Жаңалықтар

Үкімет көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтуды ойлауы керек – сарапшы

Үкімет көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтуды ойлауы керек – сарапшы
Фото: Коллаж El.kz 22.11.2023 11:00 3271

Елімізде әлжуаз топтарға жататын 1,2 миллион азамат бар. 600 мың отбасы баспанаға мұқтаж. Республика бойынша 280 мыңға жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасы кезекте тұр. Олардың ішінде 61 мың жетім, 104,2 мың толық емес, 28,1 мың көпбалалы отбасы бар. Экономист, сарапшы Сапарбай Жобаев Үкімет қоғамның бұл тобын баспанамен қамтамасыз ету қажет деп есептейді. Сарапшы оларды тұйық шеңбер ішінде қалдырмай, жеңілдетілген шарттармен баспана беру жағы қарастырылуы керек екенін айтты. Ол жалдамалы пәтер мен қарыздың тауқыметі өткен аз қамтылған топтардың мәселесін шешу жолдарын да атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

El.kz: Сапарбай мырза, жалпы халықтың бас қайғысы – баспана болып тұр. Әсіресе, тапқаны ішім-жемнен артылмайтындар саны күннен-күнге артып бара жатыр. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

Сапарбай Жобаев: Қазір Үкімет бірінші кезекте осы осал топтарды баспанамен қамтамасыз етуді ойлауы керек. Масыл қоғам қалыптастырамыз, бәрі бәсекелестікпен болуы керек десек те, мұндай топтар қолдауды қажет етеді. Олар тұйық шеңбер ішінде қалып қоймауы қажет. Дамыған елдерде де әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударылады. Отбасы банк таратқан ақпаратқа сәйкес, «7-20-25»-ке ұқсайтын бағдарламаны қолға алынып жатыр. Тек пайыздық мөлшерлемесі жағынан сәл көптеу «9-20-25» бағдарламасын шығады. Қазір жастарға берілетін бағдарламр да бар. Уақыт өте келе көпбалалы аналар, жетім, асырушысынан айырылған, аз қамтылған отбасылар да осы тізімге кіреді деп ойлаймын.

El.kz: «9-20-25» әлеуметтік осал топтарға тиімді болады деп ойлайсыз ба? Олардың мұндай шарттармен несие алуға шамасы жете ме?

Сапарбай Жобаев: 9% өте тиімді, осы мүмкіндікті халық пайдаланып қалуы керек. Өйткені нарықтағы несие пайыздары 20-25% шамасында. Ілгеріде өзіміз атап өткен «7-20-25» халық үшін қолжетімді болды. Соның арқасында біраз қазақстандықтар өз баспаналарының кілтін алды. Бірақ көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шыққандар алуы тиіс үйді орта тап өкілдері пайдаланып қалды. Өйткені бұл бағдарлама шартына сәйкес, үйі жоқ кез келген адамға берілді. «9-20-25» арқылы алынатын пәтерлерді, жалдамалы пәтер беретін бағдарламалар мұқтаж адамдарды толық қамтитындай болуы керек.

El.kz: Алдағы уақытта тұрғын үй болсын, көлік болсын несиеге алу қатаңдатылатынын айтып жатыр. Қазақстандықтардың кредитті шамадан тыс пайдалануы жүріп жатыр деген ақпарат көп. Оны беруді қатаңдату шаралары орындалып жатыр. Пайыздық үстемақымен үй алу қиындаса, үй алатын қомақты сомасы жоқ қазақстандықтар қалай үй алады? Осыған экономист ретінде қандай баға бересіз?

Сапарбай Жобаев: Бір жағынан қаржылық сауаттылық пен қаржылық мәдениеттің жетіспейді. Бірақ дамыған мемлекеттерде бәрін несиеге сатып алады. Бірақ ақшасы күнделікті ішіп-жеміне жетпей жатқандардың несиені оңды-солды алуы дұрыс емес. Өйткені несиені жабатын кіріс көзі болуы керек.

Мәселен, баспанасы жоқ адамға оны сатып алуға үшін несие жүгінуге болады. Негізі, осал топтарды біздің Мемлекеттік әлеуметтік қорғау жүйесі қорғауы керек еді. Кедей деп аталатын топ бізде халықтың 6-7%-ын құрайды. Бұл өте көп. Осындай осал топтағы адамдар микрокредиттік несиеге жүгініп, арты әртүрлі келеңсіз оқиғаларға соқтырып жатады. Бұған  микрокредиттік ұйымдардың бақылаусыз кетуі де себеп болды. Оларға біршама уақыт кәсіпкер ретінде статус беріп қойды. Олар сол статусын пайдаланып, білгенін істеді. Оның үстіне, қаржы нарығын реттеу агенттігін комитет етіп, Ұлттық банктың құрамына қосып жіберді. Осыдан кейін олар тек банктерді ғана бақылайтын болып қалды. Ал микрокредиттік ұйымдар, ломбард және басқа шағын қаржылық ұйымдар кәсіпкер ретінде жұмыс істеп, бақылаусыз қалды. Кейін Үкімет осындай қаржылық ұйымдардың қоғамның әлжуаз топтарын қанап жатқанын көріп, Қаржылық нарықты реттеу ұйымы агенттігін құрып, қайта бақылауға алды.  Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова пайыздық мөлшерлемені 56%-ға түсірді. Кезең-кезеңімен 44%-ға дейін түсіру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жақсы нәтижесін береді деп ойлаймын. Несие алу мәселесін реттеу үшін «Жеке азаматтардың банкроттығы» деген заң шықты. Бірақ қазақстандықтардың көпшілігі осы банкроттыққа өтіп алуды жоспарлады. Мұндай көзқарас дұрыс емес. Өйткені банкроттықты алған адам жартылай бас бостандығынан айырылған адам сияқты. Көп құқықтары шектеледі. Кейін 5 жыл несие ала алмайды. Жеті жыл табысы бақылауда болады. Сондықтан оған қатты құмартудың қажеті жоқ. Енді басты мәселеге келейік, осындай қарызға қатты кіріп кету ненің көрінісі? Бұл Үкіметке осал топтардың тым жұтап кеткенін көрсететін дабыл болуы керек. Осы осал топтағыларға жәрдемдесу үшін Үкіметтен 5-6 триллион ақша бөлінеді. Қаржыны тыңғылықты, әділетті жеткізу мәселесі бізде әлі шешілмей жатыр. Міне, осы себептен де тұрғын үймен қамтамасыз ету жемқорлықтың салдарынан жетер жеріне жетпей жатыр. Айналып келгенде, барлығы әділетті билік, әділетті қоғам, әділетті сайлау, әділетті саясатқа келіп тіреледі.

El.kz: Халық пен мемлекетке бірдей тиімді тұрғын үй бағдарламасы қандай болуы керек?

Сапарбай Жобаев:  Бізде тұрғын үй нарығындағы негізгі қозғалыс мемлекет қолдауымен жасалып отырған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары есебінен жасалып отырды. Бұл бағдарламаны қолдау үшін Ұлттық банктен қаржы бөлінді. Отбасы банктың басқа да бағдарламалар болды. Сол жүйеде 2021 жылы зейнетақы қорындағы азаматтардың ақшасын пайдаланып, үй алуға да рұқсат берді. Осы нәрселер біздегі тұрғын үй нарығын дамытып, қозғалысты күшейтті. Ұлттық банктың бөлген ақшасы таусылып қалып еді, қозғалыс тоқтап қалды. «7-20-25» неге тоқтап қалды? Ол әрі қарай өз айналымымен жұмыс істеуі керек еді. Ол үшін қарыз алушылар алған қарызды қайтаруы керек. Қайтару жағы күрделі болып тұр. Қарыз алушыларды қарызды ертерек қайтаруға ынталандыратын механизмдерді іске қосса, тиімділігі болуы мүмкін. Сол кезде «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспанасыз жүргендердің мәселесін шешуге болар еді. Ал енді жалпы нарықққа келсек, оны дамыту үшін өзгеріс керек. Бүгінгі күнде Қазақстандағы қайта қаржыландыру 16% боп тұрғаннан кейін көп коммерциялық банктер ашық нарықта 20-25%-ға қойып жатыр. Бұл халыққа тиімсіз. Әрбір 3-4 жылда екі есе соманы қайтару керек. Қайта қаржыландыру несиесін 10-12%-ға түсіріп, коммерциялық банктерді15%-бен несие беруіне мүмкіндік берілсе, тұрғын үй нарығы қайтадан дами бастайды.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға