Жаңалықтар

Тылдағы Ақмола

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске майдангерлермен қатар еліміздің тыл еңбеккерлері де үлес қосты. Солардың қатарында Ақмола өңірінің халқы да майдан үшін күн-түн демей ұйымдаса-ұжымдаса еңбек етті.
23.02.2015 03:25 8325

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске майдангерлермен қатар еліміздің тыл еңбеккерлері де үлес қосты. Солардың қатарында Ақмола өңірінің халқы да майдан үшін күн-түн демей ұйымдаса-ұжымдаса еңбек етті.

Тылдағы Ақмола

Соғыс  қарсаңында Ақмола қаласында 6 өндіріс орны болды. Оның үшеуі  республикалық деңгейдегі, үшеуі жергілікті маңызы бар өнеркәсіп және бір кооператив еді. Небары 32 мың тұрғыны бар шағын қала мен облыстың бүкіл шаруашылығы алғашқы күндерден бастап соғыс жағдайына бейімделуге кірісті. Майдан мен тыл қажетін өтеуге жарайтын облыс аумағындағы пайдалы қазбалар мен шикізат көздері анықталып еске алынды.

Соғыс кезіндегі Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесіндегі Жоспарлау комитетінің Ақмола облысына қатысты деректерінде мынадай мәліметтер көрсетілген:

«Ақмола мен Атбасар, Вишневка, Шучье өңірінде 55 пайдалы қазба орындары бар. Олардың қатарында күміс, қорғасын, барит, торф кені кездеседі. Сонымен қатар, облыс көлемінде алебастр, мәрмәр, гранит, әктас (известняк), ақ балшық, жұмыр тас (бутовый камень) және кварц құмы (Түрксиб теміржолының №64 разъезі маңында деп көрсетілген – авт.) сияқты табиғи ресурстардың шоғырланған. Қажет жағдайда осы табиғи ресурстарды қорғаныс өнеркәсібіне және шаруашылыққа пайдалануға болатындығы жайында жоғарыға ұсыныс тасталған.

Облыс аумағында орналасқан өндіріс орындары Қызыл Армияны және халық шаруашылығы салаларын керек-жарақпен жабдықтауға түгелдей бет бұрды. Айталық, Шортанды поселкесіндегі бұрын мебель жасайтын комбинат енді майданға қажетті арбалар шығаруға бейімделді.

1941 жылы тамыз айында Ақмолада жексенбілік ұйымдастырылып,  теміржолшылар 4 паравоз, 3 вагон және 19 шақырым теміржолды тегін жөндеді. Үй шаруашылығындағы  әйелдер мен мектеп оқушылары майдан қорына 90 тонна металл сынықтарын жинап өткізді.

Облыс азаматтары жинаған ақшалары мен қымбат заттарын Отан қорғау қорына өткізді. Сол қаражаттан майданға КСРО-ның әскери зауыттарында жасалып шыққан Т-34 танкілерінен құралған «Акмолинский ударник» колоннасы жасақталды. Оның сыртында, Қызыл Армия жауынгерлері үшін 100 вагон түрлі сыйлықтар, жылы киімдер мен азық-түліктер жөнелтілді.

Тұтқиылдан шабуылдаған неміс-фашистері басып алуы мүмкін батыс өңірлердегі маңызды өндіріс орындарының біразы елдің ішкері жағына, соның ішінде Ақмола өңіріне де эвакуацияланды. Соның арқасында соғыс жылдары Ақмоладағы кәсіпорындар көлемі 2,5 есе өсті. Облыс аумағында одақтық маңызы бар бірнеше зауыттар салынды.

1941 жылдың күзінде Украинаның Мелитополь қаласынан станок жасау зауыты көшірілді. Зауыт құрал-жабдықтарымен бірге қалаға 165 инженер техник пен  маман жұмысшылар ауып келді. Алғашында орын тапшы болып, зауыт Педагогикалық училище ғимаратына, облыстық атқару комитетінің гаражына, Облыстық транспорт одағы шеберханасына және Ауыл шаруашылығы механизациясы мектебі ғимарттарына бөлек-бөлек орналастырылды. Станоктар оқу кабинеттеріне, дәліздерге, спорт залға қойылды. Зауыт директоры болып тағайындалған Н.А.Муравьев жұмыс істеуге қала тұрғындары молынан тартты. Солардың қатарында М.Құсайынов, Н.Г.Абдуллин, А.П.Романенко, Қ.Мұсабеков және басқа да жүздеген ақмолалықтар бар еді.

 Зауытты тез арада іске қосу үшін қалалықтар күндіз-түні бірнеше ауысыммен жұмыс жүргізді. Көз ұзамай, сол жылдың 15 қарашасында зауыт майданға қажетті алғашқы өнімін шығара бастады. Қажет кезінде облыстың  ауыл шаруашылығына қажетті құралдар шығару мен жөндеу жұмыстарына да көмектесті. Зауыт ұжымы әр жыл сайын жоспарды уақытынан бұрын және асыра орындап республикалық Құрмет тақтасына жазылып, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің Көшпелі туын бірнеше рет жеңіп алды. Зауыт атауы бірнеше рет өзгерді, алғашқыда «ОГПУ атындағы зауыт», кейін «№317 зауыт» деп аталды. Соғыс аяқталған соң вакуумды насос шығаруға бейімделіп қайта құрылды да, 1959 жылдан бастап «Насос зауыты» (қазіргі С.Сейфуллин мен Ш.Уәлиханов көшелерінің қиылысында орналасқан «Целингидромаш» зауыты – авт.) деп атала бастады.

1942 жылы көктемде қалада ауылшаруашылық машиналары мен қосалқы бөлшектер жасайтын зауыт салу қолға алынды. Өйткені, республиканың ұжымшарлары мен кеңшарлары ауылшаруашылық техникаларына зәру болатын. Соғыс жүріп жатқандықтан бұрынғыдай басқа республикалардан техникалар мен қосалқы бөлшектер әкелу мүмкін емес еді. Сондықтан, қалада орналасқан «Сельхозтранс­порт» автошаруашылығы базасында жаңа зауыт салу басталып кетті. Зауыт құрылысына Ақмолаға көшірілген «Ростсельмаш», киевтік «Арсенал», Таганрог қаласының комбайн зауыттарының цехтары пайдаланылды. Жұмыскерлер жылытылмайтын цехтарда еңбек етсе де, қиындыққа төзіп жос­парларын уақытында орындап отырды.

Зауыт директоры болып Челябинск компрессор зауытынан жіберілген М.Н.Шнурков бекітілді. Зауыт құрылысына облыс шаруашылықтары 60 өгіз, 40 жылқы, 2 трактор бөлді. Барлық ауыр жұмысты әйелдер мен әскер жасына жетпеген жасөспірімдер атқарды.

Сөйтіп, Ақмолада 1943 жылы екінші ірі зауыт – «Казахсельмаш» зауыты (кейін «Целинсельмаш» аталды, қазір ол Астана қаласы теміржол бекетінің арғы бетінде, «Жас ұлан» әскери мектебі жанында –авт.) салынып, алғашында снаряд пен миналар жасап, кейін негізгі өнімі-егіс даласы үшін  «Зиг-заг» деп аталатын тырмалар мен ауылшаруашылық машиналарының қосалқы бөлшектерін шығара бастады. Бір жылдан соң зауыт КЛ-5 (Клейтон) деп аталатын веялка шығаруды игерді.

Соғыс жағдайына бейімдеп, Ақмола темір жол  желісінің пойыз өткізу қабілеті едәуір арттырылды. Бұл жаңа жолдардың құрылысы мен паравоз паркінің қайта жасақталуы есебінен жүзеге асты.

Ақмола теміржолшылары да соғыс кезінде қажырлы еңбек етіп, майдан қажетін өтеп отырды. Олар 76 паравоз бригадаларына бірігіп, республика және одақ көлемінде майданға және шаруашылыққа қажетті құралдарды және заттарды жеткізіп отырды. Ақмола теміржолшылары «ФД» және «СО» сияқты жаңа паровоздар алды. Соғыс жылдары өндіріс пен транспортта жалпы өнім 4 есе өсті.

Соғыс кезінде ер азаматтардың басым бөлігі майданға алынған соң, олардың орындарын әйелдер мен жасөспірімдер басты. Қала бойынша 2834 әйел өндірістік жұмыстарға тартылды. Көпшілігі қысқа мерзімді курстарда оқып, мамандық игерді. Ал «еңбек армияларына» облыстан 32 мың еңбекке жарамды адам аттанды. Соғыстың төрт жылында ақмолалықтар мемлекетке 32,2 млн пұт астық тапсырды. Соғыстан бұрынғы жылдармен салыстырғанда облыс еңбеккерлері ауылшаруашылық өнімдерін 2 есе көп өндірді.

Ақмолада соғыс жылдары шыны жасау және вагон жөндеу кәсіпорындары салынды. Он алты жергілікті өндіріс орны мен кооперативтер іске қосылды. Оларда 3 мыңға жуық адам еңбек етті.

1942 жылдың шілде айында республика «осоавиахимшылары» «Қазақстан осоавиахимы» танк колоннасын жасақтауға қаржы жинау туралы бас­тама көтерді. Қозғалыс белсенділері Ақмола ауданының «Талапкер» кеңшары және Сталино-Магнитогорск теміржолшылары арасынан шыққан болатын. Осылайша, Ақмола «осоавиахимшылары» республикада бірінші болып танк колоннасын жасақтауға 1 млн 230 мың сом қаржы жинады.

 «Қазақстан авиаэскадрильясын» жасақтауға жиналған 9 млн 579 мың сом ақшаның 1 млн сомын да ақмолалықтар жинап берді. Соғыс жылдарында Қазақстан еңбекшілері отан қорғау қорына 4,7 млрд сом қаржы жинаса, оның ішінде Ақмола облысы тұрғындарының үлесі 700 млн 638 мың сом болды. Ақмолалықтар 172 млн 165 мың сомның заемына жазылып, ақшалай-заттай лотерея арқылы 28 млн 431 мың сом көмек көрсетті. Ақмола облысының Қорғалжын ауданының «Қайырлы» кеңшарының төрағасы Қайыржан Ыбышов пен Ақмола ауданының «Оразақ» кеңшарының төрағасы 100 мың сомнан қорғаныс қорына ақша берді. Қала тұрғындары да ел қорғанысы қорына қаржы жинады. Танк колоннасы мен авиаэскадрилья жасақтау үшін Ақмола тұрғындары 3 млн 719 мың рубль жинады, ал ақшалай лотереялар  5 млн 666 мың рубльге сатылды.

Жау әскері Кеңес Одағының астықты аймақтарын басып алғаннан кейін Ақмола өңірінің ауыл шаруашылығы да майданға қажетті өнімдер өсіруді барынша ұлғайтты. Картоп, көкөніс, бидай егістерінің көлемі арттырылды. Қызыл Армия жауынгерлері үшін егіс даласына жаңа мәдени дақыл – махорка екті. Жанкешті еңбек арқасында Ақмола өңірі 4 жылда мемлекетке 32,2 млн пұт астық, 24,5 мың тонна ет, 59,4 мың тонна сүт тапсырды.

Қиын жағдайға қарамастан қаланың мәдени өмірі де тоқтаған жоқ. Тұрғындардың мәдени рухани қажеттіліктерін өтейтін мекемелер жұмыс жасап тұрды. Мектептер бала оқытуды жалғастырып жатты. Қайта керісінше, мәдениеттік, әлеуметтік нысандардың қатары толықты.

1943 жылы Ақмолада облыстық драма театры ашылып, оның қазақ бөлімі құрылды. 1944 жылы наурызда Ақмолада бірінші рет ақындар айтысы өткізілді.

Ақмола тұрғындарының саны сырттан көшіп келушілер мен эвакуцияланған халық саны есебінен өсе түсті. Қала халқы соғыстың аяғында 80 мыңға  жетті. Соғыс уақытында Ақмола өңірі күштеп көшірілген халықтарды қабылдау орны болды. Бірінші жылы Ақмола облысына 68,5 мың адам көшіп келді және олардың басым бөлігі облыс орталығына тұрақтады. Қалалық билік арнайы көшірілгендердің еңбек және шаруашылық тұрмыстық орналасуы мәселелерін жедел шешті.

Ақмола соғыс кезінде майданнан ауыр жараланып келген жауынгерлерді емдеу орнына айналды. Олар үшін жаңа ауруханалар, оның ішінде Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған емханалар ашылды. Осылайша №1600 және №3006 эвакогоспитальдар пайда болды. Атбасарда №3006, Сталин ауданында (қазіргі Ақкөл-авт) №1344 госпитальдар жаралыларды емдеді. Атбасар госпиталында тұтқынға түскен неміс жауынгерлерін де емдеген.

Дәрігерлер мен медбикелердің көмегі арқасында Ақмолада емделген мыңдаған жауынгерлер өлімнен аман қалды. Қала тұрғындарының иығына соғыс мүгедектері және әкелері, отағасылары, ұлдары соғыста қаза тапқан әскерилердің отбасыларына материалдық және психологиялық көмектерін аямады.

Қазақстанның барлық өңірлері сияқты адамзатқа қауіп төндірген соғыс жылдарында Ақмола қаласы мен облысы тұрғындары барлық күш-жігерлерін майданға көмек беруге жұмсап, герман фашизмі және жапон милитаристерін жеңуге осылайша өз үлестерін қосты.


Дүйсен СЕЙІТҚАЛИ,

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкеріпедагогика ғылымдарыныңкандидаты

Мақала «Астана ақшамы» газетінің сайтынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға