дүниеге әкелді. Ол кезең, атышулы отыз жетінші жылдан кейін жаңа әдебиетіміз көшбасыларынан айырылып жетім қалған іспетті еді. Сол тұста кесек те қарымды, нағыз роман жанрына қойылар талаптарға сай көркем шығарманың дүниеге келуі – сөз жоқ ерекше құбылыс болды. Сөйтіп қазақ қауымы өзіне бел тұтатын әдебиеттің ендігі көшбасын тапты. Одан кейінгі романшылар сол «Ботакөздің» ұрпақтары іспетті. Оны оқып, одан үлгі алмаған роман жазушылар жоқ.

“Жұмбақ жалау” қолдан түспей оқылды. Ауылдағы қарапайым еңбек адамдары мен мектеп балаларынан бастап, астанадағы  академиктерге дейін бұл романды оқымаған қазақ жоқ десек шындықтан ауытқымаспыз. Мұның бәрін айтып жатқанымыз – көркем әдебиеттің мұншалықты кең  аудиторияны жаулап алуы өте сирек кездесетін құбылыс. Олай болса осы  роман (“Ботагөз”) – қазақ әдебиеті прозасының алтын діңгегі.

Сәбеңнің бұл ұлы туындысы ең алдымен “қазақ совет әдебиеті” деп аталатын халқымыз үшін, оның мәдениеті үшін мән-мағынасы зор бір іргелі  кезеңінің қалыптасуына тегеуірінді ықпал етті. “Ботакөзді” ұлы жазушымыздың тұрғыластары,  иықтаса қатар жүргендері  жаңа қазақ романының жан-жақты классикаға сайма-сай келетіндіктен үлгі-өнеге етті. Енді оған еліктеген өзгелер де  сондай роман жазудың қамына  кірісті, Ғабдол Слановтың “Дөңасқан” романы сияқтылар дүниеге келе бастады. Сәбеңнің өзі жиі айтатын “”мың сіз-бізден бір шыж-быж артық” дегендей әдебиет теориясы  қанша түсініктеме беріп, романның жанрлық ерекшеліктерін талдап көрсеткенмен де  тәжірибедегі ашық, айқын, жан-жақты жетілген бір романның үлгісіне жетпейді. “Ботагөз” сондай салиқалы үлгіге айналған роман болды.

Ұлы жазушының соңына ерген інілері, одан кейінгі өскелең ұрпақтар да “Ботакөз” әлемін түгел аралап шығып сондай туындылар беруге талпынды. Сөйтіп Сәбең әдебиетті ұйымдастыруға көшбасы болуымен бірге сол әдебиеттің күрделі жанры роман жазуда да үлгі-өнеге көрсетті. Бұл тұста орыс әдебиетіндегі «бәріміз де Гогольдің шинелінен шықтық» дейтін қағида қазақ  қаламгерлері үшін Сәбеңе тірелетінін айтқан жөн.

Ұлы Сәбең халқымен бірігіп кеткен жан еді.  Үнемі жиналған топтың ортасында  болатын. Ол ресми кездесу ме,  кездейсоқ қоршаған халықтың ортасында ма – бәрі бір – көлдария әңгімесімен тыңдарманын тамсандырып, шалқыта күлдіріп, таңдандыра, табындырып жататын. 

Елдің әр түкпірінен хат алып тұру оның өмірінің соңына дейін үзілмеді. Сонда жазушының өмірлік сырласындай,  жақын туысындай хат иелері бүкпесіз ойын ортаға сала жазатын. Бір ғажабы – әлгінде  біз айтқан “Ботакөз” романының негізгі кейіпкерлеріне құмартқан көпшілік Сәбеңнен “Асқар қайда? Ботакөз не істейді?” тәрізді сұрақтарды  көп қоятын. Оқырманын көркем әдебиет арқылы соншалықты сендіру – жазушының көздеген ұлы мұрадына жетуі деген сөз ғой!

Біз Сәбеңнің барлық туындыларына түгел талдау жасауды алға мақсат етіп ұстанбадық. Біздің мақсатымыз – ұлы жазушының бағасын түсірмек  болған керауыздардың әрқилы айтып жүрген жалаларын жоққа шығару. Сол жауапсыз  жеңіл-желпі  айтылатын әңгімелердің  бірі “Сырдария” романы төңірегінде еді. Бұл кесек туындыны да  соғыстан кейінгі  жылдары қалың оқырман қолынан түсірмей оқыды. Басқа бірнеше  тілдерге аударылды, шет елге де тарап кетті. Өзге  халық өкілдерінен де жоғары баға алды. (Жалпы Сәбеңнің туындылары шетелдік тілдерге көп аударылған. «Сырдария» елу тілге аударылды деген есеп бар).

Кінә тағушылар романдағы әзіл,  аңыз әңгімелер нанымсыз дегенді көлденең тартады. Халықтың күнделікті өз тілінде сөйлейтін, халықтың қыбын тапқыш жазушы сол халықтың күлдіргі  әзіл-әңгімелерін де  шығармасының ішінде пайдаланып жібереді. Ол туынды сонысымен де халықтық сипатқа ие болып тұр. Мысалы, “Сырдария” романындағы ішіне есек сиған қауын – сыр елінің аңыз-әзілі. Ойына қулық сақтамайтын, тырнақ астынан кір іздемейтін ақкөңіл оқырман мұндай ел әзіліне рахаттана күлетін, өз жұрты тудырған аңызды өз дүниесіндей қабылдайтын. Сондай халық пен жазушы бірігіп кеткен айшықты әзілді бүгінгі кінәмшілдер түпкі  тамырынан бөліп алып қарауы – әділдіктің ісі емес!

Сәбеңнің дүние танымы – ол оқыған Омбыдағы, Қызылжардағы  оқытушылар курсы, Орынбордағы  рабфак, Ленинградтағы бірер жылдық жоғары оқу орыны, Мәскеудегі “Қызыл профессура” институты кездерінде  жинағын білім қоры ғана емес, зеректілігімен жасынан өмірдің өзінен түйгенімен қалыптасқаны анық.

Сәбең өмірдің бар саласына зерттеуші, шежіреші ретінде араласатын және содан көрген, түйгені көп ғұлама адам еді.  Оған қоса өзіне дейінгі қазақ әдебиетімен тұтаса бітісіп, кеткен жан болатын. Шығыс  әдебиетін айқын да анық білу ол кездегі  қазақ ақын-жазушылары ғана емес, барша зиялы қауымның бір мәдени міндеті тәрізді болған.

Оқыған, профессионал жазушы  былай тұрсын Естай ақынның “Қорланындағы”,  Әсет ақынның “Інжу-маржанындағы” атауларды қараңыз: “Сейпіл-Мәлік-Жамалдай”, “Бағдат, Мысыр, Шын (Цын династиясы), Машын” – деп тізбектейді.  Әсеттің  “Ағаш ат” дастаны Перғауындар (Фараон) елімен байланысып жатыр. Сонда ол ертедегі Грек жұртының Троян соғысындағы әйгілі Ағаш атын еске салып тұрған жоқ па? Қисынсыз дейтіндер болар – шығыс әдебиеті сол гректер әлеміндегі Платонды – Аплатон деп, Сократты, Аристотельді, Александр Македонскийді – Ескендір Зұлхарнайн деп жырға қосқан, солар арқылы  қазақ жырларына да енген. Ал, Сәбең болса шығыс хиссаларын жатқа білген.

Өмірдегі аса белсенділігі арқылы әлемде  болып жатқан жаңалықтарды білумен бірге өз еліндегі мемлекет қайраткерлерімен пікір таластырып, қоян-қолтық араласып жүрді.  Осының бәрі бір басқа жиналып келгенде ол шын мәніндегі ғұлама болды. Оқулықтар жазды, проблемалық мақалалар, үлкен ақындар өмірінен – Абайдан бастап монографиялар жазды. Осы еңбектері түгелімен  соныдан жол салған әдебиетіміздегі алғашқы  дүниелер еді.  Сондықтан да ол – алғашқы академик жазушы атанды.

Ұлылық – мемлекет тарапынан берілетін атаққа, даңққа қарамайды. Әрбір  суреткер – өз дәуірінің, өзі өмір сүрген кезеңінің иегері, жауапкері, белсендісі. Шын суреткер маңында болып жатқан құбылыстан шеткері, қағыс қала алмайды.  Сол өмір додасына еркін араласып,  оқиғаның алдында жүреді. Сәбең де сондай елімен бірігіп кеткен бір дене іспетті барлық оқиғаның тынысын жүрегінен өткізіп отырды.  Бұл арада  қызыл, ақ,  коммунист, жәй адам деп бөлудің орыны жоқ. Өйткені өзендей ағып бара жатқан өмірді бөлшектеп бөле алмайсың. Жақсы-жаман – бар қасиеті сол өзен-өмірдің ішінде.  Сондықтан да халық үшін белсенді Сәбең-сынды ұлы жазушыны да  бөліп алу қиын.

С. Мұқановтың еңбекқорлығы соншалықты – ол өзі өмір сүрген әлгі  айтқандай – ұзақ та  күрделі дәуірдің қат-қабат оқиғаларынан бір-біріне  ұласқан толық шежіресін жасап кетті. Кейінгі ұрпақ сол дариядай мол қазынадан өзіне қажетті тақырыптың қайсынан болса да толық мағлұмат алады. Өйткені Мұқанов әлемі болашақ үшін баға жетпес мұра, келер ұрпақ сусындайтын мол дария.  Сәбең өз қолынан таңдамалы 30 томдығын дайындап кетті деген еді Мариам шешеміз, Сәбеңнің қырқын берер алдында жылап отырғандағы  бір әңгімесінде. Эпистолярлық мұра өз алдына көл-көсір.

Әрине, халқының тұрмыс-тіршілігіне көркем туындымен үнемі араласып отыру аса шапшаңдықты  қажет ететіні белгілі. Ал, көркем туынды  ондай асығыстыққа  көне бермейді.  Сондықтан да біз жоғарыда айтып өттік, Сәбеңнің  өзі мойындағанындай “Тыңдағы толқындар” сияқты өзге де үлгеріп қалу үшін жазылған дүниелері бар. Біз жоғарыда  қандай ұлы жазушы болса да жазғанының бәрі бірдей ғажап (шедевр) бола бермейтінін айттық.  Бірақ Сәбит Мұқановтың ұлылығын жоғарыда  атап көрсеткен барша қазақ  қаламгерлеріне үлгі, өнеге, көркем әдебиетте ұлы бастама мектеп болғанын оның туындылары-ақ айқындайды.

Жоғарыда Сәбеңнің атына кір келтіруге тырысқандардың пікірін ғана айттық. Біреудің  атын атап, затын даттап жату бұл тұста ретсіз деп санадық. Сөйтіп біз бұл тұста қазбалап әріге бармай-ақ қойдық. Қанша жала жауып, қанша кішірейтемін дегенмен Сәбең киелі адам ғой – халықтың сүйіктісі болу сол киелілігі мен ұлылығында жатса керек.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға