Жаңалықтар

Үкіметіміз кімнің мүддесін қорғап отыр? Қожаназаров бидайға енгізілген квота жайлы

Үкіметіміз кімнің мүддесін қорғап отыр? Қожаназаров бидайға енгізілген квота жайлы
Фото: t.me/mazhilis_kz 24.05.2023 14:29 712

Кейінгі үш жылда ауыл шаруашылығы өніміне сегіз тыйым салынып, бес квота енгізілді және екі экспорттық баж салығы болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сарапшылардың бағалауына жүгінген мәжілісмен бұл шешімдер ауыл шаруашылығы саласына 1 триллион теңгеден астам залал келтіргенін алға тартты. Ал оның зардабын отандық кәсіпкерлер көріп отыр дегенді айтады.

2022 жылғы шілдеде Өзбекстаннан келген кәсіпкер қазақстандық бидайдың тоннасын 520 доллардан алуға келісімшарт жасасқан. Сол жылдың тамыз айында бидайға квота енгізіледі де, қыркүйек айында 520 доллардан алуға келісіп отырған кәсіпкер сол бидайды 350 доллардан сатып алған. Бауырлас елден келген кәсіпкер біздің Үкіметке дұғай сәлем мен ерекше рахметін жеткізді. Бұл жерде зардап шеккені – біздің кәсіпкерлер ғана. Сонда Үкіметіміз кімнің мүддесін қорғауда? – деді депутат.

Мәжілісмен экспортты тежеу, соның ішінде өнімді шығаруға тыйым салу қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға немесе азық-түлік бағасының өсу қарқынын төмендетуге әсер етпейтінін айтады. Бұған бағаның еселеп өсуі дәлел деп отыр ол. Сайып келгенде, отандық өнімдер импортталған өнімдермен бәсекеге қабілетсіз болып қалуда. Дүкен сөрелерін Ресей мен Беларусьтен келген азық-түлік өнімдері толтыруда.

Экспортқа шектеулер мен тыйымдар қолданысқа енген соңғы 3 жылдық кезеңде азық-түлік инфляциясының өсуі 50%-дан асты. Мемлекет келтірген 1 трлн шығынды отандық өндірушілер ішкі нарықтағы бағаны өсіру арқылы қайтаруға мәжбүр. Мысалы, күнбағыс дәнін экспорттауға шектеу қабылданған кезеңнен бастап оның бағасы 3 жылда литріне 400 теңгеден 809 теңгеге дейін – екі есе өскен. Экспортқа тыйым салу ішкі өндірістің дамуына кері әсерін тигізіп отыр, - деді депутат.

Қожаназаров премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында аталған мәселені шешуге әсер етеді деген бірқатар ұсыныс жасаған:

- экспортқа шектеу енгізу рәсімін қиындату және реттеу;

- тыйым салу мен шектеу енгізу кезінде кәсіпкерлер үшін жоғалған пайданы өтеу не өнімді нарықтық бағамен сатып алу механизмін қарастыру;

- жедел шара ретінде ведомствоаралық комиссияға салалық қауымдастықтар мен одақтардың өкілдерін енгізу.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға