Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанды. WTA US Open-2026 турнирінен кейін әлемдік рейтингті жаңартты. Қазақстандық теннисші 9901 ұпаймен көш бастады. Ал бұған дейін бірінші орында тұрған Арина Соболенко 7875 ұпаймен екінші орынға түсті.
Рыбакина үшін шешуші болған турнир – US Open. Қазақстандық теннисші жарыстың жартылай финалына шыққаннан кейін-ақ рейтингтің бірінші сатысына көтерілетінін қамтамасыз етті. Кейін ол турнирді де жеңіспен аяқтады. Финалда Рыбакина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен ұтты. Бұл – Еленаның US Open-дегі алғашқы чемпиондығы әрі «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші жеңісі.
Рыбакина Қазақстан тарихына да енді. Ол ерлер мен әйелдер арасындағы қазақстандық теннисшілердің ішінде әлемдік жекелей рейтингте бірінші орынға көтерілген алғашқы спортшы атанды.
«Тым бойшаң»
Елена алты жасқа толғанда оған үлкен спорттың жолы жабық сияқты көрінген. Бойы тым ұзын еді. Гимнастика мен мәнерлеп сырғанауда мұндай дене бітімі артықшылық емес деген түсінік болды. Сол кезде әкесі қызын тенниске алып келді.
Кейін спортта кемшілік саналған бойы Рыбакинаның басты артықшылықтарының біріне айналды. Алайда кәсіби теннис үшін физикалық қабілет пен таланттың өзі жеткіліксіз.
Теннис – әлемдегі ең қымбат жекелей спорт түрлерінің бірі. Жаттықтырушылар, ұшақ билеттері, қонақүйлер, оқу-жаттығу жиындары, турнирлерге қатысу – мұның бәрі қомақты қаражатты қажет етеді. Спортшы әлемдік элитаға кіріп, жоғары жүлде қоры бар турнирлерден тұрақты табыс таба бастағанға дейін оның мансабы көбіне осындай мүмкіндіктерге тәуелді.
Бұл мәселе Рыбакинаның алдында да тұрды. Кәмелет жасына қарай жас теннисшіге таңдау жасауға тура келді: кәсіби спортты жалғастыру ма, әлде басқа жолды таңдау ма?
Қазақстан берген мүмкіндік
2018 жылы жас теннисшіге Қазақстаннан қолдау ұсынылды. Рыбакина Қазақстан азаматтығын қабылдап, еліміздің атынан жарыстарға қатыса бастады.
Ол кезде Елена бүгінгідей әлемдік жұлдыз емес еді. Уимблдондағы жеңіс те, Australian Open финалы да, миллиондаған жанкүйер де болған жоқ. Әлемдік рейтингте де қазіргі деңгейіне жете қойған жоқ. Қазақстан перспективалы жас теннисшіге сенім артты. Кейін бұл таңдау өзінің дұрыстығын дәлелдеді.
2022 жылы Рыбакина Уимблдонда жеңіске жетіп, Қазақстан атынан «Үлкен дулыға» турнирін жеңген алғашқы теннисші атанды. Финал оның пайдасына оңай басталған жоқ еді. Елена алғашқы сетте Онс Жаберге 3:6 есебімен жол берді. Бірақ кейін қазақстандық теннисші қатарынан екі сетте 6:2, 6:2 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Елена кейін Уимблдондағы жеңісінен соң да бұл жетістіктің кездейсоқ болған-болмағанына күмәнданғанын айтқан.
Келесі маусым бұл сұраққа нақты жауап берді. Australian Open финалы, Индиан-Уэлс пен Римдегі жеңістерден кейін Рыбакинаның жетістіктерін кездейсоқтық деп түсіндіру қиындай түсті.
Жеңістер, жарақаттар және қайта оралу
Рыбакинаның мансабы үнемі жоғары қарай өрлеген жоқ. Үлкен жеңістерден кейін жеңілістер де болды. Денсаулық мәселелері оны маңызды турнирлерді өткізіп жіберуге мәжбүр етті.
Әсіресе 2024 жыл ауыр кезеңдердің бірі болды. Теннисші Индиан-Уэлстегі титулын қорғай алмады. Денсаулығына байланысты Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартты. Ауыр бронхиттің салдары Торонто турниріне қатысуына кедергі келтірді. Кейін арқа жарақаты туралы да белгілі болды. Соған қарамастан, сол маусымда Рыбакина Уимблдонның жартылай финалына дейін жетті.
Телекамералар көбіне үлкен теннистің бірнеше сағатын ғана көрсетеді: матч, кубок, қошемет, жүлде. Ал спортшының шынайы жолы бұдан әлдеқайда ұзақ. Жылдар бойғы жаттығу, құрлықтан құрлыққа ұшу, қалпына келу, қайтадан жаттығу және жарақат пен жеңілістен кейін кортқа қайта шығу – мұның бәрі чемпиондықтың көзге көрінбейтін бөлігі.
Рыбакина да сыртқы даңққа ұмтылатын спортшы емес. Ол корттан тыс жерде шоу жасауға тырыспайды, өзін медиалық жұлдыз ретінде қалыптастыруға ерекше мән бермейді. Бірақ кортта ол жылдар бойы бір жұмысты қайталап келеді: жаттығу, күресу, жеңілу, қайта оралу және тағы да жеңіске ұмтылу.
Сондықтан жаңа әлемнің бірінші ракеткасының тарихында символдық бір нәрсе бар. Бәрі алты жасар қыздың «спортқа тым бойшаң» деген бағасынан басталды. Кейін кәсіби мансабын жалғастыруға қаражат жете ме деген күмән, Қазақстанға ауысу, Уимблдондағы тарихи жеңіс, жарақаттар мен аурулар, жеңілген финалдар, қайта оралу, Australian Open және ақырында әлемдік рейтингтің бірінші сатысы.
US Open-2026 ширегінен кейінгі баспасөз мәслихатында Рыбакина Қазақстандағы бұл жетістіктің қалай қабылданатынына қызығушылық білдіріп, елімізді таныстырып жүргенін мақтан тұтатынын айтты.
Қазақстанға барған сайын, қай қалаға барсам да, тенниспен айналысып жүрген балаларды көп көремін. Корттарға барған сайын жаңа балалар қосылып жатыр. Қазір көптеген жас спортшылардың саған қарап бой түзейтіні керемет. Бұл бір нәрсені дәлелдейді: өзіңе сеніп, көп еңбек етсең, бәрі мүмкін, – деді Рыбакина.
Біз бұған дейін Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінде қанша табыс тапқаны туралы жазған едік.