Жаңалықтар

Түзеу мекемесінде де дінаралық татулық бар

Дін және қоғам
Түзеу мекемесінде де дінаралық татулық бар
30.06.2017 16:14 2426

Түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер арасында дінаралық татулықты сақтау мақсатында Астана қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен маңызды шара өтті.

Темір тордың ар жағында өткен кездесу түзеу мекемелерінде жазасын өтеуші сотталушыларға теріс ағымдардың зиянды тұстарын түсіндіру және оған қарсы тұру иммунитетін қалыптастыру мақсатында өтті.

Дін істері жөніндегі басқарма мамандары осы жолы ЕЦ-166/10 Түзеу мекемесіне барды. Меймандар түзеу мекемесінің ғимаратын аралап, ондағы жазасын өтеушілердің жағдайларымен, мұндағы теолог, психолог кабинеттерімен танысты.

– 2011 жылы «ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданып, осы құжат аясында діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтті. Қазір елімізде дінаралық татулықтың тамаша үлгісі қалыптасқан, осындай татулығымызды басқаларға үлгі болуы тиіс, - деді Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Данияр Есин.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүздесудің мақсаты  – түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілер арасында дінаралық татулықты сақтау, деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алу, теріс ағымдардың зиянды тұстарын түсіндіру және оған қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру.

«Дін – ол шынайы қарым-қатынас. Судың да сұрауы бар демекші біз әрбір ісімізге жауап береміз. Сондықтан қандай дін өкілі болса да, оған деген қарым-қатынасымыз дұрыс болуы тиіс. Ислам дінінде дінаралық татулыққа аса мән береді. Дін мәселесі бойынша сауаты болмаса, қарапайым халық түрлі деструк­тивті діни ұйымдар жетегінде кетуі мүмкін. Деструктивті ағымдардың кері әсерінен еліміздің тұрғындарын қорғап қалудың өте тиімді әрі нәтижелі жолы – ақпараттан­дыру», - дейді «Нұр-Астана» орталық мешітінің наиб имамы Әділхан Серікбай.

Рим-католик шіркеуінің епискобы Томаш Петта Бернард: «Бұл шара өте пайдалы әрі ортақ үйіміз Қазақстанның бір бөлшегі болған Сіздердің уақытша үйлеріңіз, яғни осы мекемедегі жағдайларыңызбен толықтай таныстық, осындай жағдай туғызып отырған мекеме басшылығына алғысым шексіз, бұдан былай жиірек келіп кездесу өткізіп тұруға тұруға уәде беремін», - деді.

Православ шіркеуінің өкілі, Астана қаласының Серафим-Саровский храмының архимандриты Иоасаф әкей жазасын өтеушілерге ай сайын келіп тұратынын, дінаралық татулықтың маңыздылығын түсіндіретінін айтты.

Бұл шара Астана қаласының әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестің жұмысы аясында ұйымдастырылды. Болашақта осындай кездесулер жүйелі түрде өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға