Жаңалықтар

Ұлы адамдар өмірі: Салихитдин Айтбаев

Суретші Салихитдин Айтбаев өмірінен 10 дерек
Ұлы адамдар өмірі: Салихитдин Айтбаев
22.02.2019 17:25 10654

Ол қазақтың бейнелеу өнерін жаңа биікке көтерді. Кеңес заманы сыншыларының бірі оның картиналарынан ұлтшылдық сарын байқаса,  енді біреуі "Пикассоға еліктеді" деп айыптады. Десе де қайсар мінезді суретші өз стилінен айнымай, сурет өнерінде дара жол салды. "Ұлы адамдар өмірі" айдарында - Салихитдин Айтбаев.  

1. Оны жақындары Қалжан дейтін

Суретші Салихиддин Айтбаев 1938 жылы 15 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген. Кішкентай кезінен ол саздан түрлі мүсіндер жасап, қабырғаға сурет салғанды жақсы көрген екен. Алты жасында Салихитдин қатты ауырып қалады. Бір деректе Қалжан деген бақсы дертіне ем тауып, баланы соның құрметін атап кеткен делінген. Басқа бір естелікте, емші әйел сырқат баланың құлағына “Қала ғой, жаным” деп жиі қайталай берген көрінеді. Ақыры баланың беті бері қарап, дертінен айығады. Содан бері “жаны аман қалған” Салихиддинді ауылдастары Қалжан атап кеткен деседі. Өнердегі жақын достары мен ізбасарлары да оны “Қалжан суретші”, “Қалжан аға” атайтын болған екен.

2. Ақын Мәжит Айтбаевтың немере інісі

Мәжит Айтбаев қазақ әдебиетінде жиі айтыла бермейтін тұлға. Оның өз себебі бар. 1939 жылы 25 жастағы Мәжит әскерге шақырылады. Кеңес одағының батыс шекарасына аттанған ол 1941 жылы неміс солдаттарының қолына түседі. Тұтқында жүргенде Мұстафа Шоқаймен танысып, Түркістан ұлттық комитетінің мүшесі атанады. “Яш Түркістан”, “Милли Түркістан” журналдарын шығаруға ат салысып, “Милли адабият” альманахын жазады. Ол өз шығармаларын “Қобызшы Қорқыт” лақап атымен жариялап отырған. Ал 1943 жылы Берлинде ақынның “Хан Абылай” жыр жинағы жарық көреді. 1945 жылы Мәжит Айтбаев Дрезден қаласындағы бомба жарылысынан мерт болады. Германияда Мәжит аңыз-әңгімелер мен Шоқан Уәлихановтың суретін негізге ала отырып, Абылай ханның портретін салады. Ол портрет жетпісінші жылдары Ғабит Мүсіреповтың қолына түсіп, Қазақ энциклопедиясында жарық көрген. 1993 жылы шыққан 100 теңгелік қағаз ақшада бейнеленген Абылай ханның бейнесі осы энциклопедиядан алынған екен. Бұл Айтбаевтар әулетінің сурет өнеріне деген ерекше ықыласын білдірсе керек.

3. Оны танымал еткен - “Бақыт”

Салихитдин Айтбаев 1961 жылы Алматыдағы Гоголь атындағы сурет училищесін аяқтап, бірден түрлі көрмелерге қатыса бастады. 1965 жылы КСРО Суретшілер одағының мүшесі атанды. Ал 1966 жылы өткен Жас суретшілердің бүкілодақтық көрмесінде Салихитдиннің “Бақыт” картинасы қойылды. Дәл осы картина оның даңқын асырып, сол жылы суретші “Ленин комсомолы” премиясына ие болды. Суретшінің “Бақыт” туындысы қазақ сурет өнеріне жаңа леп келгенінің белгісі еді. Ерекше стильде салынған сурет жас буынның ұлттық стильді қалыптастырудағы ізденісін көрсетті.
2010 жылы Лондондағы Christie`s аукцион үйінің жаңа маусымы Қазақстанның танымал суретшілерінің көрмесімен ашылды. Ал экспозицияның негізгі жұмысы Салихитдин Айтбаевтың “Бақыт” картинасы болды. 2018 жылы Ұлттық банк бейнелеу өнерін дәріптеу мақсатында “C. Айтбаев. Бақыт” коллекциялық монетасын шығарды.

4. “Алпысыншы жылғылар” өкілі

“Алпысыншы жылғылар” - ХХ ғасырдың 60-70 жылдары көпке танылған қазақстандық суретшілердің шартты атауы. Отандық сурет өнеріндегі алғашқы буынының туындылары классикаға негізделген болса, “алпысыншы жылғылар” қазақ бейнелеу өнеріне соны стилді алып келіп, батылдығымен есте қалды. Шығармашылық топ ішінде Салихитдин Айтбаев, Шаймерден Сариев, Тоқболат Тоғызбаев, Еркін Мергенов, Евгений Сидоркин мен Әбдірашит Сыдыханов сияқты талантты суретшілер мен мүсіншілер болды. Олар қазақ бейнелеу өнерінде қалыптасып үлгерген модельді мойындамай, оны өзгертуге тырысты. Ривера, Ороско, Сикейрос сияқты мексикандық суретшілердің картиналары мен фрескаларынан ерекше шабыт алған жас суретшілер өз туындыларына ұлттық колорит қосуға талпынды. Сол үшін де олар аға буынмен жиі келіспей қалатын. Тіпті 1963 жылы оларды “формализмге ұрынды деп” училищеден шығарып жібермек болады. Десе де “қисық, қыңыр мінезді” суретшілер соңына дейін өз ұстанымдарына берік болып, сурет өнерінде ерекше жол салып кетті. “Айтбаев халық өнерінің ерекшелігін көрсетуге бағытталған соны құбылысты алып келді. Ал оның соңынан ерген оншақты суретші шын мәнінде қазақ бейнелеу өнерінде үлкен өзгеріс бастап, тарихта қалар шығармалар сыйлады”, - дейді Байтұрсын Есжанұлы.

5. Суретші шеберханасы

Салихитдин Айтбаевтың шеберханасында сол кезеңнің талантты суретшілер мен архитекторлары жиі бас қосатын болған. Өнер туралы ой толғанып, жаңа жұмыстар талқыланатын. Бірде Ренато Гуттузо Алматыға келіп, Айтбаевтың шеберханасына соғады. Осы жерде танымал италян суретшісі өзінің “Салихитдин Айтбаевтың шеберханасында” картинасын салған. Сондай-ақ Салихитдин Айтбаев тек суретшілермен ғана емес, жазушылармен де жиі араласқан. Жазушы, журналист Әнуар Әлімжанов пен ақын Олжас Сүлейменовтың кітаптарын иллюстрациялаған. Ал Шыңғыс Айтматовтың “Ғасырдан да ұзақ күн” романының алғашқы тұсаукесері қазақстандық суретшінің шеберханасында өткен екен.

6. Жазушы Асқар Сүлейменовпен дос болған

Салихитдин Айтбаев пен Асқар Сүлейменовтің көзін көргендер, олардың рухани байланысы жайлы жиі айтады. Мұрат Әуезов бір естелігінде “Мәскеуден оқып келген бізді (Салихитдин Айтбаев пен археолог Алан Медоев) Асқар Сүлейменов асфальт балалары, шала қазақтар демей, бауырына басып, ағалық ақылын айтып жүретін” дейді. Ал Таласбек Әсемқұлов “Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр” толғамында ұстазы Асқар Сүлейменовпен бірге Салихитдин Айтбаевтың үйіне барған сәтті баяндайды. Сол күні Айтбаев оларға өзінің жаңа картинасын көрсетеді, алайда оны қалай атауды білмей тұрған кезі екен. “Суреттің орта тұсында мазар тұр”, - деп еске алады Таласбек Әсемқұлов, - “Ал сол жақ бұрышында бір адам шарта жүгіне отырған, қолында домбыра. Аулақта ат тұсаулы тұр”. Асқар Сүлейменов суретті әр ракурстан қарап, “Маңырама” (Сыр еліндегі ерекше мақамды жыр түрі) деген атау ұсынады. Сонда Салихитдин “Шіркін, сурет сыншыларының бәрі өзіңдей болса ғой. Бізде өнерді бағалай алмайды, сондықтан суреттер де арзанға сатылады” деген екен. Онысына Асқар Сүлейменов “Кейін бізде де сурет нарығы қалыптасып, сенің шедеврлерің миллион долларға сатылатын болады” деп, досын жұбатады. Қазір суретші жұмыстарының ең арзаны 15-20 мың долларға бағаланады.

7. Қазақтың “Пикассосы”

Салихитдин Айтбаевтың шығармашылығына ерекше әсер еткен екі суретші бар. Олар Пабло Пикассо мен Поль Сезан. Алайда кеңестік академиялық ортада постимпрессионистер жайлы жақсы пікір айтыла қоймайтын. Бірде Салихитдин Айтбаевқа Мәдениет министрлігінен тың игеру тақырыбы бойынша тапсырыс түседі. Көркемөнер кеңесі эскизден бастап барлық кезеңді бақылайтын болса да, Айтбаевтың жұмысына қатысты сын соңына қарай ғана айтылады. Оны “форманы бұрмалап, кубизмге “ұрындың”, Пикассоға еліктедің” деп айыптайды. Мұндай позициядан бас тартуды ескертеді. Айтбаев картинасын бірнеше рет өзгертсе де, ол тұратын үйдің кіреберісінде “пикосист” деп жазба қалдырып кететіндер көбейеді. Сын айтушылардың қатары көп болса да, Салихитдин суретті салып бітіреді. Ақысы төленіп қойған соң, Мәдениет министрлігінің картинаны қабылдаудан басқа амалы қалмайды. Алайда Айтбаевтың “Тың игеру. Түскі ас” туындысы 20 жыл бойы Сурет көрмелері дирекциясының қорында сақталады.

8. Өз ісінің фанаты

Салихитдин Айтбаев ақын-жазушылармен, әртістермен жақсы араласып, әр сала бойынша әңгімелесе алатын адам болса да, сурет өнеріне риясыз берілген жан болған екен. Оның көзін көрген суретші Байтұрсын Есжанұлы “Ол сурет өнерінің фанаты еді. Өмірінің соңына дейін фанат сияқты жұмыс жасады. Біз қасында жүрдік, тәлімін алдық. Басқа іске дәл солай берілгенін көрмеппін”, - деп есіне алады. Сондай-ақ ол картинаны толық түсінбей, жөн-жосықсыз сынай беретін сыншыларды шеберханасына жолатпайтын болған. Ондайларға Салихитдин Айтбаев “Өз деңгейімді өзім жақсы білемін” дейді екен.

9. Әр суретінде астар бар

Оның картиналарындағы басты кейіпкерлер - қарапайым адамдар. Қарапайым болса да, өте айқын. Ал портреттері реалистік стильде жазылған. Сондай-ақ Салихитдин Айтбаевтың графикаға қатты қызыққаны байқалады. Суреттерін ұлттық колоритпен әрлеген суретші сол арқылы туындыларының астарына терең ой салып отырған көрінеді. 1975 жылы Мәскеуде шығатын “Молодая гвардия” журналының жаңа нөмірінде Салихитдин Айтбаевтың “Жас қазақтар” туындысы жайлы сыни мақала жарық көреді. Онда “Танымал казақ суретшісі Салихитдин Aйтбаев “Жас қазақтар” картинасында бірнеше қазақ жігіттеріне бұрынғы қазақ байлары мен феодалдарының киімін кигізіп қойыпты. Автор осы арқылы не айтқысы келді екен?...”, - деп жазылған екен. Сонда қасында тұрған Қали Сәренбай “Сенің бұл картина арқылы не айтқың келгенін біз жақсы білеміз, біреудің сынына мән берме”, - дейді. “Білетін болсаң, ойымды айтшы”, - деген суретшіге, Қали “Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме?...”, - деп Махамбеттің жырын оқып берген екен. Онысына Салихитдин Айтбаев “Дәл таптың, әй!” деп риза болыпты.

10. Салихитдин Айтбаевтың отбасы

Өнерге жан-тәнімен берілген суретші жұбайы Ләззатты тек 47 жасында кездестіріп, отбасын құрды. Алайда 1994 жылы 56 жасында көлік қағып, қайтыс болды. Суретші, өнертанушы Мұхамеджан Әлімбаев “Салихитдин қылқаламына жалған бояу жұқтырмай, хас суретшіге тән сезімталдыққа толы кесек-кесек төлтума тастап кетті” десе, досы Қали Сәрсенбай “Қалыпқа симай кеткен, Қалжан-ай” деп жоқтады. Суретшінің негізгі жұмыстары Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде орналасқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға